Зерде • 12 Ақпан, 2024

Ауған соғысының зардабы

1120 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

1979 жылы 25 желтоқсанда кеңес әскерлерінің шектеулі контингенті Ауған­стан территориясын әуеде де, жерде де кесіп өтті. Сөйтіп, 1989 жылдың ­ 15 ақпа­нына дейін соғыс жүрді. Биыл 15 ақпанда осы соғыстың аяқталғанына ­35 жыл толады. Он жыл отқа оранған соғысқа еліміздің азаматтары да қатыс­ты. Шын­дығында, соғыс қалай аяқталды?

Ауған соғысының зардабы

80-жылдардың ортасына қарай Ауғанстандағы соғыс КСРО үшін ірі сая­си және экономикалық шығын әкеле бас­тады. Халықаралық жағдай одан әр­мен қиындай түсті. Елдің әр түкпірінде со­ғыста қаЗа болғандар көбейіп, қоғамда кінә артатын жағдай үдеді. Осының барлығы халық арасында наразылық тудырды. Ауғанстаннан әскерді шығару және соғысты тоқтату туралы қатаң шешім қабылдау қажет болды.

Мұндай үдеріс 80-жылдары бас­талғанымен, ешқандай нәтиже берген жоқ. Ауғанстанға әскер кіргізудің қа­телік болғанын, 1985 жылы билікке кел­ген Михаил Горбачев бастаған елдің жаңа басшылығы шешуге тырысты. Бұл соғыстың кеңес одағына «толассыз табыт» әкелу мен әлемдік айыптаудан басқа ештеңе бермейтінін бас хатшы жақсы түсінді. 1986 жылдың қараша айында КОКП ОК Саяси бюросының отырысында М.Горбачев: «Қазіргі уақытқа дейін біз Ауғанстанда алты жыл бойы соғыс жүр­гізіп келеміз. Егер біз бағытымызды өзгертпесек, 20 немесе 30 жыл бойы соғыса береміз. Біз қысқа мерзім ішінде мұны тоқтауымыз керек», деп қадап айтты.

Бұл міндеттерді шешу үшін Ауған­стан­нан кеңес әскерлерін шығару үшін жағдай жасап, ел ішіндегі саяси ахуалды өзгертуді қамтамасыз ететін жаңа сая­сат, жаңа саяси қайраткер қажет болды. Енді Мәскеуде Ауғанстан басшысы Бабрак Кармальға салқын қабақпен қарым-қатынас жасау толық байқалды. Ол өзіне жүктелген міндеттерді шеше алмады. Сөйтіп, ол 1986 жылы қараша айында отставкаға кетті. Оның орнына жаңа басшы Мұхаммед Наджибулла тағайындалды.

АҚШ, Пәкістан, Иран, басқа да қызы­ғушылық танытқан елдердің өкілде­рі­мен қарқынды келіссөз жүргізілді. Ауған­стандағы орталық үкімет пен оппозиция күштері арасындағы орна­ған тепе-теңдік ауған дағдарысын шешу­­дің соғыссыз жолдарын іздеу қажеттігі­не итермеледі. Ауған елі басшылығына Мұхаммед Наджибулла келгеннен кейін «Ұлттық татуласу» туралы Ауғанстан Демократиялық Республикасы (АДР) Революциялық кеңесінің Декларациясы қабылданды. Онда атысты тоқтатып, ұлттық бейбітшілік орнату мақсатында, уақытша коалициялық мемлекет құру және жалпы дауыс беруді өткізу, үкі­меттегі министрлік лауазымдарының бір бөлігін оппозиция өкілдеріне беру туралы нақты ұсыныс келтірілді. Оппозиция мұндай саясатты қабыл алмағанымен, ұлт­тық татуласу саясатын жариялау Ауғанстанның орталық үкіметінің беде­лін асырып, БҰҰ Бас хатшысының жеке өкілі Д.Кордовес арқылы 1982 жылдан бері нәтижесіз жүргізіліп жатқан Ауған – Пәкістан келіссөздерінің іске асырылуына жаңа серпін берді.

