Тұлға • 08 Ақпан, 2024

Ел қамын ойлаған қайраткер еді

393 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Бердібек Сапарбаев тәуелсіз еліміздің қалыптасуы мен дамуы жолында өлшеусіз және сүбелі үлес қосқан саусақпен санарлық қайраткер тұлғалар қатарынан еді.

Ел қамын ойлаған қайраткер еді

Ол өзінің адами қарапайым­дылығы мен емен-жарқын ашық­тығы арқасында ел ішіндегі беделді ақсақалдар алдында да, қарамағындағы мамандар арасында да зор құрметке ие болды. Күн тәртібіндегі кез келген мәселенің ұтымды шешімдерін ойластыра отырып, қоғамдағы түрлі санаттағы өкілдермен ортақ тіл табыса алатын. Сол арқылы еліміздегі әлеуметтік-еңбек саласындағы жоспарларды халыққа тиімді етіп құрып, көптеген қызмет­ пен мемлекеттік көмектің шын мұқтаж адамдар үшін қолжетім­ді болуын қатаң қадағалады. Шын мәнісінде, әрбір мәселенің жай-жапсарын терең ұғынып, егжей-тегжей түсіне алу және тыңғылықты білу қабілеті, тың және айрықша ойлау дәрежесі, сондай-ақ айналасындағы адам­дар­ға құрметпен қарайтын көз­қа­расы оның көшбас­шы­лық қасиетін анықтады.

Алғаш рет мен Бердібек Мәш­бекұлын 2007 жылы Көкшетауға Еңбек және әлеуметтік қам­сыз­дандыру министрі ретінде өңірдегі әлеуметтік-еңбек сала­сындағы істердің жай-күйімен танысу мақсатындағы сапарында көріп, жұмыстар барысы туралы көзбе-көз тілдесіп, тәжірибелі басшыдан қатпары көп күрделі қызметтің түрлі қыр-сырына қаныққандай болған едім.

Ол уақытта мен зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтың Ақмола филиа­лының директоры лауазымын атқаратынмын және қызмет бабы бойынша оны біздің жұмысымызбен таныстырдым. Министр жоғары лауазымы мен жұмысбастылығына қарамастан, филиал қызметінің барлық қыр-сырына жан-жақты қызығушылық танытты, өңір тұрғындарының кейбір зейнетақы істерімен жеке өзі танысуға ынталы болды.

Сонымен бірге оны сала­мыз­дағы әртүрлі, тіпті жергілікті деңгейдегі басқа да әлеуметтік-тұрмыс мәселелері қызықтырған еді. Ол менің қысқаша есебімнен кейін: облыстың барлық тұр­ғы­н­­­ының әлеуметтік жеке коды бар ма? Зейнетақы қорларына міндетті зейнетақы жарналарын аудару тетігі қандай? Зейнетақы мен жәрдемақы қалай есептеледі? Азаматтардың зейнетақы ісі қалай қалыптасады? Зейнеткерлікке шыққан кезде жүкті әйелдер мен аналардың еңбек өтілі қалай есептеледі? Зиянды өндірістерде жұмыс істейтін қызметкерлер­дің еңбек өтілі қалай есептеледі? Басқа да осыған ұқсас сұрақтар қойды.

Осы сапарында Бердібек Мәшбекұлы уақыты тығыз болса да, Ақмола облысының барлық аудан­­­ын аралап шықты. Тұрғы­­­лық­ты халықпен және зейнеткер­лер­мен кездесулер барысында ол жаңа қабылданған Еңбек кодексінің жаңашылдықтары туралы егжей-тегжей айта отырып, тұрғындардың зейнетақы заңнамасының, азаматтарды, оның ішінде мүгедектігі бар және өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды әлеуметтік қамтамасыз етудің кейбір мәсе­лелерін жетілдіруге қатысты барлық тілегі мен талабын мұқият тыңдады. Ол сондай-ақ азаматтарды жеке мәсе­лелері бойынша қабылдап, олардың сұрақтарына ден қойды, әр келушінің мәсе­ле­сіне қатысты нақты тапсырма берді.

Солтүстік өңірлерге сапа­ры барысында ол министр ре­тінде әлеуметтік-еңбек саласы мәселелерімен айналысатын өңір бөлімшелерінің қыз­мет­керлерімен кездесіп, әр ұжымның алдына алдағы жыл­дар­ға нақты міндеттер қойды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген нор­мативтік актілерді жетілдіру бо­йынша олардың ұсыныстары мен пікірлерін асықпай, байсал­ды­лықпен тыңдағаны мені тәнті етті.

