Сұхбат • 12 Ақпан, 2024

Талғат Хасенов: Сарбаздардың сүйегі – аманат

551 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

От-жалынның ортасынан оралғандар ағынан жарылып, ашыла бермейтіні бар. Тарихи күнге орай облыстағы «Ардагер» Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері одағының төрағасы Талғат Хасеновпен әңгімелескен едік.

Талғат Хасенов: Сарбаздардың сүйегі – аманат

– Талғат Болатұлы, сол бір от­ты жыл­дарға ора­ла­йық­шы. Көз­бен кө­ріп, бел ор­та­сында жүрдіңіз ғой...

– Әрине, әскерде қызмет етіп жүрген кезімізде майдан даласына топ ете қала­рымызды басында білме­дік қой. 1985–1987 жылдары Жа­ла­лабадтағы №66 бригадада артиллериялық дивизонның көпмақсатты жеңіл брондал­ған ауыр жүк көлігінде диви­зион командирі Маринов, батарея командирі Рябиченко сынды басшылардың жүр­гізуші-механигі болдым. Ди­ви­зиядағы аса ірі қару-жа­рақ сапында «Д-130» гаубицалары, 40 ұңғылы «Град» катюшалары бар еді.

– Сіз айтқан соғыс қа­ру­лары жаудың иманын үйі­реді. Дивизияда мұн­дай қару-жарағы бар сіз­дер жауынгерлік әрекет­тер­ге де жиі қатысқан шығар­сыздар?

– Өз басым сіз айтып отыр­­ған нағыз жауын­гер­лік әре­кеттер деп Ше­шен­стандағы соғыс іс-қимыл­дарын айтар едім. Ал біз­дікін операция деуге болады. Зер салсаңыз, екеуі – екі түрлі. Мен өзім ең ірі деген 25 операцияға қа­тысып­пын. Ұсақ-түйегін есептемегенде. Мұндай жо­рықтардың өзі 15-20 күнге дейін созылатын еді. Мыса­лы, арнайы жасақ неме­се бар­лау взводы мәліметтерін негіз­­ге алып, бір қышлақ маңын­дағы тау­лар мен төбелерге зең­бірек оғын жаудыра­мыз. Бірақ артиллерия қолдауы аса қажет. Ешқандай жа­сақ онсыз жорыққа шыға алмайды. Ауғанстан жері таулы аймақ болғандықтан, зеңбірек пен катюшалар көмегі ­ауадай қажет. Мұндай операциялар, тіпті, түнде де жалғасып жатушы еді. Қазір қарап отырсақ, осының барлығы көрген түстей.

– Осы соғысқа өңі­рі­міз­ден бас-аяғы 2 мың сар­баз аттанып, оның 86-сы ше­йіт кетті деген де­рек айты­лып жүр. Осы дерек шын­­дыққа жанаса ма?

– Иә, облысымыздан 2 мың сарбаз аттанғаны рас. Ал шейіт кеткен 86-сының 82-сі – мерзімді әскери борышын өтеп жүргендер. Әскери қызметтен тыс 4 азаматтық тұлға да бар. Ауған соғысына қатысқан қаһармандар турасында «Боздақтар» кітабы жарыққа шыққан еді. Сол кітапта да 86 жауынгердің аты ата­лады. Мұнымен қоса, есімдері Қарағандыдағы Же­ңіс саябағы мемориалында қашалып жазылып тұр. Жыл сайын 15 ақпанда аталған мемориал алдында жиналып, тағзым етеміз.

– Әсіресе осы бір күні қан майдандағы күндер есіңізге түсе­тін шығар...

– Оныңыз рас. Күніміз­бен қоса арпалыспен өткен түні­міз де еске түседі. Ауғанстан аумағына келгеніме 4 ай өтер-өтпес уақытта алғаш рет ажалмен бетпе-бет келген кезім есімнен кетпейді. Түннің бір уағында ұзын-сонар автоколонна жолға шықты. Бір мезетте гранатомет гүрс ете қалды. Көзді ашып-жұмғанша граната алдымызда келе жатқан «ЗиЛ-131» автокөлігінің кабинасына тиіп, күлін көкке ұшырды. Марқұм жүргізушісі жетімдер үйінде өскен жігіт еді. Отқа оранған көлік күні бүгінге дейін көз алдымда қалып қойды.

– От кешкен өңірді қай­та бір көруге келісер ме едіңіз?

– Былтыр 15 желтоқсанда Ауғанстан елшілерімен кездесу өткіздік. Бір жарым сағат бойы біз сол жақта көз жұмған сарбаздардың сүйегін тауып, елге жеткізу дейтін маңыз­ды мәселені қарастырдық. Екі жыл бойы осы іске қа­тыс­ты құ­жаттар жинаумен жүгірдік. Осы мақсатпен Ауған топырағын қайта ба­суға ниеттімін. Кабул қала­сына дейін бармақпыз. Біздің ең үлкен парызымыз осы болмақ!

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Қасымхан ҒАЛЫМ

«Egemen Qazaqstan»

 

Қарағанды облысы