1988 жылдың 7 сәуірінде Ташкентте КОКП ОК Бас хатшысы М.Горбачев пен АДР Президенті М.Наджибулла кездесіп, қақтығысты тоқтату мен кеңес әскерлерін Ауғанстаннан шығару мәселелері қаралды. Бір аптадан кейін, 14 сәуірде АДР-дағы жағдайды саяси реттеу туралы Женева келісіміне қол қо­йылды. Қол қойғандар қатарына КСРО, АҚШ, Ауғанстан мен Пәкістан кірді. Ауғанстан мен Пәкістан бір-біріне қол­сұқпаушылық, басып кіруден бас тарту қағидасына, КСРО мен АҚШ өкілдері Халықаралық кепілдік жөніндегі дек­ларацияға қол қойды. Кеңес одағы өз контингентін 9 ай мерзімде алып шы­ғуға, ал Құрама Штаттар мен Пәкістан өз тараптарынан қарулы оппозицияны қолдауды тоқтатуға міндеттелді.

1988 жылы 15 мамырда Ауғанстан аумағынан кеңес әскерлерін шығару бас­­талды, алайда қараша айындағы мод­­жахедтер әрекеттерінің жандана түсуі, үдерістің жылдың аяғына дейін қал­дырылуына әкелді. Дегенмен 1988 жыл­дың тамызына дейін кеңес әскерінің ша­мамен жартысы Ауғанстаннан шы­ғарылды.

Женева келісіміне қол қойылған­нан кейін кеңестік әскери бөлімшелерге 555 рет оқ жаудырылды, әуежайлар 26 рет оқ астында қалды. 400 рет сақшы тұрағына шабуыл жасалды. Шабуыл, тіпті, үкіметтік ауған әскерлеріне де жасалынды. 1989 жылдың 15 ақпанына дейін қаруланған оппозиция қолынан 6954 адам қаза тапты, 12220 адам жа­рақат алды. Олардың көпшілігі бейбіт тұрғындар еді. 1989 жылдың жаңа жы­лынан кейінгі бір жарым ай ішінде, 15 ақпанға дейін 39 кеңестік әскери қызметкер қаза тапты.

Женева келісімінде белгіленгендей, Ауғанстаннан 1989 жылы 15 ақпанда соң­ғы кеңес әскерлерінің әкетілуі аяқ­талды. Кеңес одағы Женева келісімін белгіленген мерзімде орындады. 15 ақпан күні Ауғанстанмен шекаралас Термезге (Өзбекстан) жақын биік қияларда кеңес жерінің оңтүстік шекарасына қарай көз салған әйелдер өз ұлдарын, күйеуле­рін, сүйіктілерін, жиналған жұрт өз азамат­тарын ұзақ сағат бойы күтті. Ауған тарапынан кезекті колонна қашан келетінін ешкімде білмеді. Алыс жақтардан да адамдар келіп күтті. Тіптен қаралы қағаз алғандар да үмітпен келіп, сол жаққа қарап отырды.

Мұнда Кеңес Одағының Батыры, 40-армияның соңғы қолбасшысы гене­рал-лейтенант Б.В.Громов басшылығын­дағы барлаушылардың екі батальоны келе жатты. Колонна кеңес және ауған жағалауларын біріктіруші көпірге көтеріліп, кеңес одағы шекарасына келгенде қолбасшы Б.В. Громов брондал­ған машинасынан жерге түсіп, шекара қы­зыл сызығын жаяу кесіп өтті. Ауғанстан территориясынан ең соңғы болып шық­қан Б.В.Громов: «Біз өз міндетімізді орын­дап, борышымызды өтедік. Біз­дер үшін Отанына тірі қайтпағандар қай­ғысы ешқашанда өз орнын толтырмай­ды. Біздер соғыста жан тапсырған қарулас жауынгерлерімізді ешқашан ұмытпаймыз. Бүгін Ауғанстан территориясында бірде-бір кеңес әскерінің жауынгері қалған жоқ», деп бүкіл әлемге мәлімдеді. Міне, осы оқиғаға 15 ақпанда 35 жыл толады.

