Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Осы қыста Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқару бөлімшелері қар құрсауынан 10 мыңнан аса адамды, оның ішінде 488 баланы құтқарып, қауіпсіз жерге жеткізді. Бұған қоса 1 266 бірлік техника де тегіс жолға шығарылды. Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде жедел штабтар жұмыс істеп жатыр. Бұларға министрліктің республикалық штабы басшылық етеді. 13 өңірде республикалық және облыстық маңызы бар автожолдарда блок-бекеттер қойылып, көліктің барлық түрі үшін қозғалыс шектелді. Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Павлодар, Ұлытау облыстарының уақытша орналастыру пункттерінде 1 107 адам бар.
Жалпы, 7-9 ақпан аралығында құтқарушылар бүкіл ел көлемінде қар құрсауынан 1 426 азаматты құтқарып, эвакуациялады және 64 көлік құралын алып шықты. Осы орайда Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарды қыс мезгілінде автожолдарда қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырудан танбайды. Мұндай жағдайда 112 хабарламаларын назарға алып, дауылды ескерту кезеңінде және метеожағдайлар нашарлаған кезде елді мекендерден алыс сапарларға шықпай, шалғай жаққа жаяу жүруден де сақ болған жөн.