Қоғам • 09 Ақпан, 2024

Қызмет сапасының өлшемі

179 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекеттік қызметтерді көрсету – мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылының құрамдас бөліктерінің бірі. Адам дүниеге келгеннен бастап мемлекеттік көрсетілетін қызметтермен тығыз байланыста болады. Бүгінде азаматтардың уақытын үнемдеу, әкімшілік кедергілер мен қағазбастылықты жою мақсатында электронды көрсетілетін қызметтердің үлесі артып келеді.

Қызмет сапасының өлшемі

Облыста 395 мемлекеттік қызмет түрі көрсетіледі. Өткен жылы қызмет беруші мекемелер тарапынан 6 млн-нан астам қызмет көрсетілсе, соның 5 млн 151 мыңға жуығы жергілікті атқарушы органдар, 871 мыңнан астамы аумақтық мемлекеттік органдар үлесінде.

Электронды түрде қызметтер алу көрсеткіші 2022 жылы 97,8 пайыз­ды құраса, былтыр 98,2 пайызға жет­ті. «Қазақстан Республикасының Мемле­кеттік көрсетілетін қызметтер туралы» заңына сәйкес кез келген тұлға мемле­кеттік көрсетілетін қызметті алуға және қызметті берушінің шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) белгілен­ген тәртіппен шағымдануға құқылы.

Сондықтан мемлекеттік қызмет­терді көрсететін органдар үшін өз қызметінің сапасын арттыру, жеке және заңды тұлғалардың құқықтарының сақталуы басты қағида болуға тиіс. Дегенмен заңнаманың бұзылуына жол беретіндер де жоқ емес. Өткен жылы Мемлекеттік қызмет істері агент­тігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің қарауына 57 шағым түскен. Оның 19-ына департамент тара­пынан жоспардан тыс тексеру тағайын­далса, 22-сі тиісті мекемелерге жолданды. Иесінің өтініш хаты­мен 16 шағым тоқтатылды. Жоспардан тыс тек­се­рулер нәтижесінде 3 азаматтың уәжі дәлелденіп, құқығы қалпына кел­ті­­рілді. Шағымдардың басым бөлігі жер учаскелерінің табысталуына және әлеуметтік қамсыздандыру саласына қатысты.

«Елді мекендер шегінде объекті салу үшін жер учаскелерін беру» мемле­кеттік қызметін көрсетуде облыс ор­талығы тұрғынының шағымы негізінде Қызылорда қаласы әкімі аппаратына, қалалық сәулет және қала құрылысы, ауыл шаруашылығы және жер қатынас­тары бөлімдеріне жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Тексеру барысында қала­лық сәулет және қала құрылысы бөлімі тарапынан келісуші органдарға қызмет алушының құжаттарын 111 күнге кешіктіріп жолдап, мемлекеттік қызметті көрсету тәртібінің бұзылғаны анықталса, қалалық жер қатынастары бөлімі тиісті шешім жобасын қала әкімі аппаратына жолдамағаны белгілі болып отыр. Мемлекеттік органдар қызмет көрсету мерзімін сақтамай, азамат­тардың құқығын бұзған.

Аталған факті бойынша қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің жауапты маманына тәртіптік жаза қолданылса, қалалық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тексеру нәтижесінде департамент тарапынан енгізілген ұсыным негізінде қызмет алушының құқықтары қалпына келтірілді.

2022 жылдың шілде айынан бастап азаматтарға мемлекеттік қызметтерді көрсету барысында орын алған бұзу­шы­лық­тарды анықтау функциясы агенттікке берілді. Осы кезеңнен бастап департамент тарапынан мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріне қашықтан мониторинг жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өткен жылы қашық­тан бақылау тәртібін бұзған 132 дерек анықталды. Осыған байланысты мемлекеттік органдардың басшыларына 21 әкімшілік хаттама толтырылып, бюджет кірісіне 724 500 теңге айыппұл өндірілді.

Қашықтан мониторинг жүргізу барысында Жалағаш ауданының Бұқарбай ауылдық округі әкімі аппараты тарапынан «Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту» мемлекеттік қызметін көрсету мерзімі бұзылғаны анықталды. Департамент тарапынан шұғыл түрде Жалағаш ауданы әкімдігіне ескертпе хат жолданып, қызмет көрсету мерзімдерін сақтамай, қаулыны 5 жұмыс күніне кешіктіріп ұсынғаны үшін ауылдық округ әкіміне әкімшілік айыппұл салынды және ауылдық округ әкімі аппаратының бас маманына тәртіптік жаза берілді.

Былтыр қашықтан мониторинг жасау жұмыстарының нәтижесінде 6 қызмет алушының бұзылған құқығы қалпына келтірілді.

 

Ерлеген МЕҢДАЛИЕВ,

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы