Аймақтар • 13 Ақпан, 2024

Құмшағалдағы қуаныш

100 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тараз қаласына қарасты Құм­шағал тұрғын алабының халқы денешынықтыру-сауықтыру кешенінің қажеттігін жиі айтып жүретін. Жергілікті жұрт­ты бұқаралық спортқа тарту үшін де кешен ауадай қажет еді. Енді міне, тұрғындар өті­ніші қанағаттандырылып, Құм­шағалда су жаңа спорт кешені пайдалануға беріліп отыр.

Құмшағалдағы қуаныш

Суреттерді түсірген – Ақәділ Рысмахан

Жаңа нысанның ашылу салта­натына өңір басшысы Ербол Қара­шөкеев бастаған азаматтар арнайы қатысып, Құмшағал тұрғын алабы халқының қуанышына ортақтасып, ізгі тілегін арнады.

«Жергілікті халықты бұқаралық спортқа тартудың маңызы зор еке­ні анық. Мемлекет басшысы да бұл мәселеге айрықша ден қойып отыр­­ғаны белгілі. Сондықтан да өңір­де осы бағыт бойынша ауқым­ды жұмыстар атқарылып жатыр. Құмшағалда ашылған денешынық­тыру-сауықтыру кешені – сол жұмы­сы­мыздың айқын бір дәлелі. Кешенге ағылып келетін жергілікті жастар арасынан Олимпиада ойындары мен Әлем чемпионатының, құрлықтық додалардың жеңімпаздары шыға­ты­нына сенемін. Құмшағал тұрғын­дарын жаңа нысанның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын», деді Е.Қарашөкеев денешынықтыру-сауық­тыру кешенінің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде.

вап

Іс-шараға арнайы қатысқан еңбек ардагері Рахманбек Ұстаев құмшағалдықтар атынан сөз сөйлеп, жаңа кешеннің ашылу салтанатына арнайы қатысқан өңір басшысы Е.Қарашөкеевке ризашылығын жеткізіп, алғыс айтты.

Кейінгі жылдары өңірдің спорт саласын өркендету мақсатында қазынадан қомақты қаражат қарас­ты­рылып жатыр. Дерекке жүгін­сек, өткен жылы 14,2 млрд теңге бөлініпті. Жергілікті биліктің қол­дауын сезінген жамбылдық спортшылар өз кезегінде ауыз толтырып ай­тарлықтай табыстарға қол жеткі­зіп, жанкүйерлерді қуантып жатыр. Мәселен, таяуда ғана елорда төрінде өткен ел чемпионатында еркін күрес шеберлері көңіл көншітерліктей нәтиже көрсетіп, жалпыкомандалық есепті топ жарған еді.

Астана қаласында ұйымдасты­рылған ел чемпионатында 97 кг сал­мақ дәрежесінде топқа түскен Әлішер Ерғали финалда әлем чемпионы Ризабек Айтмұханды жеңіп чемпион атанса, 70 кг салмақ дәре­жесінде белдескен Мейіржан Әшіров те жеңістің биік тұғырынан көрінді. Тағы үш балуан күміс жүлдеге қол жеткізсе, бір спортшы қола медаль иегері атанды.

«Құмшағал тұрғын алабында бой көтерген денешынықтыру-сауық­­тыру кешені – тұрғындар көп­­тен күткен қуаныш. Бұл кешен­де жер­гілікті азаматтармен бірге балалар мен жасөспірімдер де спорт­пен шұ­ғыл­данып, саламатты өмір салтын ұстанатыны анық. Бір сөзбен айт­қанда, жаңа кешен құмша­ғалдық­тардың кәсіби спортпен де, бұқара­лық спортпен де айналысуына зор мүмкіндік тудырып отыр», дейді Олимпиада ойындарының екі дүркін жүлдегері, даңқты дзюдошы Елдос Сметовтің алғашқы бапкері Ахмет Жұмағұл.

Екі қабатты жаңа спорт нысанында балалар мен жасөспірімдер дене­шынықтыру клубы құрылғанын айта кеткен жөн. Мұнда 7-17 жас аралы­ғындағы жергілікті жасөспірімдер спорттың сегіз түрімен шұғылдана алады.

Дерекке сенсек, былтыр өңір бойынша 9 спорт кешені ашылған. Ал осы жылдың соңына дейін 13 нысанның құрылысы толықтай аяқ­та­лып, тұрғындардың игілігі үшін пайдалануға беріледі деп жос­пар­ла­нып отыр. Қазіргі кезде 492 мың­нан аса жамбылдық немесе өңір хал­қының 40,3 пайызы бұқаралық спортқа тартылған.

Қалай десек те, өңір спортын дамыту мақсатында кейінгі жылдары айтарлықтай жұмыстар атқарылып жатқаны анық. Билік қолдауын сезінген жамбылдық спортшылар жақсы нәтижелермен қуантады деген сенім зор.

 

Жамбыл облысы