Еңбек • 11 Ақпан, 2024

Электрониканың тілін тапқан

91 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Текеліде электр қозғалтқыштарын жөндеп, қалпына келтіретін шебер тұрады. Бала күнінен бұл технологияның тілін жетік меңгерген Юрий Семичев осы бағытта кәсіптің көзін тапқан. Сөйтіп, мемлекет қолдауының нәтижесінде шағын шеберханасының іргесін қалайды. Қала тұрғындары ғана емес, маңайдағы аудан азаматтарды да кәсіп иесінің көмегіне жүгінеді.

Электрониканың тілін тапқан

Суретті түсірген – Жеңіс Ысқабай

Өңір әкімінің баспасөз қызме­ті­нің мәліметіне сүйенсек, шағын цехта миксерлер мен бұрғылардан бастап қуаты 160 кВт-қа және салмағы 2 тоннаға дейін жететін кез келген қуатты электр қозғалт­қыш­тары жөнделеді. Енді кәсіпкер цехын кеңейтіп, толық циклді қызмет көрсету базасын ашуға ниетті.

Мамандығы электрик Юрий Семичев біршама тәжірибе жинақ­тап, шеберлігін шыңдап, ал­дымен үйінде шағын электр қоз­­ғалт­қыш­тарын жөндеумен ай­на­лыс­ты. Мұндай қызметке деген сұраныстың зор екенін ол өз тәжірибесінен біледі. Әсіресе электр қозғалтқыштарын жөндеу мен қалпына келтіру оңай жұмыс емес, ол кез келген адамның қолы­нан келе бермейді. Сондықтан өзінің кәсіби мүмкіндіктерін тиімді пайдалануды ойлаған шебер өз идеясын жүзеге асырды. Оны іске асыруға мемлекеттің қолдауы зор септігін тигізді. Юрий Семичев 2021-2025 жылдарға ар­налған ұлттық кәсіпкерлікті дамыту жобасы аясында 5 млн теңге көле­мінде грант алды.

Грант қаражатының тең жартысы жөндеу жұмыстарына арнал­ған материалдарды сатып алуға жұмсалды, өйткені мұндай материалдарды шағын көлемде ала алмайсың. Мысалы, бір катуш­ка­ның салмағы 20 кг, ал маған оның 10-15 түрі керек болды. Әріп­тестерімнің материалдардың сапа­сына қатысты айтқан ақыл-кеңестеріне сүйене отырып, Ресей мен Өзбекстанда жасалған ма­те­риал­­­­дардан алып келдім. Сондай-ақ үлкен электр қозғалтқыштарын көтеретін контейнер мен арқалық кран сатып алдық. Оған қосымша өз қаражатымды да салдым. Өткен жылдың соңында бизнесімді бас­тап кеттім, қазір айтарлықтай табысты жұмыс істеп жатырмыз. Текелі тау-кен байыту кешенінде жұмыс істеген кезімнен білетін клиенттердің көпшілігі қазір де хабарласып, мені тауып алып жатыр», дейді жас кәсіпкер күлім­сіреп.

Цех әзірге шағын, соған қара­мас­тан Көксу, Қаратал аудандары мен Талдықорған қаласынан және сол Текелі қаласында орна­лас­қан кәсіпорындардың көпшілігі ша­ғын кәсіпорынның қызметіне жүгінеді.

«Біз электр қозғалтқыш­та­ры­ның барлығын дерлік жөн­дей­міз. Миксерлерді де, электр ет тарт­қыш­ты да, дрель, шорқайрақ, сондай-ақ зауыттарда желдет­кіш­тер мен диір­мендердің жұмыс істеуіне сер­пін беріп тұрған үлкен электр қоз­ғалтқыштарды да жөндейміз. Мәрмәр тастарын шығаратын кәсіпорындар Текеліде аз емес, олар да бізге жиі хабарласады. Қозғалтқыштардың ең ірілерінің салмағы 2 тоннаға, қуаты 160 кВт-қа жетеді. Оларға келгенде өзіміз сатып алған көтергіштердің көмегімен жұмыс істейміз. Не­гі­зінде біз жылу электр стансаларында қолданылатын электр қозғалтқыштарын да жөн­дейміз. Оған біліміміз де, тәжіри­бе­міз де жетеді, тек ол үшін қо­сымша құрал-жабдықтар керек», дейді шебер.

