Тұлға • 12 Ақпан, 2024

Халық жүрегіндегі «Қара майор»

320 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Бүгін Ауған соғысының ардагері, Арнайы мақсаттағы 177-жеке жасақтың атақты командирі Борис Керім­баевтың қайтыс болғанына бес жыл толады.

Халық жүрегіндегі «Қара майор»

Коллажды жасаған – Ермек Нұржанов

Көзі тірісінде «Қара ма­йор» атанып кеткен Борис Төкенұлының бұрын-соңды көпке беймәлім болып келген өмір жолы кейінгі жылдары БАҚ-та, кітаптар мен деректі фильмдерде жарыққа шыға бастады. Әрине, бұл – уақыттың талабы. Өйткені қоғам отаншыл жастарға өнеге қылатын құрметке лайық батырларын көрсеткісі келеді. Ал ондай батырлар қазақта жетіп артылады.

Майор Керімбаев басшы­лық еткен әскери бөлім 1981 жылдың 29 қазанынан бас­тап, 1983 жылдың соңына дейін Ауғанстанда күрделі жауынгерлік міндеттерді орындағаны белгілі. 177-арнайы мақсаттағы жасақ 1982 жылы сегіз ай бойы стра­тегиялық маңызы зор Панд­жшер шатқалында дала командирі Ахмад Шах Ма­судтың қоластындағы өздерінен күші басым со­дыр­ларға қарсы тұрды. Бо­рис Төкенұлының сауат­ты ко­ман­дирлік басқа­руы­ның арқасында көп­те­ген сарбаз, офицер мен бей­біт тұрғын ажал тыр­нағы­нан аман қалды. Осы же­тістігінің арқасында майор Керімбаев кейін АКӘШК басшылығының, КСРО Қарушы күштері қол­бас­шыларының және интер­на­ционалист жауын­герлердің жоғары бағасын алып, зор құрметіне бөленді.

Дегенмен Б.Керімбаев үшін бұл соғыс оңай болған жоқ. Әсіресе отты жылдар оның денсаулығына ай­тарлықтай нұқсан келтірді. 1990 жылдары ауыр дертпен күресе жүріп, отбасы мен Отаны үшін адал қыз­мет атқарды. Әскери және азаматтық борышқа жан-тәнімен берілген Бо­рис Төкенұлы қоғамдық жүк­темені жауапкершілікпен көтерді – хабар-ошарсыз кеткендерді іздеуге қатысты, мүгедектердің мүддесін, құқықтарын қорғады, ТМД ардагерлер ұйымдарымен халықаралық байланыстарды қолдап, жастарға әскери-патриоттық тәрбие берді.

«Қара майордың» ел­дің түрлі өңірінде көпшілік алдында сөйлеген сөзде­рі тірі кезінде-ақ оған бүкіл­халықтық сүйіспен­шілік пен даңқ сыйлады. Ол халықты алаңдатқан өзекті мәселелер туралы батыл айтатын және қоғамдық бірлес­тіктердің же­келеген өкілдерінің тара­пынан артықшылықтар мен марапаттар үшін попу­лизм­нің, екіжүзділіктің және ку­лу­арлық араздықтың кез кел­­ген көрінісіне өткір сын ай­тып, батыл ұсыныстар жасады.

Отставкадағы полковник Керімбаев бірінші кезекте Десанттық-шабуылдау әс­керлері мен биыл 24 ақпан­да құрылғанына 30 жыл толатын арнайы мақсаттағы Әскери барлау жасағаның әскери қызметшілерінің жауын­герлік рухын көте­руге зор үлесін қосты. Соны­мен қатар 1994 жылы Қап­шағай гарнизонының бас­шысы, подполковник Уәли Еламановпен бірге Қарулы күштердің жаңа құрылымы – 71170 әскери бөлімнің жеке құрамын сол жерде алғаш болып құт­тықтады. Кейінгі жиырма бес жылда 177-жасақтың бі­рінші командирі, полков­ник Ке­рімбаев пен Мо­биль­ді күш­тердің бірін­ші қол­басшысы, генералы У.Елама­нов нағыз достар бол­ды. Екеуі де майдан дала­сының «ащы дәмін» татқан: бірі – Ауғанстанда, екіншісі Мо­зам­бикте зор әскери және өмір­лік тәжірибе жинақтаған еді.

Кеңес әскерлерінің Ауған­станнан шығарылуына 35 жыл толуы қарсаңында полковник Б.Керімбаев пен оның пікірлестерінің мемо­риалдық қызметін, атап айт­қанда, 1997 жылы 28 гвар­дия­шы-панфиловшылар пар­­­кінде Ауған соғысында және басқа елдердің аума­ғында қаза тапқан Қазақ­стан жауынгерлеріне ар­налған ескерткіш тұрғызуды ұйымдастырғанын ерекше атап өткен жөн. 2003 жылы 15 ақпанда ашылғаннан бері әскери ерлікті насихаттайтын, қаза тапқандар рухына тағзым етіп, көзі тірі соғыс ардагерлеріне құрмет көрсететін орынға айналған бұл мемориал тек оңтүстік астананың емес, жалпы республиканың да көрікті әрі маңызы мол жерлерінің біріне айналды.

