Тарих • 12 Ақпан, 2024

Имантай қазасы туралы

2657 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Egemen Qazaqstan» газетінің биылғы 22 қаңтардағы санында керекулік тілші Мұрат Қапанұлының «Қаныштың әкесі Имантай хақында» деген мақаласы басылды. Мақаланы оқыған соң, ерік­сіз қолыма қалам алуға тура келді. Себебі Қаныштың әкесі Иман­тайдың өлімі мақалада жазылған ақпараттан басқаша.

Имантай қазасы туралы

Имантай ақсақалдың өлімі туралы Қара­ғанды облысы Бұқар жырау ауданының «Бұқар жырау жаршысы» газетінде Е.А.Бөкетов атындағы университетінің оқы­тушысы Ернар Кейкінің көлемді мақаласы 2021 жылы 13 қараша жарияланған. Ол «Қаныш Сәт­баевтың әкесі Имантайдың өлі­мінде неге бірізділік жоқ?» деп аталады.

Бұл мақалада айтылған едәуір дерек тіпті шындыққа жанаспайды. Аттарын атамай-ақ қояйын, іштерінде өзім сыйлайтын академиктер, ғылым докторлары, профессорлар да бар.

Ал енді Имантай ақсақалдың өлімі туралы естіген, дәлелді біл­ген­де­рімді айтсам: 1928 жылы Сәтбай әулетінің үлкені Иман­тайдың мал-мүл­кі тәркіленді. Кім білсін, әлде Име­кең қар­сылық жа­сады ма, ол кісіні тұт­қындап, Баян­ауыл түрмесіне алып кетеді.

Енді аздап шегініс жасасам: менің әкем Жұмаш Шәдетов Сәт­бай әулетімен көршілес ағайын екен. Ке­ңес үкіметі келгенде кедей, пысық әкем большевиктер пар­тиясына кандидат болады. Бұл 1928 жыл еді. Кейін партия, совет, шаруашылық жұмыстарын атқарған.

Алғаш кеңес өкіметіндегі жұмысы (1928 жыл) Сарқамыс бо­лыстық «Қосшысын» басқарады. Имантай ақсақалды Баянауылға түрмеге әкет­кенін естіген әкем ертеңінде Баян­ауылдағы түрмеге барса, түрмедегілер түнде Имекең қайтыс болғанын айтады. Әкем Жұмаш атарба тауып, Имантайдың мәйітін елдегі қыстауы Айрыққа апарады. Ағайын-туыстары жиналып жерлейді.

Баянауылдық белгілі тарихшы, ғалым Мақсат Алпысбес: «1991 жылы Баянауылдағы Қаныш Сәтбаев музейінің директоры бол­ған Төлеутай Әб­жанұлы Әбіл­дин­нің айтуын­ша, 1928 жылы Имантайды Баянауылдың НКВД-сына әкеп, қинап, ұрып-соғып, босатып жібергенде, Сабындыкөлдің маңайында кетіп бара жатып, сол соққыдан қайтыс болды деп айтып отыратын», дейді.

Бөпежан Аяпбергенов пен жазушы Қал­мұқан Исабаевтың 1999 жылы «Өлке» баспасынан шыққан «Қаныш аға осындай еді» атты кітабында Иман­тай ақсақалдың өлімінің шын ақи­­қаты айтылған.

Бөпежан Аяпбергенов – Қаныш Иман­тайұлының көмекшісі, 20 жыл тиянақты серігі болған. Бөпе­жан Бай­балаұлы – тарихи тұл­ға­ларға ха­лық атынан қызмет көр­сетудің үлгісі.

Бөпежан Аяпбергенов – Бұқар жырау Қалқаманұлының жетінші ұрпағы. Жиырма жыл Қанекеңнің шетелге сапарларында, ел ішіндегі іссапарында жанында болып, іні­сіндей адалдықпен қызмет еткен адам.

Осы кітаптың 47-бетінен үзінді кел­тірсем: «Баянауыл өңірінде алғашқы ірі байлар ретінде 1928 жылы Сәтбай мен Шорман ұрпағы тәркіленді. Ол кезде әулет үлкені Имантай болатын. Тегі тәркілеу кезінде қарсылық көр­сетіп, бел­сен­ділермен сөз таластырды ма екен, милиция дереу тұтқындап, Баян­ауыл түрмесіне алып келіп қамайды. Жұмаш деген ауыл жігіті ертеңінде ас-ауқат алып келгенде, оған Имантайдың өткен түнде қайтыс болып кеткенін хабарлайды».

Хабарды төбесіне жай түс­кендей тыңдаған Жұмаш қораға шы­ғарып тастаған Имантай дене­сін арбаға салып алып, Айрыққа әкеліп, ауыл-ел болып жыласып-сықтасып жерлейді.

Сол кездегі әулет үлкені дүние­ден осылай өткен екен. Бұл оқиға Бөкеңнің (Бөпежанның) дәл осы уақытта түрмеде отырған Оразбай деген ағасының көз алдында өтеді.

«Қаныш аға осындай еді» кіта­бының 99-бетінде Имантай ақсалдың өлімі туралы айтылады. Ел азаматы Жұмаш Шәдетұлының Имекең мәйітін Баянауыл түр­ме­сінен туыстары Айрыққа әкеліп, ел жиналып жерлегені нақты жазылған.

Міне, қайғылы оқиғаның шын­дығы осы. Әрине, бәріне боль­ше­виктік төңкеріс пен соның саяси зардаптары кінәлі екені тү­сінік­ті. Бірақ тұлға танушылардан Қанекең әкесі қа­за­сын сан саққа жүгіртпей, осы Б.Аяп­­бер­генов нұсқасында жазуды сұрар едік.

1958 жылы жаз айында Қаныш Сәтбаев арнайы келіп, ата-анасының аруағы алдындағы борышын өтеді. Қор­дайдың табиғи тасынан ескерткіш белгі қойып, рухтарына құран бағыш­талды.

Қайтарында Үлгі ауылында тұра­тын туы­сы әрі құрдасы Жұ­маш Шәдетовтің үйіне соғып, 1950 жылы Қазақ КСР Жоғары кеңесіне депу­тат­тыққа кандидат болғанда сайлау­шы­лардың аманаты орайында ағаш егіп, парк ашу ісін көріп, ризашылық білдіреді.

Бұл Қаныш ағаның елге ақыры келуі еді.

 

Жеңіс ШӘДЕТОВ,

еңбек ардагері

 

Қарағанды облысы,

Бұқар жырау ауданы,

Үміткер ауылы