Әрине, мұндай көлемді жұмыс­ты жалғыз атқару мүмкін емес, сондықтан Юрий Семичев білікті көмекші ретінде жанына немере інісі Алексей Семичевті алды. Шеберлігі жағынан ағасынан кем түспейтін жас маман Томск политехникалық университетін бітіріп, электротехникалық зауыт­та тәжірибеден өткен. Туған жер­ге оралған ол «РСК» ЖШС-де бірнеше жыл мамандығы бойынша жұмыс істеп, қазір ағасымен бірге жеке кәсіппен айналысуда.

«Кез келген тау-кен құрыл­ғы­сы, мейлі ол ұсатқыш болсын, диірмен болсын, желдеткіш болсын, қай-қайсысының да жұ­мы­сы электр қозғалтқышына бай­­ланысты. Ол ұзақ уақыт үз­дік­сіз жұмыс істегенде тозады, қат­ты қызатындықтан мыс сымдары жиі күйіп кетеді. Бізге негізінен 0,5 кВт-тан 160 кВт-қа дейінгі әртүрлі қуаттағы электр қозғалтқыштарын әкеледі. Оралған мыс сымдарының диаметрі 0,25 мм-ден 1,50 мм-ге дейін жетеді. Электр қозғалтқышының сыртқы қақпақтарын ашып, бөлшектеп, істен шығу себебін анықтаймыз. Зауыт деректеріне сәйкестендіріп қайтадан ораймыз. Бұл сырттай қарағанда оңай көрінгенімен күрделі схема, соған қарамастан бұл үдеріс түгелдей қолмен атқа­­рылады. Мыс сымдарды тегіс орау, орамалардың санын қатесіз дәлдікпен есептеу тыңғы­лық­ты еңбекті қажет етеді. Бұл да тұтас сала. Сондықтан біз осы та­­қырыптағы әдебиеттер мен анық­­тамалықтарды жиі оқып, зерделеп отырамыз. Орама сым­дар орындарына қойылып, оқшау­ланғаннан кейін, электр қозғалт­қы­шының барлық бөліктері қал­пы­на келтіріліп, жұмысы тек­серіледі. Сөйтіп, электр қозғалт­қы­шының дұрыс жұмыс істеп тұр­ғанына көз жеткіземіз де оны тұ­ты­нушыға қайтарамыз. Ал қуа­ты аз қозғалтқыштардан күніне 4 агре­гатқа дейін жөндеуге болады», дейді Алексей Семичев.

Қазір кәсіпорында 3 адам жұ­мыс істейді. Цех кеңейетін бол­са, жұмысшы санын да арттырамыз дейді кәсіпкер.

«Ісіміз оңынан жүре бастаған соң сұранысқа сай цех қызметіне токарьлық жұмысты да қосып, толық циклді қызмет көрсететін жөндеу шеберханасын ашсақ деп жоспарлап отырмыз. Бірақ оны жүзеге асыру үшін жабдық алуға қосымша қаражат қажет. Сондықтан мемлекеттік қолдау бағдарламаларына тағы қатысып көруге тырысамыз. Мұндай бағ­дар­­ламалар бизнесті дамыту үшін жақсы көмек», деді «Семичев» ЖК басшысы Юрий Семичев.

Жалпы, былтыр жыл соңын­да Жетісу өңіріне 2021-2025 жыл­дарға арналған ұлттық кәсіп­кер­лік­ті дамыту жобасы аясында 7,1 млрд теңге, оның ішінде тегін гранттар беруге 74,8 млн теңге бөлінді. Сондай-ақ облыстық кә­сіпкерлік және индус­триал­ды-инновациялық даму басқар­ма­­сының мәліметінше, облыста жұмыс істеп тұрған ШОБ субъек­тілерінің саны 60 мыңға жуық­та­ған, бұл салада барлығы 110 мың адам жұмыспен қамтылып отыр.

 

Жетісу облысы