Ұлытау облысында өткен жылы 5 фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы басталған еді. Жыл соңына дейін Жаңаарқа ауданындағы бір нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген де болатын. Енді міне, жаңа жылдың алғашқы айының соңғы күнінде Ұлытау ауданындағы Сарысу ауылындағы салынып жатқан фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы бітіп, халық игілігіне қызмет ете бастады.
Мұнда барлық жағдай қарастырылған. Киім ілгіштен бастап бәрі де заманауи жабдықталған. Шаруашылық-тұрмыстық бөлме, вестибюль-күту аймағы, персоналға, пациенттерге, соның ішінде, мүгедектерге арналған санитарлық торап, зарарсыздандыру, ақпараттандыру, егу, акушер, фельдшер, ем-дом жасау, химизатор кабинеттері кең де жарық әрі бәрі де осы заманғы медициналық құрал -жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Фельдшерлік-акушерлік пункт бір ауысымда 25 адамға дейін қабылдай алады. Алдағы уақытта облыс бойынша тағы 8 ФАП ашылады деп жоспарланған. Мұның 3-еуі – «Ауыл – ел бесігі», 5-еуі – «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында қаржыландырылады.