2019 жылы желтоқсанда аты аңызға айналған коман­дирдің есімі Қапшағайда 1980 жылы қаңтарда «БББ» деген атаумен құрылған Қарулы күштер Арнайы мақсаттағы 177-жеке жасағына берілді.

Б.Керімбаевтың майдан­дағы ерлігі мен бейбіт күндегі еңбегі отандастарымыздың санасында патриотизм мен ұрпақтар сабақтастығының символы ретінде берік ор­нық­қанына қарамастан, тірі кезінде қолға алып, бас­тамашы болған игі істе­рі тиісті деңгейде бағалан­ба­ды. Халық батырлары, Екін­ші дүниежүзілік со­ғыс командирлері – Бауыр­жан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Рахымжан Қош­қарбаев секілді, оның да Отан алдындағы жанқиярлық ерлігіне өз деңгейінде көңіл бөлінбей келеді. Борис Төкенұлымен бірге өмірдің едәуір бөлігін көргендердің барлығы оның өмір жолының қаншалықты ауыр болғанын жақсы біледі. Өкінішке қарай, «Қара майордың» өміріндегі тағдыр тауқыметі мен денсаулығы үшін кү­рес­тің ауыртпалығын се­рік­тестері мен достары бө­лісуге «дайын» болмай шықты. Керісінше, оған кездейсоқ жолыққан адам­дар жиі көмектесетін. Же­ке мүдделерге сүйеніп, же­ке кеңістікке басып кірген «достары» арнайы әскери барлау офицерінің өмірі бір кездері азап пен күйзеліске толы болғанын білгісі келмеді. Сондықтан Керімбаев қай­тыс болғаннан кейін сол «көз­көргендердің» жасаған айла-шарғыларын «күтпеген жағдай» деп емес, моральдық қасиеттерінің төмендігі, тіпті сол мораль­дың мүлдем жоқ­тығы деп қабылданғаны рас.

Бүгінде Б.Керімбаевтың мәртебесі туралы мәселе иде­о­логиялық маңызға ие. Осыған байланысты оған «Халық қаһарманы» ата­ғын беру туралы өтініш­пен бұрын Ақорда, Пар­ла­мент пен Қорғаныс ми­нис­трлігіне жолданған он­да­ған ұжымдық өтініш назардан тыс қалмайды деп үміттенеміз. Тұтастай ал­ған­да, олар қандай да бір конъюнктуралық реңк пен саяси екпінсіз халықтың шынайы пікірін көрсетеді, қоғамдық жетілудің, рухани және патриоттық тәрбиенің айқын индикаторлары болып есептеледі.

«Ешкім ұмытылмайды, ештеңе ұмытылмайды» рухындағы маңызды мы­сал­дар ретінде Екінші дү­ние­жүзілік соғысқа қаты­сушылар – қайтыс болған­нын кейін егемен еліміздің ең жоғары атағына лайық мергендер Төлеуғали Әб­ді­беков пен Ибраим Сү­лей­менов, жаяу әскер Алек­сандр Несмиянов, ар­тил­лерист Әбдіғали Қаймол­дин, байланысшы Иван Гапичке қатысты 2022-2023 жылдардағы Үкімет шешімдерін айта аламыз. «Қара майорға» қатысты жоғарыда көрсетілген фак­тілерді елемеу және нем­құрайдылық таныту – әскери дәстүрлерге нұқсан келтіру, ұрпақпен нәзік байланысын бұзу және ел Президентінің әділетті Қазақстан құру аясындағы қоғамды инс­титуционалдық дамыту, жаңар­ту және жаңғырту жөнін­дегі ағымдағы күш-жігеріне күмән келтіру деген сөз. Бұған жол бермеу – біздің азаматтық борышымыз. Қазір болашақ Отан қорғаушылар саналатын мыңдаған жасөспірім тәрбиеленіп келе жатыр. Олар Борис Керімбаев сынды нағыз ерлерін танып-біліп, құрмет тұтып өсуі қа­жет. Заманымыздың на­ғыз батыры – аты аңызға айналған «Қара майордың» есімімен байланысты ерлік пен даңқты қайта қалпына келтіру, есімін жаңғырту арқылы мемлекеттің беделін нығайтудың объективті мүм­­кін­дігі бар. Оның жар­қын естелігі ұрпақ үшін бат­ыл­дық, парыз және абы­рой­дың лайықты мысалы ретінде ұлттық тарихта жазылған.

 

Ермек НҰРЖАНОВ,

Қарулы күштер арнайы жасағының бірінші командирі ,«Полковник Б.Т.Керімбаев

атындағы патриоттық дамуға жәрдемдесу орталығының» басшысы