Президенттің пікірінше, оған тек жан-жақты ойластырылған іс-қимыл стратегиясы және жүктелген міндеттерді толыққанды шешуге деген ерік-жігер қажет. Үкіметте оқиғалардың дамуының барлық ықтимал сценарийін ескеретін жан-жақты іс-қимыл жоспарының болуы шарт. Демек бұл Үкіметтің жұмысына талапты күшейтіп, оның құрамына кіретін органдарда стратегиялық ойлау қабілетінің болу қажеттігін аңғартса керек. Ал егер ол сонымен бірге экономиканы басқарудың жаңа тәсілдерін пайдаланса, болжамдар шындыққа айналмақ.
Ендеше, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев айтқандай, Үкімет пен әкімдер өз жұмысына деген көзқарастарын түбегейлі жаңартып, экономикалық дамудың тың идеялары мен жүйелі ұзақмерзімді болжамын жасап, мемлекеттік аппарат жұмысының тиімділігі мен бірізділігін айтарлықтай арттырулары қажет. Бұл формализм мен бюрократияны шектеп, экономиканың барлық саласында түбегейлі реформалар жасауды талап етті. Осының барлығын зерделей келе және саяси реформалардың әлеуетіне сүйене отырып Президент Қ.Тоқаев мемлекеттік басқару формуласының басты элементтерінің бірі есеп беретін және халық үніне құлақ асатын Үкіметтің жұмысының тиімділігін арттыруды қолға алды. Оның өз қызметі шеңберінде халыққа адал қызмет етіп, мемлекеттегі болып жатқан жағдайға деген жауапкершілігін күшейтуге кірісті. Үкіметтің алдына нақты талаптар қойылды. Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзі осының дәлелі бола алады. Алдағы кезеңнің басты міндеттері анықталып, кезек күттірмейтін және өз шешімін күтіп отырған ауқымды жұмыстарды сапалы және уақтылы орындау үшін Үкіметтің жұмысына жаңа серпін беру көзделіп отыр. Сарапшылар нақты межелер ретінде экономикалық реформаларды жүзеге асыруды, жаңа экономикалық үлгіге көшіп, қайта құру және қатаң атқарушылық тәртіпке қол жеткізуді атап көрсетеді. Әрине, ол үшін Үкіметтің жұмысы мемлекеттік аппаратты бір қалыпқа келтіруге бағытталуы керек. Ол мемлекеттік жұмысты жүйелі жүргізіп, оны ұйымдастыруды, аппарат қызметінің тиімділігін арттыруды, мемлекеттік қаржының жұмсалуы мен Президенттің тапсырмалары және қабылданған заңдардың орындалуына қатаң бақылау орнатуды, сол сияқты сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күрес жүргізуді, экономиканы монополиясыздандыруды талап етеді. Осындай маңызды міндеттерге қол жеткізу үшін мәселені келісу мен талқылауда сөзбұйдалыққа салыну сияқты жайбарақаттықты қойып, батыл әрекет етіп, Қазақстанның сапалы дамуын қамтамасыз ету қажет. Ол үшін кез келген бастаманың негізгі мән-маңызын өзгерту деген «аурудан» толығымен арылып, оны түп-тамырымен жою керек.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Үкімет пен әкімдердің жұмыс істеу тәсілін түбегейлі өзгерту арқылы бюрократияны тежеп, нақты нәтижеге қол жеткізіп, елдің ұзақмерзімдік дамуын күнделікті күйбең тірліктің көлеңкесінде қалдырмауды мақсат етіп отыр. Солай болғанда ғана экономика еркін дамып, саланың белсенділігі артып, қаражат күнделікті мәселелерді шешуге ғана жұмсалмасы анық. Салықтың көп түсуі экономиканың барлық саласының тұрақты дамуына, оның қуаттылығына байланысты екендігі де ескерусіз қалмас еді. Сонымен қатар бизнес саласына да кәсіпкерлерді әкімшілік қысым көрсетуден босатып, жалпы бизнеске қатысты реттеу қағидатын қолдану арқылы ықпал етуді тоқтату сияқты сапалы өзгерістер қажет. Сонда ғана мемлекет пен бизнес арасында жаңа және ашық қарым-қатынас орнап, ел экономикасының тұғыры беки түсері ақиқат. Бұл жұмыстың бизнес пен инвестицияға жайлы орта қалыптастырып, әлеуметтік әділдікті қамтамасыз етудегі мәні де зор. Басты мәселе мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігін дамытуда екі тараптың да мүдделерін ескеріп, олардың теңгерімді дамуына қол жеткізуде болмақ. Өйткені Үкіметтің басты міндеттерінің қатарына экономикалық қызмет субъектілерінің бәріне бірдей жағдай жасау жатады. Ол үшін аталған саладағы тиімсіз тәсілдер, нормалар мен рәсімдер жөнге келтіріліп, реттелуге тиіс. Сонда ғана жеке жобаларды бюджеттен астыртын қаржыландыратын жағдай келмеске кетіп, біз сөз қылып отырған серіктестік жүйесін қайта құруда нақты нәтижеге қол жеткізуге болады.
