Пікір • 08 Ақпан, 2024

Білім жетілдіру институты қайта ашылса...

167 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елде болып жатқан қиындықтар мен өзгеріс­тер­ге кеңінен тоқталды. Терең сараптама жасай келе алдағы жылдарда атқарылатын мәселелер жайында сөз қозғап, тың тапсырмалар жүктеді. Денсаулық сақтау жүйесінде қордаланған мәселелер де Президент назарынан тыс қалмады.

Білім жетілдіру институты қайта ашылса...

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтан­дыру жүйесінің іске қосылғанына бес жыл болды. Содан бері бұл саланың бюджеті 2 есе артты. Биыл 2,6 триллион теңге бөлінеді. Алайда медициналық көмектің сапасы айтарлықтай жақсарды деп айтуға болмайды. Көптеген қызмет әлі де қолжетімді емес. Бұдан бөлек, көп жағдайда ресурстар тиімсіз жұмсалады. Соның салдарынан бұл салаға қосымша қаржы бөліп, бюджетке салмақ салуға тура келеді. Үкімет медициналық сақтандыру жүйесінің қызметін қатаң бақылауға алуы керек. Бұл жүйе қарапайым әрі түсінікті болуы тиіс. Медициналық көмектің бірыңғай топтамасын қалыптастыру қажет. Мемлекет кепілдік беретін медициналық қызмет оның базалық бөлігі болуы керек. Келесі бөлігі жұмыс берушілер мен азаматтардың жарналарынан құралатын сақтандыру қаражаты есебінен жасақталуы керек», деді Президент.

Шынында да қазіргі кезде денсаулық сақтау ісінде шешімін таппай жатқан шаруалар аз емес. Біріншіден, кадр мәселесі қиын. Әсіресе, алыс ауылдарда дәрігерлердің жоқтығынан олардың міндетін фельдшерлер, медбикелер атқарып жүргені жасырын емес. Жыл са­­йын 7 мыңға жуық дәрігер маман даярланады. Бірақ олардың 30 пайызы мамандығымен жұмыс істемей, басқа салаға кетіп жатыр. Өйткені диплом алғаннан кейін тағы 2-5 жыл интернатурада, ординатурада, резидентурада білімін жалғастыруға барлығының мүмкіндігі жоқ. Оқу жылдарында оларға тек степендия тағайындалады. Ол мардымсыз қаржыға жас отбасының күн көруі мүмкін емес.

Дәрігер мен медбике білімін жетілдіру ісін де ретке келтіру керек. Бүгіндері бұл істі әр қалада ашылған жеке ұйымдар өз міндетіне алып, білім бермей-ақ сертификат, куәлік «сату­мен» айналысып жүр. Сөйтіп, дәрігерлер мен медбикелер пысықай-алаяқтарға жем болады. Сондықтан Алматыдағы бұрынғы дәрігерлердің білімін жетілдіру институтын қайта ашып, қалпына кетірген жөн.

Ауыл медицинасының ахуалы қазір мәз емес. Біріншіден, білімді де білгір маман жоқ. Екінші, диагнозды анықтау үшін тексеретін медициналық құралдар мен жаб­дықтар жоқтың қасы. Аудандық ауру­ха­наларға берілген жылжымалы медици­налық амбулаториялардың, жылжымалы амбулаториялық пойыздардың тиімділігі күмән келтіреді.

Көптеген аурухана жылдар бойы кре­дит­тік қарыздарынан құтыла алмай, қарызға тұн­шы­ғып отыр. Өйткені дәрі-дәрмектердің, диагнос­тикалық және емдік аппараттар мен жабдықтардың құны тым жоғары. Мысалы, хирургиялық операциялардың тарифі осыдан 10-15 жылғы бағада өзгеріссіз қалып, емге кеткен қаржыны толық ақтай алмауда. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі әлі күнге дейін өзінің дұрыс жолын таба алмай, сынға ұшырауда. Әлі де бұл салада шешімін күтіп жатқан мәселелер аз емес. Қазіргі күндері көптің үмітін толық ақтамай отыр. Сондықтан кейбір тарауларына өзгерістер енгізген дұрыс.

Дәрігерлерді толғандыратын тағы бір мәселе, жоғары жақтағы мекемелер орынсыз қағаз­бастылыққа салынып, керексіз құжат­тар­ды, қажетсіз тапсырмаларды, ақпарат-сұраныстарды тым көбейтіп жіберді. Оның барлығына уақыт тауып, дер кезінде жауап беру керек. Осындай сәттерде кейде науқаспен, олардың жақындарымен асықпай сөйлесуге, жағдайды түсіндіруге уақыт тапшы болып жатады. Сондай-ақ кейінгі жылдары ауруханаларда кіші медициналық мамандардың тапшылығы сезіліп отыр. Ол мамандыққа кезкелген адам бара бермейді. Себебі айлығы тым мардымсыз (90-95 мың теңге). Өкінішке қарай, ежелден келе жатқан профилактикалық медицина дегеніңіз де біздің елде жоқтың қасы. Кезінде әр кәсіпорында болған профпатолог-дәрігерлер бүгіндері қысқартылып кетті. Жұмысшылардың денсаулығын қадағалайтын дәрігер жоқ. Қарағандыдағы Еңбек гигиенасы және профпатология ҒЗИ және оның филиалдары негізсіз жабылып қалды. Ия, тізе берсек әлі де еліміздің денсаулық сақтау ісінде ойландыратын, көпті толғандыратын мәселелер аз емес. Іске кіріскен жаңа Үкіметтің және жаңа тағайындалған Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың алдында түйінді мәселелер тұр. Денсаулық сақтау саласындағы мамандар, тұрғындар осының барлығы рет-ретімен шешіледі деген үмітте.

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

медицина ғылымдарының докторы, профессор