Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Президент әділетті Қазақстан құру жолында әділ және бәсекеге қабілетті экономика жүйесін қолға алғандығын, экономиканы әртараптандыру және монополиядан арылту, инфрақұрылымды жаңғырту, бизнесті қолдау, инвестиция тарту жұмыстарын күн тәртібіне қойғанын жеткізді. Әлеуметтік салада қордаланып қалған мәселелер өте көп екенін, оны шешудің жолдарын атап өтті. Нәтижесінде, еліміздің түкпір-түкпірінде білім ошақтары, оның ішінде, «Жайлы мектептер», денсаулық сақтау нысандары бой көтеріп жатқандығынан ел хабардар. Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға байланысты жаңа заң жобалары қабылданғандығын тілге тиек етті.
«Үкіметтің басты міндеттерінің бірі – экономикалық қызмет субъектілерінің бәріне бірдей жағдай жасау. Экономикаға жаңа серпін беру үшін Үкімет кәсіпкерлермен, инвесторлармен толыққанды серіктес ретінде тығыз байланыста жұмыс істеуі қажет», деген Мемлекет басшысы дамудың даңғыл жолына бастайтын құнды ұсыныстарын ортаға тастады.
Сонымен бірге Қасым-Жомарт Кемелұлы кейінгі кездері қоғамдағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты мәселелерді де назардан тыс қалдырмай келеді. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтарға қатысты еліміздің әр өңірінде жайсыз оқиғалар болғаны белгілі. 2023 жылы Түркістан облысының, Сарыағаш ауданындағы, Жібек жолы ауылында бес жасар қызды көршісі зорлап өлтіргені, Ордабасы ауданының, Төрткүл ауылында мектеп оқушысын ауылдың екі азаматы азаптап өлтіргені қоғамда үлкен резонанс туғызды. Мемлекет басшысы істі егжей-тегжей тексеруге қатысты тікелей құқық қорғау органдарына тапсырма берді. Нәтижесінде, дереу іздестіру жұмыстары жүргізіліп, қылмыскерлер табылып, өз жазасын алды. Осындай олқылықтың алдын алу үшін құқық қорғау, жергілікті басқару органдары тұрақты жұмыс жүргізуі қажет.
Президент бабалар дәстүрін жаңғыртып, Ұлттық құрылтай өткізуге мұрындық болды. Осы тұрғыдағы әңгімені әріден бастасақ, халқымыздың тарихында Түркістандағы Күлтөбенің басына күнде жиын, халықтық кеңестер өтті. Сонымен қатар 1726 жылы Ордабасыда құрылтай шақырылғаны белгілі. Ол заманда қазақтың үш жүзі өкілдерінің Бадам өзені бойындағы Ордабасы тауында бас қосқаны – тарихи айшықты оқиғалардың бірі. Бұл XVIII ғасырдың басында қасіретті «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» жағдайына душар еткен жоңғар басқыншылығына қарсы күрес ұйымдастыруға арналған халықтық құрылтай еді. 1917 жылы Орынбордағы І қазақ құрылтайында Алаш партиясы құрылды. Ал ІІ құрылтайда Алаш автономиясы жарияланды.
Бабалардан қалған осы саяси үрдісті Мемлекет басшысы 2022 жылы қолға алды. Ұлт ұясы Ұлытауда бірінші Құрылтайды өткізді. Бұл жиынның өзіндік мәні бар еді. Біріншіден, бабалар жолын ұстанып, Құрылтай шақыру дәстүрін жаңғыртты. Екіншіден, елдігімізді нығайтып, бірлігімізді бекемдейтін идеологиялық мәселелер талқыланды. Екінші құрылтай 2023 жылы қасиетті Түркістан шаһарында өтіп, онда сегіз түрлі мәселе күн тәртібіне қойылып, талқыланды. Президент Қ.Тоқаев Түркістанды Қожа Ахмет Ясауисіз елестету мүмкін еместігін алға тарта отырып, тұтас түркі дүниесінде ислам дінінің орнығуына зор үлес қосқан әйгілі ғұламаның мұраларын зерттеу және дәріптеу қажеттігін баса айтты. Нәтижесінде, киелі шаһарда баба мұрасы мен ілімін түпкілікті зерттеумен айналысатын «Ясауитану» ғылыми зерттеу институтын немесе ғылыми орталығын құруды тапсырды. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі негізінде 1978 жылы мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің бастамасымен құрылған, 45 жылдық тарихы бар «Әзірет Сұлтан» музей-қорығына «Ұлттық» мәртебе беру туралы ұсынысты қолдайтындығын жеткізді. Нәтижесінде, 2023 жылдың 19 желтоқсаны күні Мемлекет басшысының «Әзірет Сұлтан» музей-қорығына «Ұлттық» мәртебе беру туралы Жарлығы шықты. Бұл Мәдениет және ақпарат министрлігіне бағынысты музей-қорықтар ішінде алғаш қол жеткен толайым табыс болды.
