Қоғам • 08 Ақпан, 2024

Ономастикадағы оң қадам

206 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Заманында тыңның эпи­центрі атанған өңірдің өңі ұзақ жылдар бойы кеңес­­­­тік кезеңнің кеса­па­тын айғақтап тұрған. Сең қозғалғанымен, сер­піліс нәзік. Өз еліңде, өз же­рің­де жүргеніңмен, ірге­дегі са­мсаған сары ор­ман­ның ішінде жүрген­дей бо­ла­тынсың.

Ономастикадағы оң қадам

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Пенденің пейілі дегенді қойсаңызшы, ономастиканың тым нәзік мәселе екенін түй­сінгеннен болар, кейде орынсыз өкпе айтылатын тұстары да болады. Ел тәуелсіздігін алып, ес жиып, жоғымызды іздеп жатқан тұста Володаровка селосының атауын өзгертуге байланысты өткізілген жиналысқа қатыс­қанымыз бар. Теп-тегіс жерден ши шығарғысы келген керауыздың «Содан сиырдың сүті көбейіп кете ме?» деп сауал қойғаны бар. Өзге уәжі болмағандықтан. Кейін табылды. Володаровскийіңіз ақ қашып, қызыл қуған аласапыранда осы өлкеде дәм-тұзы таусылып, жаны жай тапқан Колчак әскерінің солдаты болып шықты. Бұл жерге еш қатысы жоқ. Иненің жа­суындай еңбегі сіңбеген. Мұндай мысал жетіп-артылады. Зеренді ауданына қарасты Еленовка елді мекенінің атын өзгертуге байланысты өткізілген жиында да бірқыдыру әңгіме айтылған. Ақыры Самалтау деп аталатын болды. Тарихи атауы. Ән болып есіп тұрған жоқ па?.. Бұл төңіректі жайлаған кез келген ұлттың өкілі тілін сындырмай айта алады.

Идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулары бар елді мекендер мен олардың құрамдас бөліктерін қайта атау жөніндегі 2022–2025 жылдарға арналған республикалық Жол картасында өңірге қойылған талаптар негізінде ескірген атауларды тарихи атаулармен алмастыру жұмысын жүйелі жүргізу мақсатында өңірлік Жол картасы әзірленді. Көкшетау, Қос­шы, Степногор қалалары мен 17 аудан әкімдіктері жаны­нан құрамында ел ағалары, ға­лымдар, ономастика сала­сы­ның мамандары бар жұмыс топ­тары құрылды. Олар өңір­дегі айрықша мәнді тарихи деректерді зерделей зерт­теп, уақыт шымылдығы көле­гей­леген мазмұнды атауларды қай­та жаңғырту ниетінде. Тари­хи және дәстүрлі атауларды қалпына келтіру – әділдік. Міне, осы тарапта өз ұсыныстарын айтып, әр сөзді дерек-дәйекпен шегелеп, пысықтау жұмыстарымен айналысып келеді.

«2023 жылдың 28 сәуірінде облыстық ономастика комис­сиясы Ақкөл, Астрахан, Бу­ра­бай, Зеренді, Целиноград аудан­дарының әкімдіктері ұсын­ған бірқатар мәселені қа­рас­тырып, бір ауылдық округ, үш ауыл және 41 көшені қайта атауға оң қорытынды берді, – дей­ді облыстық ішкі саясат бас­қармасының тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Айгүл Талпақова. – Қо­рытынды негізінде қолданыс­тағы заңнамаға сәйкес тиісті жұ­мыстарды атқару үшін аудандық әкімдіктерге жолданды».

Ономастиканың біртіндеп оңалып келе жатқандығын бұл тараптағы жұмысқа байланыс­тырып айтуға болады. Өткен жылдың маусым айында респуб­ликалық ономастикалық комиссия Көкшетау, Қосшы, Степногор қалаларының 33 көшесінің атауын өзгертуге оң шешімін беріпті. Алдағы уақытта тиісті заңнамаларға сәйкес әділет органдарында тіркеу жұмыстары жүргізіледі. 2023 жылы облыс аумағында 9 ауыл, 3 ауылдық округ, 58 көшені қайта атау туралы шешім шығып, әділет органдарына тіркелгендігін айтсақ, өңірдің өңі өзгеріп сала бергендей әсер етер еді.

