Аймақтар • 11 Ақпан, 2024

Жан жылытқан жәрдем

404 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бұрынғылардың «Қаңтар тумай, қарға жарымайсың» дегені тегі рас. Биыл Қызылордада осы айдың соңын ала қар жауып, біраз күн аяз буып тұрды. Артынша күн жылып, «қыс шілдесінен» шыққанымызды сездіргендей болып еді, бірақ 7 ақпан күні Ақтөбеде ат құлағы көрінбес боран тұрып, республикалық маңызы бар «Самара – Шымкент» авто­мобиль жолының 1 240-1 357 шақы­ры­мы аралығы жабылды да қалды. Ақтөбе облысының шекарасынан Арал қаласына дейін барлық көлік қозға­лы­сына шектеу қойылды.

Жан жылытқан жәрдем

Осы күннен бастап Арал қаласынан 20 шақырым қашықтықта жол пат­рульдік полициясының 6 инспекторы қауіпсіздік шараларына кірісіп кетті. Бүгінде аудан­ аумағында жолдан қалған 1 225 автокөлік пен 3 мыңға жуық жолаушы тұр. Осыған байланысты ауданда арнаулы штаб құрылып, жергілікті ерікті жастар, мекемелер және кәсіп­керлер жолаушыларға тегін ыстық тамақ ұйымдастыруға кірісіп кетті. Ұзақ жолға баламен шыққан жолаушылар Арал қала­сын­дағы индустриалды-техникалық колледж жатақханасына орналастырылды. Медицина қызметкерлері күніне екі мезгіл жолаушыларды аралап, денсаулығын бақылап жүр.

Осындай аралау барысында 8 ақпан күні Тәжікстаннан Самараға сапар шеккен 28 жастағы Махфилоро Масруроваға медициналық көмек қажет екені анықталып, аяғы ауыр келіншек жедел жәрдеммен аудандық перзентханаға жеткізіліп, көмек көрсетілді. Қиналған жұртқа жәрдем ұйымдастырып жүрген азаматтар жол ашыл­ғанша Махфилироны дәрігерлердің қарауын­да­ қалдыру туралы шешім қабылдап, ол ауру­ханаға жатқызылды.

Күре жолда қалып қойғандардың жағдайын облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ұдайы бақылап отыр. Аяқ асты болған жағдайдан абдырап қалған жолаушыларға Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев келіп, жағдайымен танысты. Жергілікті әкімдік жол бойындағы қызмет көрсету кешендеріндегі азық-түлік пен тамақ бағасы қымбаттамауын бақылауға алды. Жолда қалғандардың дені – Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан елінің азаматтары. Олардың басындағы сәл қиындықты пайдаланып, қаржы қарпып қалуды көздемей, керісінше қолдан келген жәрдемін беруге ұмтылған жергілікті тұрғын­дардың бұл жақсылығы «Жолау­шы­ның үлеспеген еншісі бар» деген баяғы бабалар тәмсілінің әлі де мәнін жоймағанына көзімізді жет­кізіп, жүрек­ке жылу ұялатты. Аудан әкімдігінің үйлестіруімен ерікті жас­тар, кәсіпкерлер мен мекемелер тегін ас та ұйымдастырып, жолау­шы­лардың қиналып қалмауын барынша қадағалап отыр.

Аралмен көршілес Қазалы ауда­нындағы Ойынды елді мекені тұсындағы «Мирас» сервистік кешенінде 135 жүк көлігі мен 35 жеңіл автокөлік ошарылып тұр. Мұндағы көліктерде 200-ге жуық адам бар. Олардың жағдайын білуге барған аудан әкімі Мұхтар Оразбаев жол бойындағы кешен басшылығымен жолаушыларға тамақты арзан бағамен беруді келістірді. Ақпанның алапатынан жолда қалып қойғандарға қажетті көмек көрсетіліп, дәрі-дәрмек, ауызсу тегін үлестірілді. Балалы жолаушыларға кешеннің қонақүйінен тегін жатын орындар дайындалды.

Күндіз-түні көлік ағыны толас­­та­майтын күре жол бойындағы «Мирас», «Арзан 1» кешендеріндегі қазіргі қарбалас қонақ күткен үйдің тірлі­гіне көбірек ұқсайды. Жұмылған жас­тар картоп-сәбізін аршып, әр жерде қазан-қазан палау асып, жолаушыларға тегін тамақ пен ыстық шай беріліп жатыр.

Жолда қалып қойғандардың жер­гілікті әкімдік пен қол ұшын соз­ғандарға алғысы шексіз. Аралдағы кол­ледж жатақханасына уақытша орын тепкен тәжік әйелі осы жағ­­дайдан кейін жер бетінде жақсы адамдардың көптігіне сене бастағанын айтады. Осыны айтқанда оның көзінен мөлтілдеген жас көрінді. Бұл жарты әлемді жалғаған күре жолдың бойындағы жұрттың өздеріне көрсеткен алғаусыз пейіліне деген ризалық еді.

Боран басылып, жағдай тұрақ­талған соң автокөліктер жол полициясы бастауымен сапа­рын жалғастырады.

 

Қызылорда