Осы тұста Президент экономиканы кешенді түрде ырықтандыру үшін жүйелі шаралар қабылдаудың қажеттілігіне көңіл бөліп, мемлекеттің экономикалық үдерістерге шамадан тыс араласуынан біртіндеп бас тарту керектігіне басымдық беріп отырғандығын да ескерген жөн. Себебі жекешелендіру тиімді жүргізілген жағдайда ғана экономиканың барынша еркін дамуына жол ашылып, бақылаусыз монополияны, ресурстарды әділетсіз бөлуді, бәсекенің заңсыз тәсілдерін қолдануды түбірімен жоюға мүмкіндік туады. Жалпы алғанда, экономиканы либерализациялау нарықтағы бәсекені арттырып, жекешелендіруді тиімді жүргізу және квазимемлекеттік секторды реформалау мәселелерін шешуі керек.
Мұнда экономикаға жеткілікті дәрежеде қаржы салынбай, елдің даму қарқынына кедергі жасап тұрған факторлардың алдын алып, инвестициялық ахуалды оңалтуға ықпал етудің қажеттілігін атап өткен абзал. Өйткені инвестиция тапшылығы техниканың тозуына, егіннің бітік өсуіне кедергі жасап, еңбек өнімділігінің төмендеуіне әкеліп соғады. Әбден ескірген өндіріс орындары еліміздің өндірістік әлеуетін көтеріп, оған тың серпін бермей келеді. Ал өңір әкімдері болса, тек бюджет қаражатына ғана иек артып, алдымен инвестиция тартудың орнына, бұл үдеріске бюрократиялық тұрғыда кедергілер келтіріп, инвестиция тартуды өздерінің басты міндеті екендігіне онша мән бермеуде және бастарын ауыртқылыры келмейді. Агроөнеркәсіп саласындағы өңделген өнімнің үлесін арттыру міндеті орындалмай, шаруашылықтардың тек шикізат өндірісіне ғана сенім артып отырғаны да осыдан болар. Салдарынан, жаңа технологияларды енгізіп, жерді және басқа ресурстарды ұтымды пайдаланып, нақты нәтижеге жетудің мүмкіндігі болмауда. Оның себебі сол баяғы қажетті инвестицияның салынбағандығына келіп тіреледі. Міне, осыдан барып дайын өнімнің қосылған құны төмендеп, сапалы жұмыс орындары азайып келеді. Оның үстіне, банктер де экономиканың нақты секторына қаржы құюға онша асығар емес.
Мемлекет басшысы Үкіметтен әлеуметтік салаға айрықша назар аударуды үнемі талап етеді. Ол әлеуметтік көмектің әділ беріліп, бөлінген қаржының шын мәнінде көмекке мұқтаж адамға жетуінің міндеттілігін қайталаумен келеді. Ондағы мақсат – халыққа әлеуметтік көмек береміз деп жүріп қоғамда масылдық психологияның орын алуына жол бермеу. Осы тұрғыдан алғанда Президент азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету жүйесін қайта қарау керектігін дұрыс деп есептейді. Өйткені әлеуметтік көмек оған зәру адамдарға ғана берілуі керек және оны кімге беру қажеттігі адамның кірісіне емес, шығысына қарап анықталуға тиіс және ол әділетті Қазақстан құру қағидаттары талаптарына сай келуі шарт.
Сонымен бірге қазір әлеуметтік салада азаматтарға көрсетілетін қызметтің сапасын жақсарту ісін жолға қоюдың өзектілігі артып отыр. Себебі бұл саладағы көптеген қызметтің әлі де болса қолжетімсіздігінен көп жағдайда ресурстар тиімсіз жұмсалуда. Салаға қосымша қаржы бөлініп, бюджетке салмақ түсіп отыр. Бұл жерде аймақтық атқарушы органдардың да жауапкершілігін арттырған жөн. Өйткені жергілікті жерлерде медицина және білім беру мекемелері инфрақұрылымын дамыту жұмыстары тиімсіз жүргізілуде. Әлеуметтік саладағы қордаланған мәселелерді шешуге құзырлы органдар ниет танытпай, тек көңілге қонбайтын және елді әбден зығыр қылған құр сылтауларды жыл сайын қайталаумен шектеліп келеді. Өйткені оларда жаңа идеялар мен ұзақ мерзімге арналған жүйелі ұстанымға деген тапшылық сезілетіні ақиқат.
Осының барлығын ескере келе, Президент Қ.Тоқаев мемлекеттік аппараттың барынша тиімді және үйлесімді жұмыс істеуіне күш салып отыр. Қағазбастылық, көзбояушылық сияқты жағымсыз үдерістердің кесірінен жұрттың реформаға және әділетті Қазақстанға деген сенімінің азайғандығы кімді болса да қынжылтары рас. Сондықтан Мемлекет басшысы жоғары жақтан нұсқау мен азаматтардан арыз-шағымның түскенін немесе жағдайдың нашарлап кеткенін күтіп отырмай, бастама көтеріп, дербес жұмыс істей білу қажеттігін ескертеді. Өйткені күрделі тарихи кезең жалаң сөзге уақыт жібермей, нақты әрекет және жылдам әрі батыл қимыл жасауды талап етеді. Басқаша болғанда жаһандық бәсекеге ілесе алмау қауіпі төнуі әбден ықтимал. Ендеше, табысқа жету үшін мемлекет пен қоғамда ортақ мүдде болуы керек. Сонда ғана мемлекеттің көпжылдық даму бағдары айқындалып, қоғам алдында тұрған міндеттерді шешуде саяси жауапкершілік пайда болады.
Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,
саяси ғылымдар докторы, профессор