«Негізі, бұл – біздің өңір үшін өте қажетті шаруа, – дейді ел ағасы Таутан Жақсылықов. – Өскелең ұрпақ қасиетті Көк­шенің баурайында өсіп, артына өшпес із қалдырған баһадүр бабаларын, жер дауын, жесір да­уын жалғыз ауыз сөзбен шешкен ізгіліктің ұйытқысы – билерді білуі керек. Оның үстіне мәнсіз, мазмұнсыз атаулардың орнын табиғаты тамылжыған өлкенің сыры мен сымбатын айғақтайтын, жерінің бедері мен бейнесін сомдайтын ілкідегі атаулар қайта жаңғырып жатса, ғанибет емес пе?

Ел ағасының сөзінде дән бар. Бұл тарапта ауыз толтырып айтарлық жағымды жаңалық елін сүйген, жерін сүйген әр көкіректі жылытып-ақ тұр. 2023 жылы 3 тамызда облыс­тық ономастика комиссиясы өңір­лерден түскен 50 тұлғаның есімін тарихи тұлғалар тізіміне енгізу мәселесін қарастырды. Осы отырыста облыс бойынша 11 тұлғаның есімі іріктеліп, рес­публикалық ономастикалық комиссияның қарауына жолданды. Сірескен сеңнің жібуіне 2023 жылдың 17 маусымында Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ономастика мәселесі бойынша бірқатар тапсырма бергендігі себеп болып отыр. Орын­ды тапсырманы жүзеге асыру мақсатында елдің бірлігін нығайту, жалпыға ортақ тарихи сана қалыптастыру мақ­сатында қолданыстағы «Та­рихи тұлғалар», «Жер-су атаулары» және «Дәстүрлі атаулар» тізімдерін қайта қарастыру қажеттігіне байланысты талдау, пысықтау жұмыстары жүр­гізіліп жатыр.

Ономастика саласындағы түйінді мәселелерді шешу ке­рек­тігі белгілі. Мәселен, 2023 жылдың ақпан айында бас­қарма қызметкерлері Ақ­көл ауданының Новоры­бин­ка, Урю­пинка ауылдарын­да, сәуір айында Бурабай ауда­нының Златополье, Савин­ка елді ме­кен­дерінің тұрғын­дарымен жүздесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Көпшілік тарапынан қойылған сан алуан сұрақ­қа жан-жақты, тұщымды жауап берілді. Қараша айын­да 2023 жылға арналған мемле­кет­­тік әлеуметтік тапсырыс шең­­берінде қазақ тілін дамы­ту­ға, тіл мәдениетін одан әрі арт­тыруға және тілдік капиталды дамытуға бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру жөніндегі жұмыс жоспарына сәй­кес Атбасар, Есіл, Жарқайың және Сандықтау аудандарын­да «Ұлттық ономастика – руха­ни құндылықтың факторы» атты дөңгелек үстелдер өткізілді. Қазан айында жергілікті атқа­рушы органдарда жұмыс істей­тін, елді мекендер мен көше­лерге атау беру және қайта атау ісін ұйымдастыратын мамандар арасында «Ұлттық ономастика – ел айнасы» облыстық байқауы ұйымдастырылды. Байыпты байқау ономастика мәселелерімен айналысатын мамандардың жұмысын ширата түсу және жер-жердегі тәлімді, тағылымды тәжірибені алмасу мақсатын көздеген.

Қазіргі уақытта идеоло­гия­лық тұрғыдан ескірген атаулары бар елді мекендер мен олардың құрамдас бөлігін қайта атау жөнінде 2022–2025 жылдарға арналған Жол картасына сәй­кес қайта атау жұмыстары қолға алынып отыр. Өңірде биыл 60 елді мекен, 10 ауыл­дық округ, 381 құрамдас бөлік­ті идеологиялық тұрғыдан ескірген атаудан арылтып, ұлт­тық танымға біртабан жақын дәстүрлі атаулармен қайта атау жоспары жасалды. Ойға алған іс оңынан оңғарылса, Көкшетау мен Қараөткелдің арасындағы иен даланың дидары ел шежіресіне тұнар еді.

 

Ақмола облысы