КСРО басшыларының солақай сая­саты салдарынан басталған Ауған со­ғы­сына Қазақстаннан 22 мың адам қа­тыс­ты. Олардың мыңға жуығы осы со­ғыста құрбан болды, 20 адам із-түз­сіз жоғалды. Соғыс аяқталғанымен, Ауған соғысы синдромы салдарынан 35 жыл ішінде 6 мыңдай сарбаз бақи­­лық бол­ды. Мүгедектер арбасына таңыл­ған­дар да аз емес. Көпшілігі мүгедек­тігі үшін жәрдемақы алса, қалғандары жиі ем қабылдауға мәжбүр. Соғысқа қаты­сушылардың алды 70 жасты бағын­дырса, арты 60-ты алқымдады. Олар үшін соғыс аяқталғанымен, соғыстың жан-жарасы жанын да, тәнін де сыздатады.

Он жылға созылған Ауған соғысында тағдыры тәлкекке түсіп, хабар-ошарсыз кеткендер де, тұтқынға түскендер де көп болды. Соғыс аяқталған тұста олар­дың саны 417 адамды құраса, одан ке­йінгі жылдары – 333, ал қазіргі таңда 264 адам­ды құрайды. Ауғанстанда тұт­қынға түс­кен немесе із-түзсіз кеткендер ішінде 20 Қазақстан азаматы бар. 2012 жылы бұл тізім екі адамға қысқарды. Өйткені кейінгі жылдардағы іздестіру жұмыстарының нәтижесінде екі отан­дасымыздың – көкшетаулық Алексей Зуев пен түркістандық Абдулхаким Ерге­шовтің Ауған елінде жерленген жері анықталып, 30 жыл уақыттан кейін мәйіт­тері туған елге қайта жерленді.

Ауған соғысында із-түзсіз жоғал­ғандар мен тұтқынға түскендердің тағ­дыр­лары тәлкекке ұшырады. Тірідей та­был­ғандарына тәубе, ал тұтқындағы айуан­дық азапқа шыдай алмай өлгендері мен беймәлім кеткен боздақтардың тағ­дыры алаңдатпай қоймайды. Әлі күнге де­йін ағайын-туыстары сарыла күтеді. Із-түзсіз кеткендердің бірен-сараны табылғанымен, көпшілігінен хабар-ошар жоқ.

Қорыта айтқанда, әскерлерінің со­ғысқа қатысуы – кеңестік үкіметтің үл­кен қателігі. Он жыл бойы көп күш пен қаражатты келешегі жоқ соғысқа жұмылдырды. Осы соғыстың ел экономикасы мен адамзат баласына әкелген ауыр қасіретінен әлем елдері сабақ алса дейміз. Жалпы алғанда, Ауған соғысы тарихтағы ең жантүршігерлік беттердің бірі болып қала береді. Бірақ осы соғыстың саяси, әскери тәжірибесін барынша ескерген жөн. Бұл еліміздің қауіпсіздігі мен бейбіт өмір сүруді қамтамасыз етудің қазіргі және келешектегі міндеттерін ақылмен шешу үшін лайықты дәріс болады. Кеңес әскерлерінің Ауғанстан аумағынан әкетілуі – шын мәнінде тарихи оқиға. Соғыс ауған халқы мен кеңес әскерлеріне көп рухани жарақат әкелді. КСРО-дан 15 мың адам қаза тапты.

 

Болат САЙЛАН,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры,тарих ғылымдарының докторы,

Ауған соғысының ардагері