Олимпиада • 12 Ақпан, 2024

Бәсі биік олимпиада

128 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астана қаласында биология пәні бойынша 35-халықаралық IBO-2024 (International Biology Olympiad) олимпиадасы өтеді. Шілденің 7-14 аралығында өтетін бұл додаға әлемнің 80-нен астам елінен 350-ге жуық оқушы қатысады. Мұндай беделді олимпиаданың Қазақстанда өтуі – кездейсоқ таңдау емес.

Бәсі биік олимпиада

Қазір әлемде халықаралық дең­гейдегі беделді 7 олимпиада бар. Олар математика, физика, химия, информатика, география, лингвис­тика, биология пәндерінен дәстүрлі түрде өтеді. Соның бірі – халықаралық биология олимпиадасы. Бірінші рет IBO Чехияда 1990 жылы 6 елдің қатысуымен өткен еді. Содан бері қатысушы мемлекеттер саны 80-нен асты. Қазақстан құрама командасы бұл ғылым жарысына 1996 жылдан бастап қатысып келеді. Олимпиадаға қатысқан жылдары еліміздің оқушылары 2 алтын, 20 күміс, 54 қола медаль жеңіп алды. Бұл – өте жақсы көрсеткіш.

– Қуантарлығы, осындай беделді әлемдік білім додаларында оқушы­ларымыздың рейтингі жыл сайын өсіп келеді. Биологиядан кіл білімділер бақ сынайтын халықаралық жарыстың біздің елде өтуі соның дәлелі болмақ. Бұл – білім беру сапасын арттыруға жасалатын тағы бір қадам, – деді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.

Еске салайық, былтыр қарашада Ғ.Бейсембаев IBO халықара­лық­ ұйым­дас­тыру комитетінің тө­ра­йы­мы Ленка Либусовамен кездес­кен. Тараптар зият­керлік сайыс­ты ұйымдастыру мәсе­ле­лерін, сондай-ақ отандық білім беруді дамытудың түйткілді мәселелері мен мүмкіндіктерін талқы­лаған болатын.

Еліміздің халықаралық олимпиада­лар­ды ұйымдастыру мен өткізуден тәжі­рибесі мол. Мәселен, 2010 жылы мате­­матикадан, 2014 жылы физика­дан, 2015 жылы информатикадан білім са­йыс­­­тарын өткізгені – сөзіміздің дәлелі.

Ал бұл жолғы халықаралық биоло­гия олим­пиадасын ұйымдастыру жә­не өткізу бойынша дайындық жұ­­мыс­­тары өткен жылдан басталды. Оқу-ағарту министрлігінің орта бі­лім комитетінің төрағасы Қаныбек Жұ­ма­шевтың айтуынша, олимпиада тап­­­сырмаларын әзірлеуге отандық жас биологтер мен ғалымдар арасынан­ халықаралық ғылыми комитет құрылды.

– 2023 жылы отандық оқушылар 26 халықаралық олимпиадаға қатысып, 580 медаль жеңіп алды. Әлем көз тіккен 7 білім додасына қатысқан 31 оқушымыздың 23-і жеңімпаздар қатарынан көрінді. Оның ішінде 2 оқушымыз алтын, 11 оқушымыз күміс, 10 оқушымыз қола медальға ие болды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2022 жылдан бас­тап жалпы білім беретін пәндер бо­йынша халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне, сондай-ақ оларды дайындаған мұға­лім­дерге біржолғы сыйақы беріліп келеді. Мәселен, алтын медаль алған оқушы 1500 айлық есептік көрсеткіш, күміс медаль үшін 1000 АЕК, қола медаль үшін 500 АЕК көлемінде ақшалай сыйақы алады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді дайындаған мұғалімдерге де қомақ­ты жүлде қарастырылған. Бұл – білім сапасын арттыруға ықпал етіп қана қоймай, оқушыны және оны дайындаған ұстазын ынталандыруға, қолдауға мемлекет тарапынан жасалып отырған жағдай, – деді комитет төрағасы.

Сонымен қатар олимпиада барысында отандық педагогтер үшін әлемнің жетекші ғалымдарымен шеберлік сыныптары, биологиядан олимпиадалық есептерді шешу бойынша оқыту семинарлары және ғылыми-практикалық конференциялар өткі­зіледі. «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Ғаждембек Тұрсыновтың айтуынша, ұйымдастыру комитеті сайысқа қатысушылар мен қонақ­тардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөліп, жарыс өтетін жер­лерде күзет, бейнебақылау, құқық қор­ғау, медициналық қызметпен қам­та­ма­сыз ету жұмыстарын жүргізіп жатыр.

– Жарысты ұйымдастыруда акаде­мия­лық адалдықты қамтамасыз етудің жариялы жүйесі құрылып жатыр. Олимпиада барысында барлық белгі­лен­ген халықаралық стандарт сақ­талуға тиіс. Ол Назарбаев универ­си­теті­­нің базасында ұйымдастырылады. Бағ­дар­­лама қатысушыларын Астана мен Бура­байдың көрікті жерлері бо­йынша қызықты экскурсиялар күтеді. Қазақ халқының салт-дәстүрлерімен таныс­тыру да жоспарланған. Жалпы, олим­пиада тек білім саласында бәсе­келес ортаны құруға ғана емес, көп­мәдениетті атмосфераны қалып­тас­тыруға бағытталған, – деді ол.

Осынау бәсі биік бәсекенің Қазақ­станда өтуі – еліміздің ғылыми жетіс­тік­тері мен әлеуетіне әлем назарын ауда­рады. Сондай-ақ жас биологтер үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашады.

 

Бекзат ҚҰЛШАР,

Л.Н.Гумилев атындағы

ЕҰУ студенті