Пікір • 08 Ақпан, 2024

Құзыреттерді талап етудің жөні

173 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бір тәуліктің ішінде Үкіметтің жаңа мүшелері қайта тағайындалды. 19 министрдің ішінде 4 жаңа тұлға бар. Кешеден бері әлеуметтік желіде экс-премьер Әлихан Смайыловқа көп сын айтылды. Менің пікірім басқаша.

Құзыреттерді талап етудің жөні

Естеріңізге сала кетейін, экс-премьер Әлихан Смайыловтың алдына экономика мен саясатта тепе-теңдікті сақтау міндеті қойылған еді. Ол мұны өте жақсы шеше білді. Оның Үкіметі ел экономикасын геосаяси тепе-теңдікте ұстап, оның көпвекторлы сипатын қалыптастырды. Бұл фак­тілер Үкімет басшысының сая­си және басқарушылық қабілетінің мықты екенін көрсетеді. Геосаяси турбуленттілік жағдайында тұрақты­лықты сақтау қазірдің өзінде үлкен жетістік деп есептеймін.

Сондықтан Смайыловтың премьер­­­лігі тұсында бәрі жаман бол­ған жоқ.

Геосаяси тұрақсыздық жағдайында Президент сайлауы өтті. Әрбір сайлау саяси елдің тәуекелі саналады. Ал бұл сайлаудан кейін елде саяси тұрақтылық сақталды. Мұның бәрі – осы тұста Үкіметті басқарған тұлға үшін үлкен жетістік.

Бірақ қазір елдің алдында басқа мін­деттер тұр. Енді Үкімет мүше­лері арасында тәртіп, жүктелген мін­дет­тер­ді мүлтіксіз орындау, крис­талдық бедел маңызды. Шын­дығында, жаңа сын-қатерлер Қазақстанға экономика мен әлеуметтік саясатта қатаң шешімдер қабылдауды талап етеді. Ал бұл капиталды қайтару мен сы­байлас жемқорлықпен күресте Үкі­мет басшысының мінезіне, табан­ды­лығына назар аударылады. Ол экономикалық мәселелерді шешуге ерекше назар аудару үшін құзы­ретін күшейту керек. Маңызды эко­номикалық шешімдер саяси ерікті талап етеді.

Мұндай нақты жағдайларда мем­­лекеттер дамуында жүктелген мін­деттерді шешудің жиі қол­да­нылатын тәжірибесі қауіпсіздік күш­теріне өкілеттіктерді беру болып есептеледі.

Біздің көріп тұрғанымыз осы. Үкі­меттің жаңа басшысы қауіпсіздік орга­нының қызметкері, сыбайлас жем­қорлыққа қарсы күрес басқармасының бұрынғы басшысы. Сондай-ақ Президент Әкімшілігінің басшысы, Пре­­зидент Әкімшілігі реформасы бойынша штабынан да тәжірибе алды. Сондықтан Бектеновтің та­ғайын­далуы, осы тұрғыдан алғанда қисынды. Реформалар штабының басшысы Үкіметті эволюциялық жолмен басқаратынына сенемін.

Естеріңізге сала кетейін, қазір эко­но­миканы дамытуға қаражаттың орасан тапшылығы жағдайында Үкі­меттің міндеті – ел бюджетін толық­тыру. Сондық­тан активтерді қалпына келтіруді 2024-2025 жылдардағы №1 тапсырма болмақ.

Олжас Бектеновтің премьерлігі тұсында басымдық – шеттегі қазақ автивтерін елге қайтару. Заңсыз алын­ған активтерді қай­тару жөніндегі комиссияның жұ­мы­сы оған жақсы таныс.

Бұл комиссия астрономиялық 220 триллион теңгенің банк операцияларын зерт­теп жатқаны туралы айтылды. Бірақ баспасөзде осы мәліметке тиісті деңгейде мән берілмеді. Доллармен есептесек, бұл Қазақстанның ІЖӨ-нен 2 есе көп – 489 миллиард доллар.

Енді байлығының заңдылығы мен әділдігін дәлелдеуді қажет ететін олигарх­тардың құпия тізімі жаңа тұлғалармен толықты деген ақпарат естідім. Бұл тізім алдағы уақытта толыға береді. Біз алда 30 жыл бойы заңды билеп келген олигархиялық топтың оң жамбасына келе бермейтін шешімдердің қабылданатынына куә боламыз.

Қаржы-экономикалық блоктің толығымен өзгергенін де айту керек. ҰЭМ және Қаржы министрлігі – барлық негізгі эко­но­микалық және фискалдық сая­сат­ты анықтайтын негізгі ведомст­во­лар. Ал енді басты проб­лемалар – бюджет тапшылығы, Ұлт­тық қордан қосымша қаражат алу мен мемлекеттік қарыздың ұлғаюына әкеліп соқтырған шығыстар екені бәрі­мізге белгілі.

Қазақстанның мемлекеттік қарызы қазір­дің өзінде алтын-валюта резерв­те­рінен де, Ұлттық қор актив­те­рінен де асып түскені, мемлекеттің таза активтері (активтер минус пассивтер) кейінгі онжылдықтағы ең тө­менгі мәндерге дейін төмендегені тек тәуелсіз сарапшыларға ғана мәлім. Сондықтан ескі Қазақстаннан капиталды шығарумен қатар, әлі де эконо­ми­калық саясатты шындап өзгертуге тырысу ниеті бар сияқты.

Осы өзгерістердің барлығы алдағы екі жылда Қазақстанның саясаты бұ­рынғы олигополияның активтерін қай­тару арқылы экономиканы жақсарту және бюджетті толықтырудың көзі ре­тінде қабылданады. Бізді үміттен­діріп отырған фактор – осы.

 

Тоғжан ҚОЖАЛИЕВА,

Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссия мүшесі

 

АЛМАТЫ