Аймақтар • 12 Ақпан, 2024

Ауылдар қар суынан аман қалды

228 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақпан айындағы ауа райының қолайсыздығы, күннің күрт жылынуы Ақсуат ауданының бірқатар ауылын әбігерге салды. Атап айтқанда, Қызылкесік, Ой­шілік, Құмкөл ауылдық округтеріндегі бірқатар үйдің ауласына, қора-жайына су кірді. Таудан аққан еріген қар суы Қызылкесік ауылындағы 7 үйдің ауласына өткен.

Ауылдар қар суынан аман қалды

Фото: stan.kz

Аудандық төтенше жағдайлар бөлі­мінің хабарлауынша, Қызылкесік ауы­лының тұрғындарынан – 50, төтенше жағдайлар бөлімінен – 11 адам, 2 мотопомпа, 2 техника жұмылдырылған. Сон­дай-ақ 200 қап инертті материалдармен су жайылған аумақтарды бекіту жұмыстары жүргізілді. Ауыл әкімі Ө. Мазеновтің айтуын­ша, кеше түнде жағдай толықтай тұ­­рақ­талған, баспаналар су басу қаупінен аман.

Сонымен бірге, Қарағанды–Аягөз–Боғас автожолының бойындағы Жіңішке учас­кесінің 3 тұсынан қар суы ағып өткен. Абырой болғанда, «Қазавтожолға» қарасты ДЭУ-31 ме­кемесі мамандары мен техникаларының дер ке­зінде атқарған жұмыстарының нәти­жесінде көлік қатынасы жедел реттелген. Ойшілік–Ақсуат–Құмкөл бағытындағы жол қатынасы да әдеттегідей қалыпты жағдайда жүріп жатыр.

Ойшілік ауылдық округінің Көк­кемер қыстауына да еріген қар суы кір­ген. Мұндағы бес үйдің екеуі бөк­терде орналасқандықтан жағдайына алаңдаушылық болмағанымен, бір үй­дің ауласы, қорасы су астында қал­ған. Жер­гілікті атқарушы биліктің ұйым­дас­тыруымен 2 техника жіберіліп, Көк­кемердегі бір әйел адам дер кезінде Ой­шілік ауылына орналас­тырылды.

Ойшілік ауылында қарғын су дамбаға тіреліп, ауылдың шығыс және батыс жағымен екіге бөлініп таси аққан. Сол жердегі 1 үйдің ауласына, 3 үйдің қора-жайына су кір­генімен, адамдарына қауіп төнген жоқ. Ол жерде 2 жүк тиегіш, 2 МАЗ көлігі, 3 трактор, 15 адам жұмылдырылып, дайындалған инертті материалдарды төгіп, бөгетті қомдау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

– Қарғын су біздің үйдің жанынан ағып өте шықты. Аудандағы төтенше жағдайлар бөлімінен тиісті көмек дер кезінде келді. Ауыл болып ұйымдастыру жұмыстарына бәріміз де қатыстық. Әйтеуір бүгін қар жауып, аяз түсіп, су жайылысының әрі қарай кетуі дер кезінде тоқтады. Малымыз дін аман, – дейді Ойшілік ауылының тұрғыны Руслан Қанапиев.

Қазіргі уақытта еріген қар суының көлемі азайды, қауіп сейілді.

 

Абай облысы