Әр мамандықтың өзіне тән артықшылығы мен ауыртпалығы бар. Тілшінің тіршілігі де үнемі қыз-қыз қайнап жататын зауыт жұмысының қарбаласына ұқсайды. Көз майыңды тауыса жазған мақалаң бүгін жарық көріп, кезегін күтіп келесісі тұрады. Қоғам тынысын сезіну, жазған-сызғаныңа жауапкершілікпен қарау – өз алдына бөлек дүние. Жазуға көңіл соқпаған қайсыбір сәтте алдыңғы толқын ағалардың ой-қайратынан қуат алып, жұмысқа шабыттана кірісетін сәттер аз емес. Мұндайда ата басылымның ардагерлері редакцияға бас сұғып, жастарға жігер беріп жатады. Ширек ғасыр бойы «Егеменнің» Семей өңіріндегі тілшісі болған Дәулет аға – Сейсенұлы газетіміздің Алматы бөлімшесіне жиі атбасын бұрып, ізбасар-әріптестеріне үлгі өнеге көрсетіп жүретін жанның бірі.
Семей облысының Абай ауданына қарасты Саржал ауылында дүниеге келген кейіпкеріміз қаламы қарымды журналист болуды бала кезден мақсат етсе керек. Аядай ауылдың мәдени жаңалықтары 11-12 жастағы бала Дәулеттің қаламы арқылы аймақтық, республикалық газет-журналдарда жарияланған.Ұлт тарихында есімі алтын әріппен әдіптелетін «Қарадан шығып хан атанған» Құнанбайдың қолтығынан демеген Доғал би, Алаш арыстары Халел Ғаббасов, Ахметжан Қозыбағаров секілді тұлғаларды түлеткен Саржал ауылы қолына қалам ұстаған қаршадай баланы арман арқалатып Алматыға аттандырған. Алғашқы әңгімелері 19 жасында Оралхан Бөкей, Тынымбай Нұрмағамбетов, Смағұл Елубайлармен бірге «Бәйшешек» атты жас жазушылардың жинағына енген ол өмір жолын журналистикамен ұштастыруды қолай көрген. Тауман Амандосовтың алғауымен КазГУ-дың журналистика факультетіне қабылданып, Баққожа Мұқай, Шөмішбай Сариев, Смағұл Елубай, Сұлтанәлі Балғабаев, Аманжол Арғынгелдин, Жақау Дәуренбеков, Жоламан Бошалақов, Гүлжауһар Сейітжанова секілді дарынды замандастарымен бірге білім алды. Тілші өмірінің қатпар сырына бойлаған Дәулет аға журналистік жолда талай тағдырға араша болған азамат. Туған топырағын айтқанда тебіреніп кететін дала перзентінің көңілінде қасиет пен қасіреттің өрнегі қатар өріледі.
«Мен туған ауыл Саржал полигонының іргесі. Туған жердің кеудесін тілгілеген сойқан сынақтарды көзімізбен көріп өстік. Әкем Сейсен ферма меңгерушісі болды. Анам Қапура өмірге 4 ұл, 4 қыз әкелген алтын алқалы ардақты ана болатын. Атқа мінген офицерлер ауыл халқына бәлен сағатта жарылыс болады деп ескертіп жататын. Оның қасіретті зардабы аз болған жоқ. Мұны көзімізбен көріп тұрып, қолға қалам алмау мүмкін емес еді», деп толғанады ол.
Дәулет ағаның өлке тарихын қасіретпен айғыздаған полигон залалы туралы «Ядролық сынақ аймағы: кеше және бүгін» деп аталған деректі кітабы – қаралы кезеңнің картинасын қаз-қалпында бере білген тарихи маңызы зор еңбек. Семей облыстық «Семей таңы» газетінде қызмет атқарған жылдарында да өлкенің тыныс-тіршілігі, аймақтан шыққан алып тұлғалар туралы айшықты дүниелер қаламынан тыс қалмаған. Республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінде жалғасқан журналистік жолы кейін де ел басылымы «Егеменде» қайта өріс тапқан. Сол екі аралықта Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар», еларалық «Заман-Қазақстан» газеттерінде, республикалық «Ақиқат» журналындағы қолтаңбасы да уақыт шежіресінде қалған жемісті жылдардың еншісінде. Осы орайда біздің әріптес кейіпкеріміз қазақ журналистикасының қаранарлары Ырысхан Мұсаұлы, Балғабек Қыдырбекұлы, Қалтай Мұхаметжанов, Кәкімжан Қазыбаев, Камал Смайылов сынды ұстаздарының есімін ілтипатпен еске алады.
