Жәдігер • 08 Ақпан, 2024

Жамбылдың домбырасы

289 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

– Біздегі музейде Жамбылдың домбырасы сақтаулы тұр, – деді бірде жалағаштық әріптесім Нұрсұлтан Қазбеков.
– Рас па? Кәдімгі Жамбыл Жабаев па?!
Дүдәмалдау көзқарасымды көріп, «осы шынымен сенбей отыр ма?» дегендей көзілдірігінің астымен сүзіле қарады.
– Рас. Менде толықтай мәлімет те бар. Сенбей отырсың-ау, апарып көрсетейін.
– Ойпырмай, жарылып кетпей, осындайды қалай ішіңе жиып жүресің, – дедім күліп. Шынымен, сөйлеуі қиын, біртоға жігіттен осындай ақпарат алғаныма қатты қуанғанмын. Өз-өзіме риза кейіппен, шұғыл түрде Нұрекеңді асықтыра музейге қарай тарттық...

Жамбылдың домбырасы

Құрылғанына 25 жыл уақыт болған Қызылордадағы Жалағаш ауданының тарихи-өлкетану музейінде 8600 экспонат бар. Бұның бәрі, яғни, өңір тарихы мен мәдениеті, осы өлкедегі ежелгі шаһарлар, жергілікті халықтың өнерінен сыр шертетін мұралар екі зал мен көркемсурет галереясында орналасқан. Егер сіз хронологиялық ретпен қойылған экспонаттарға үңіле қарап, шынымен түйсініп көрсеңіз, үнсіз, сілтідей тынған мұндағы тұтастай тарихты байқайсыз. Іші кең, ауқымды мұндай залда Жалағаш жеріндегі миллиондаған жылдан бергі (археозой эрасы мен мезозой дәуірінің бор кезеңінен) геологиялық тарихынан бастап, бүгінгі уақытқа дейін шежіреден сыр шертер, ата-баба қолынан шыққан қолөнер бұйымдары, түрлі дәуір оқиғаларының куәсі болған құнды құжаттар тұр. Сыр бойына белгілі би-батырлардың тұтынған заттары, берірек келсеңіз, кеңес заманы мен Тәуелсіз Қазақстан тұсындағы жалағаштықтар жеткен жетістіктер. Мәдениет пен түрлі шаруашылықтың тасын өрге домалатқан қайраткерлер дүниесі. Көзбен көріп, көңілмен ұғынсақ, мұның бүгінгі ұрпаққа зор тәрбие екені даусыз нәрсе ғой.

Қош. Тақырыпқа ойыссақ. Аудандық музей қорында бірнеше домбыра сақтаулы тұр екен. Солардың ішінде Жамбыл Жабаев пен оның немересі Әлімқұлдың тұтынған домбырасы да бар екеніне Нұрсұлтанға еріп келген менің көзім анық жетті. Жамбыл Жабаевты бар қазақ таниды. Ал жоғарыда айтылған немересі Әлімқұл жайлы бұрынғы буын білсе де, бүгінгі жастарға ол есім бейтаныс. Әлімқұл Тоққұлыұлы Жамбылов 1927 жылы қазіргі Алматы облысы Жамбыл ауданында дүниеге келген. Бала кезінен Жамбыл атасының тәлім-тәрбиесін көріп өседі. Өз замандастары Манап Көкенов, Надежда Лушникова, тағы да басқа айтыс­кер, ақын-жыраулармен сөз додасына түскен тұлға. Атасы Жамбыл мен қазақтың басқа да ақын-жырауларына арнап көптеген толғау жазған Қазақстанның халық ақыны. Тектінің ұрпағы жарты ғасырдан астам мәдениет саласында еңбек етіп, 2015 жылы өмірден озды. Қысқаша айтсақ, осы. Айтпақшы, мұндай құнды дүние Жалағаш топырағына қалай келген? Қайдан келген? Әріптесім екеумізге музейдің ғылыми қызметкері Марат Шөмекей жыр алыбы тұтынған жәдігердің сырын толықтай айтып берді.

– Бұл домбыраны Әлімқұл Жамбылов жерлесіміз, ғалым, фольклортанушы Мардан Байділдаевқа 1982 жылы Қармақшы ауданында ұйымдастырылған республикалық айтыста сыйға тартыпты. Домбыраны музей қорына Мардан Байділдаевтың қызы Жанат 2006 жылы өткізген. Аталған домбыраны кезінде ақын-жырау Жамбылдың өзі ұстаған көрінеді. Атасы тартқан домбыра шанағынан басқа бөліктерінің барлығын немересі Әлімқұл қайта жөндеп, қалпына келтірген, – дейді Марат Шөмекей.

Қасиет қонған домбыраны қолға абайлап алып, ұстап көрдік. Жыр алыбының аспаптың шанағы қатты ағаштан тұтас шабылған сияқты. Музей қызметкерінің айтуынша, музыкалық аспап жетісулық үлгіде жасалған. Шанағы ұзын, бесбұрышты, мойынтұғыр жағы сүйірлеу, түйметұғыр жағы төртбұрышты, екі бүйірі түйметұғыр тұсынан бастап жоғарыға қарай сәл кеңейіп, мойынтұғырына қарай қайта тарыла түскен. Мойны жіңішке әрі ұзын. Арқасы үшкірлі әрі дөңес. Шанағының беті қарағаймен, ал қапсырма беті жұқа тақтайшамен жабылыпты. Дыбыс ойығы адам шынашағының ұшы сиярлықтай ғана. Құлақ тесіктері қос шектің ара­қашықтығына ыңғайланып, сәл ғана қиғаштау орналасыпты. Құлақтары мен түйметығырығы ағаштан жасалған.

Міне, музейдің басты құндылығының бірі болған Жамбыл бабамыздың домбырасы Жалағаш жеріне осылай жеткен. Ұлттың ұлы мұрасын ұлықтаған Сыр бойына бұл ұлттық аспаптың орны тым ерекше. Мұндай қасиетті жәдігерлер өткен тарихты болашаққа жеткізуші құнды дереккөз болып қала береді.