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы өзіне жүктеліп отырған үлкен жауапкершілікті абыроймен атқаруға, жаһандық деңгейдегі тәжірибесі озық музейлермен тең дәрежеде жұмыс істеуге бар күш-жігерін салатын болады. Сонымен қатар 2023 жылы Құрылтай кеңесінде айтылған жағымды жаңалықтың бірі – Марал ишанның Кенесары ханға сый ретінде берген Құран кітабы Ресей жерінен табылып, реставрация жасалып жатқандығы еді. Тарихи жәдігер 2023 жылғы 17 қараша күні Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің Үлкен Ақсарай бөлмесіне салтанатты түрде табысталды. Бұл жаңалықтың астарында үлкен мән жатыр. Қазақтың соңғы ханы Кенесарының қол табы қалған қасиетті Құран кітабының тарихи отанына оралуын ел жақсы ырымға балады.
Биыл елімізде бірқатар ауқымды саммит пен форум өтеді, сонымен бірге Шанхай ынтымақтастық ұйымына, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске, Түркі мемлекеттері ұйымына, Аралды құтқару халықаралық қорына, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымына төрағалық етеді.
2024 жылы елімізде дүниежүзілік көшпелілер ойыны өтеді. Бұл еліміз үшін айтулы оқиға болатындығы сөзсіз. Ол өз кезегінде тамырлас, туыстас халықтардың мәдени-гуманитарлық байланысын одан әрі артуына өзіндік септігін тигізетіндігі анық.
Қазақ – әрқашанда өзінің біртуар перзенттерін, дара тұлғаларын дәріптеген, оларды әрдайым ұлықтаған халық. Асыл тұлғаларымыздың жүріп өткен жолдарын кейінгі ұрпаққа таныту, насихаттау мақсатында Президент Қ.Тоқаев биыл Ғылым академиясының тұңғыш президенті, академик Қаныш Сәтбаевтың туғанына – 125 жыл, даңқты батырлар Сағадат Нұрмағамбетов пен Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына – 100 жыл, Қазақ хандығының бастауы – Жошы ұлысының іргесі қаланғанына 800 жыл толып отырғандығын атап өтті. Мемлекеттілігіміздің тамыры тым тереңде жатқанын әйгілейтін осы айтулы датаға орай кең ауқымды зерттеулер қолға алынып, қазақ тарихының көптомдығын әзірлеу жұмыстары да аяқталатындығын жеткізді. Демек тарихтың ақтаңдақ беттері қайтадан жазылып, көпшілік оқырманға жол тартатын күн де алыс емес.
Президент айтып жүрген басым бағыттың бірі атом энергиясын жандандыру – кезек күттірмейтін мәселе. Қазіргі таңда еліміз жаһан бойынша уран өндіру көлемі жағынан бірінші орында тұр. Бастамаға қарсылықтар болып жатқандығын да айта кетуіміз керек. Бірақ Президент халқымыз үшін аса маңызды шешімді ел талқысына салып, референдум арқылы ғана қабылдауға болатындығын жеткізді.
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент бюджет және салық саясатының тиімділігін барынша арттыру, жаңа инвестициялық кезеңді бастау, мемлекеттік сатып алу, мемлекет пен жекеменшік серіктестігі, құрылыс саласын реттеу жүйесін реформалау, экономиканы кешенді түрде ырықтандыру үшін жүйелі шаралар қабылдау, еліміздегі өндірістің дамуына тың серпін беру, агроөнеркәсіп кешенін дамыту және су ресурстарын үнемдеп пайдалану, коммуналдық-энергетикалық секторды жаңғырту жұмыстарын жеделдету, еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін арттыру үшін белсенді жұмыс істеу, экономиканы цифрландыру ісін жалғастыру және жасанды интеллект технологиясын кеңінен қолдану, әлеуметтік салаға айрықша назар аудару мәселелеріне ден қойды. Президенттің бұл бастамаларын іліп әкетіп, тиісті деңгейде атқаратын азаматтар табылса, оның нәтижелерін жуық арада анық сезінетініміз талас тудырмайды.
Бабаларымыздан қалған «Бақ қайда барасың? Ынтымағы жарасқан елге барамын» деген асыл сөздің астарында елдікке қатысты үлкен мән жатыр. Сондықтан дарқан даламызда тек бірлік пен ынтымақтастық салтанат құруға тиіс және бабалар көксеген ұйысу мұратын ұстану әрбір отандасымыздың азаматтық борышы деп есептейміз.
Берік БАЙБОЛ,
Журналистер одағының мүшесі
Түркістан облысы