Дәулет Сейсенұлының өміріндегі ерекше бір айшықты сәт деп оның ел басылымы «Егемен Қазақстан» газетінің тұрақты акциясына айналған «Ұлылыққа тағзым» жаяу жорық экспедициясының белсенді мүшесі болғанын айта кеткен жөн. Бұл жаяу жорық «Егеменнің» ардагері Мамадияр Жақыптың бастамасымен хакім Абайдың 150 жылдығында басталған. Семейден шыққан жаяу жүргіншілер Жидебайға дейін бес жарым күнде жеткен. Кейіннен осы акция ЮНЕСКО-ның күнтізбесіне енген Жамбыл, Әуезов, Сәтбаев, Мүсірепов, Махамбет, Шәкәрім, Сүйінбай, Түркістанның 1500 жылдығы, Семей атом полигонының жабылуының 20 жылдығында жалғасын тапты. Дәулет Сейсенұлының ықпалымен соның төртеуі Абай елінде өткізілді. Еліміздің шығысы мен батысы, оңтүстігі мен солтүстігін тұтасымен қамтыған бұл сапардың жалпы қашықтығы 1 600 шақырымды құраған. Сапар барысында оған қатысушылар жолдағы елді мекен тұрғындарымен кездесіп, ұлылардың өмірі мен шығармашылығын насихаттағаны ғажап-ақ...
Жиыны он сапарда жаяу жорық экспедициясының тұрақты мүшелері Мамадияр Жақып, Балтабек Ерсәлімұлы, Зейнолла Серікқалиев, Дәулет Сейсенұлымен бірге Өмірзақ Айтбаев, Ерлан Сыдықов сынды академиктер, көрнекті жазушы Мархабат Байғұт, Бүркітбай Айдарханов, Балташ Әлиев секілді полковниктер бұлармен бірер сапарда бірге болыпты. Дәулет аға әр жылдарда осы сапарлардың бәріне қолдау білдірген «Егеменнің» басшылары Нұрлан Оразалин, Уәлихан Қалижан, Ержұман Смайыл, Сауытбек Абдрахманов есімдерін атай келіп, оларға алғыс сезімін білдіре кетуді де ұмытпады.
Ұлылар елінің тумасы тарихи тұлғалардың өмір тынысын қаламына арқау етуден сырт қалған жоқ. Айталық, оның «Шәкәрім» деп аталатын деректі кітабы дала данышпанының 150 жылдық мерейтойы қарсаңында алдымен Астанадағы «Фолиант» баспасынан «Нартұлға», бұдан соң Алматыдағы «Қазақстан» баспасынан «Ғибратты ғұмыр» сериясымен жарық көрді.
Д.Сейсенұлы бүгінде он шақты деректі кітаптың, жеті драмалық пьесаның авторы. Оның пьесаларының бірінде Абай мен Шәкәрімнің («Абай-Шәкәрім»), яғни ұстаз бен шәкірттің арасындағы сыйластық – жасы үлкен ағаның ініге қамқорлығы, жеке басының үлгі-өнегесі, іні тарапынан аға өсиетіне адалдығы сөз болса, ал «Мұхтардың мұраты» деп аталатын келесі пьесасында атынан көрініп тұрғандай, «соқтықпалы, соқпақсыз жерде өскен» хакім ақынның өмір жолын ашып көрсету заманымыздың заңғар жазушысы М.Әуезовтің басты мақсат-мұраты болғанын айғақтайды. Сондай-ақ ол «Маэстро», «Махаббат вальсі» деп аталатын пьесаларында басынан сан қилы тағдырды өткерген атақты скрипкашы Әйткеш Толғанбаев пен «вальс королі» атанған белгілі композитор Бекен Жамақаев туралы драма тілімен баяндайды. 2018 жылы оның халқымыздың сүйікті перзенті, жанжақты талант иесі Жәнібек Кәрменов туралы деректі кітабы жоғарыда аталған «Фолиант» баспасынан жарық көріп, ал «Жәнібек ән салады...» атты драма-реквиемі Семейдегі Абай атындағы сазды-драма театрында қойылды.
Хакім Абайдың 175 жылдығында журналист-жазушының көрнекті абайтанушы ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қайым Мұхамедханов туралы «Ер қазақ» деп аталатын көлемді деректі кітабы жарық көрді. М.Әуезовтің Қайым Мұхамедханов және Қабылбек Шырақбаев сынды қос шәкірті туралы «Қайсар Қайым» және «Теміртау трагедиясы» деп аталатын қаламгердің екі пьесасы да – сахнаға сұранып тұрған дүниелер. Қаламгер Д.Сейсенұлы – мемлекеттік, салалық орден-медальдармен марапатталған тұлға. Семей қаласы мен Абай ауданының құрметті азаматы.
– Қалам – қасиет. Оның киесін кетіріп, тұнығын лайлауға болмайды. Мен, ең алдымен, журналиспін. Осы киелі мамандықтың арқасында қазақтың салқар даласын тегіс шарладық, атымыз төрге озды. Тау тұлғалармен дидарласып, пікірлестік. Кезі келгенде қоғамдағы түйткілді мәселелердің түйінін тарқатуға тілші ретінде, азамат ретінде үн қостық. Қаламмен табыстырған тағдырыма ризамын. Адам, ең алдымен, мамандық таңдауда қателеспегені жөн, – дейді Дәулет Сейсенұлы.
АЛМАТЫ