Бердібек Мәшбекұлының бұл сапары менің тағдырыма да бетбұрыс әкелгенін айтпай кете алмаймын. Мүмкін біздің сол бір қиын-қыстау жылдары жыртыққа жамау болған азды-көпті еңбегімізді бағалағаны шығар, осыдан кейін бір жылдан соң министрліктің орталық аппаратына жұмысқа шақырылдым, маған Әлеуметтік қамсыздандыру және әлеуметтік сақтандыру департаментін басқару сеніп тапсырылды. Өңірлердегі кадрларға осындай ұқыпты және мұқият қарау, олардың арасында ерекше және болашаққа деген жаңаша көзқараспен ойлай алатын, одан әрі мансаптық өсуге әлеуеті бар талапты және еңбекке қабілетті мамандарды анықтай білу – көп нәрсені қажет ететін қасиет.

Жалпы, отандық мемлекеттік қызметте «Сапарбаевтың бас­қарушылық шеберлік мектебі» деген өзінше бір институт қалыптасты десем, артық айт­қан­дық емес. Бұл оның кадр саясатындағы көшбасшы ретіндегі ерекшелігі болды. Өйткені бұл тек маған ғана қатысты емес жағдай болатын. Сол сияқты Жамбыл облысына сапарынан кейін көп ұзамай министрлікке кейін ведомствоны өзі де бірнеше жыл басқарған Біржан Нұрымбетов комитет төрағасы қызметіне шақы­рылды. Берді­бек­ Мәшбекұлы кадр­ларды іріктеудің мұндай тәжірибесін үнемі қолданды, орталықты өңірлерден келген кәсіби кадр­лармен толықтырып отырды, бұл ең қиын мәселелерді бірлесе шешетін пікірлестердің негізін, бір іске жұмылған майталман мамандардан тұратын бірлікшіл команда қалыптастыруға ықпал етті.

Оның тікелей басшылығымен министрлікте екі жылға жуық (2008–2009 жылдары) және 2019 жылы жұмыс істедім. Алғаш рет департамент директоры қызметінде болсам, екінші мәрте вице-министр ретінде әлеуметтік блокке, әлеуметтік қорғау және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелеріне жетекшілік еттім. Сапарбаев секілді нар тұлғалы қайраткер азаматпен жұмыс істей отырып, оның өзіне тән жұмыс стилі мен оңтайлы шебер әдістеріне назар аудардым. Ең алдымен, туындаған барлық мәселеге инновациялық, яғни жаңашылдыққа құмарлық көзқарасты байқадым. Бердібек Мәшбекұлы терең талдау қасиеті бар қайраткер ретінде әрқашан әлеуметтік мәселелерді шешудің тың тәсілдері мен жолдарын іздестіруден шаршамайтын. Ол отандық және шетелдік тәжірибені жан-жақты, талмай зерделеді. Халықты әлеуметтік қорғаудың негізгі буындарының бірі мемлекеттік инс­титуттардың адамдарды жаңа форматта тәрбиелеу және оларды тәуелді, патерналистік көзқарастар, масылдық көңіл күйлерден арылту мақсатында қажырлы және қауырт жұмысты ұйымдастыра білді. Ол адам өзінің бақыты мен әл-ауқатының ұстасы деп санады және адамдар мемлекетке аз жүгініп, өз тұрмысына нәпақасын өзі табатындай болуы үшін бәрін жасауы­мыз керек деген прагматикалық көзқарас ұстанды. Мемлекеттің міндеті, басқаларымен қатар, әлеуметтік көмекке мұқтаж адамдарды арнайы төлемдер мен жәр­дем­ақылар есебінен өмір сүр­гісі келетіндерден бөліп, еңбекке қабілетті халыққа қажетті жағдай жасауды қарастыру деп санады.

Ол әрқашан «ең тиімді әлеу­меттік саясат – жұмыспен қамту саясаты, ал адамдардың әлеуметтік әл-ауқаты мен әлеуметтік оптимизмі оның тұрақты жұмысының кепілі» деп, қоғамға пайда келтіруді жоғары қоятын. Осыған байланысты министрліктің қыз­меті жұмыссыздық дең­гейін төмендетуге және жұмыс­сыздарды әлеуметтік қорғауға, сондай-ақ оларды «жұмысшы ортасына» қайтаруға құрылды. Кәсіподақтар федерациясымен және «Атамекен» одағы ҰЭП-мен бірлесіп, жұмыс орындарын сақтау және қызметкерлердің жаппай босатылуын болдырмау бойынша ірі компаниялармен меморандумдар жасасу бастамасы көтеріліп, сәтіне қарай ол көп ұзамай өзінің нәтижесін бере бастады.

