Мирас • 12 Ақпан, 2024

Анамнан қалған ақ жаулық

515 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Дәстүрі мен салтының киесіне айналып, қазақ әйелі қадірлеп басына салған ақ орамалдың әдебі терең, қасиеті мол. Салмағы жеңіл болғанымен, құны қымбат, шаршысы шектеулі келгенімен, жолы үлкен, пәле мен жаладан қорған болар ақ орамал ата салтында отбасының алтын байрағы саналған. Ана екенін, айнымас жары, адал ниетпен аттаған шаңырағы бар екенін аңғартатын орамал атойлап келген жаудың да бетін қайтарып, бір атауы «жаулық» болып желбіреген.

Анамнан қалған ақ жаулық

Ар адамға қандай қымбат болса, ақ орамалдың күші де одан кем болмаған, алмас қылышты әміршінің өзін тежеп, тізе бүк­тір­гені туралы аңыз-әпсаналар шын­дығына күні бүгінге дейін кіреуке түскен емес.

Орамалды жаңа түскен келін тақса, уақыт өте келе балалы болып, сәбиді қырқынан шығарар­да ауыл әжелері мен абысында­ры жиылып келіп, «ел анасы бол­дың» деп келіннің басына кестелі кимешек кигізген. Кимешек – әйел­дің әлеуметтік мәртебесін, биіктігі мен салтанатын көрсеткен. Оның өзіндік тігу тәсілі, кию міндеті бар. Мәселен, кимешек иық, арқа, ­кеуде мен басты тұтас жауып тұра­ды. Тіпті республикамыз­дың әр өңі­рінде «бұрама жаулық», «иекше» деген әртүрлі атаумен де кезде­се­ді. Кимешек ел мен жер­дің қоныста­ну ерекшелігіне қа­рай әртүрлі тәсіл­мен тігіледі. Солтүстік және Орталық Қазақ­станда кимешектің алдыңғы жағы трапеция тәріздес болған. Қо­ңы­­раттар елінде төбесі толық тігіл­мей, алдынан тік бұрышты мата жібереді. Шығыс Қазақстан өңірінде кимешектің артқы жағы қысқалау болса, батыс аймақтарда бүрмелі кимешек болған. Оның алдыңғы жағы тура бұрышталып, төменгі ұзындығы кеудеге түсіп тұрған.

Қазіргі таңда көп киіле бер­мей­тін кимешектің тарихы, тағылы­мы, өзіндік айырмашылығы бар. Осыны дәріптеу мақсатында Алматы облысының Мәдениет, архив­тер және құжаттама басқар­масына қарасты «Алматы облы­сының музейлер бірлестігі» аясын­да құрылған «Анаға құрмет»  му­зейінде Халықаралық Орамал күніне орай «Анамнан қалған ақ жаулық» атты мерекелік мәдени-танымдық сән көрмесін өткіз­ді. Көрмеге «ZARATA» ұлттық киім­дер брендінің авторы Ләззат Исаханова, республикалық орамалдар конкурсының жүлдегері Маржан Әміртай, суретші Майса Ықылас, «Анаға құрмет» музе­йі­нің ұйымдастырушысы Бақыт Жатқын­байқызы және басқа да суретші-дизай­нерлер қатысты

 

АЛМАТЫ