Оның осы бағыттағы маңызды бастамаларының бірі 2008 жылғы қаңтар мен қыркүйекте Жезқазған мен Рудныйда ел Президентінің қатысуымен ұжымдық-еңбек қатынастарын дамытуға, кәсіп­­керлік қоғамдастықтың әлеу­меттік әріптестігіне, жоғары білікті кадрлар даярлауға елеулі серпін берген форумдарды бас­тау және өткізу болды. Жұмыс беру­шілердің бағынысты қыз­меткерлеріне қажетті жағдайлар жасағаны үшін, өмір сапасының стандарттары үшін (жалақы мөлшері, қауіпсіздік тех­ни­касын сақтау, экологиялық қауіп­сіздік, еңбекке уақтылы ақы төлеу және т.б.) жауапкершілігі артты.

Жыл сайын осы форумдар өткізілгеннен кейін желтоқсан айында қорытынды шыға­ры­лып, Мемлекет бас­шысының өзі әлеуметтік бағдарланған бизнес-құрылымдардың жеңім­паз­­дары басшыларына белгі­лен­ген сыйлықты табыстай отырып, «Парыз» әлеуметтік жауап­кершілік бойынша конкурс өткізіледі. 2023 жылғы 7 жел­тоқ­санда екі ұжымға «Парыз» сыйлығын табыстау кезіндегі сөзінде ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осы уақытқа дейін бұл марапатқа 365 бизнес-құрылым ие болғанын және бұл елімізде жақсы дәстүрге айналғанын атап өтті. Бұл – менің тәлімгерім әрі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне екі мәрте басшы болған және егемен еліміз тарихында бес өңірді басқарған Бердібек Мәшбекұлының баға жетпес еңбегі.

Үкіметтің дағдарысқа қар­сы бағдарламасына сәйкес өңірлік жұмыспен қамту стратегиясы бекітіліп, Жол карталары іске асырыла бастады. Жолдарды салу мен жөндеуге, ауылшаруашылық жұмыстарына, уақытша жұмыспен қамтудың әртүрлі нысанын пайдалануға және босатылған жұмысшыларды қайта оқытуға басымдық берілді.

Шетелден келген ағайындар Бердібек Мәш­бек­­­ұлына «Нұрлы көш» бағ­дар­ла­ма­сы және Шымкент, Өскемен, Көкшетау қала­ларында қандастар үшін үш тұрғын ауданының құрылысы үшін бүгінге дейін шын жүректен ризашылығын айтады. Соның арқасында кезінде 3858 отбасы өздерінің тұрғын үй жағдайларын жақсартты, ал мемлекет тәуел­сіздігінің бүкіл кезеңінде жақын және алыс шетелдерден 1,1 млн-нан астам отандасымыз көшіп келді.

Бердібек Мәшбекұлы әлеу­меттік қамсыздандыру және халыққа әлеуметтік көмекті одан әрі жетілдіру мен дамыту мәселелерін назардан тыс қалдырмайтын. Жан-жақты зерделеу нәтижесінде әлеуметтік төлемдер, бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің жалақысын ұлғайту, ана институтын нығайту, ҰОС қатысушылары мен мүгедек­терінің лайықты өмірін қамтамасыз ету бо­йынша шаралар қабылданды. Мәселен, 2008 жылы мемлекеттің әлеу­меттік қамсыздандыруға және әлеуметтік көмекке жұм­саған шығыстары 566,5 млрд теңгені құраса, бұл 2007 жылмен салыстырғанда 22,5%-ға және 2003 жылмен салыстырғанда үш есе жоғары.

Осы жылдары өмірлік қиын жағдайға тап болған, сондай-ақ мамандандырылған үйлер мен интернаттарда тұратын адамдарға көрсетілетін әлеуметтік қыз­меттерді жақсартуға бағыт­тал­ған заңнамалық және басқа да нормативтік құқықтық актілер қабылданды. Ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайы зиянды және қауіпті жұмыстарда еңбек ететін қызметкерлердің жалақысын есептеу үшін салалық коэффи­циенттер арттырылды.

Қоғаммен және үкіметтік емес ұйымдармен байланыс нығайып, олар әлеуметтік-еңбек саласы мәселелерін шешуге белсенді қатыса бастады. ҮЕҰ өкілдері министрліктің алқа отырыс­тарына, негізгі нормативтік құқықтық актілерді талқылау және қабылдауға қатысты.

Бердібек Мәшбекұлы жұмы­сы­ның стилі мен әдістеріндегі ашықтық, халықтың әртүрлі тобымен тез тіл табыса білу және қайшы көзқарастардың өзінде мәмілеге келу сияқты адам мінезіндегі тамаша ерекшелікті тағы да атап өткім келеді. Оның өткізген көптеген кездесуіне куә болдым, онда халыққа бәрін ашық айтып, жүргізіліп жатқан саясаттың мән-жайын байсалды, жалықпастан түсіндіретін.

Шыны керек, 2008 жыл­дың басында зейнетақы төлем­дері мәселелері бойынша аза­мат­тардың өтініштері көбейіп, біздің сала үшін күрделі жыл болды. Бердібек Мәшбекұлының өзі өңірлерді аралап, халықпен бұрынғыдан да жиі кездесе бас­тады. Бірінші жартыжылдықта еліміздің 9 өңіріне барды, 38 кездесу өткізді, оған 10 мыңға жуық адам қатысты, 163 азаматты қабылдап, өз қарамағындағыларға үлгі көрсетті. Сонымен бірге адамдармен ашық және адал әңгіме болды, еш проблема жасырын қалмады.

Ол халықпен ғана емес, БАҚ өкілдерімен де қарым-қатынас жасауда әрқашан ашық бол­ғанын атап өткім келеді. Журналистермен сындарлы сұхбат орнатып, жиі-жиі тікелей эфирлерге қатысты, қалыптасқан жағдайды, сондай-ақ министрлік басшылығының әр жағдайды түзету үшін қабылдаған шараларын түсіндірді.

Бұдан басқа әлеуметтік төлемдердің бірыңғай базасы енгізілді, зейнетақы заң­намасын түсіндіру бойынша республикалық және өңірлік комиссиялар құрылды, осы кезеңде 1,2 мыңнан астам азамат қабылданды. Бұл жұмыс жыл соңына дейін жүргізілді, сол жылы азаматтар өтініштерінің ең рекордтық көрсеткіші тіркелді, олардың саны 20,8 мыңнан асты, министрлік жүйесінің қызметкерлері жүргізген белсенді түсіндіру жұмыстарының, содан кейін зейнетақы заңнамасы бо­йынша тиісті нормативтік акті­лердің қабылдануы арқасында 2009 жылы осы мәселелер бо­йынша өтініштер саны 1,7 есеге азайды.

Қабылданған шешімдердің орындалуын бақылау және тексеру мәселелеріне ерекше назар аударатын комитеттер, департаменттер мен ведомстволық бағы­нысты ұйымдар басшылары мен оларға бағынысты қызметкерлердің сыртқы және ішкі нор­мативтік актілерді орындау жөніндегі есептерін үнемі өзі тыңдап отыратын, кейде өзі де тапсыр­малардың нақты іске асырылуын сол жерге барып тексерді. Бұл жоғары органдардың нұсқау-тап­­сыр­маларына немесе министр­лік­тің өз шешімдеріне де қатысты болатын.

Бір сөзбен айтқанда, Бердібек Мәшбекұлы қазақстандықтардың әлеуметтік әл-ауқаты мәселелерін үнемі назарында ұстаған сезімтал және жанашыр басшы болды. Бұл еңбек қатынастарына немесе демография, әлеумет­тік қор­ғауға, әлеуметтік серік­тестік мәселелеріне, әлеу­меттік төлем­­дерге, көші-қон процес­те­ріне, еңбек қауіп­сіз­дігіне және мүгедектігі бар адам­дар­дың құқықтарына да қатысты.

Министрлік ардагерлері мен қызметкерлері миллиондаған азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға, олардың әлеу­меттік әл-ауқаты мен ертең­гі күнге деген сенімділігін арт­ты­руға бағытталған Бердібек Мәш­бек­ұлының қайырымды және игі істерін әрдайым еске алып, жадын­да мәңгілік сақтайды.

Халқына жақын болған көрнекті мемлекет қайраткері, бәрімізге ақылшы аға болған биік парасатты тұлға, ақиық азаматтың жарқын бейнесі мен игілікті істерін біз ешқашан ұмытпаймыз. Бердібек Мәшбек­ұлының аза­маттық, кәсіби білік­тілік мектебі әлі талай буынды жетілдіріп, халықпен жасай береді деп сенеміз.

 

Светлана Жақыпова,

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі