Пікір • 12 Ақпан, 2024

Бәрі өз қолымызда

228 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Сен неткен бақытты едің келер ұрпақ,
Қараймын келбетіңе мен таңырқап», деп ақын Қасым Аманжолов жырлағандай, біз – бақытты ұрпақпыз. Екі ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Бірін естіп, бірін естімей, бірін біліп, бірін білмей кеңестік кезеңнен өттік. Егемен ел болған дәуірдің алғашқы жылдарында өмір сүріп жатырмыз. Шекарамыз шегенделді, Астанамыз салынды.

Бәрі өз қолымызда

Фото: baq.kz

Ғылымымыз бен біліміміз заман талабына сай. Ұл-қыз­дарымыз әлемнің ең озық оқу орындарында оқып, әр салада қызмет етіп жүр. Бірақ бір жағынан жылдар бойы қалыптасқан артық шүкір­ші­лік мінез, пендешілік әдет, аш­көздік қасиет, екінші жа­ғынан ноқтаға үйренген жуас­тық, айналаға, көрші­ле­рі­міз­ге жалтақтай қарау, шы­нын айтқанда, әлі де түрлі се­беппен бағыныштылық біраз шектеу болып отырғанын да мо­йындауы­мыз керек.

Кең-байтақ жеріміз, жер асты толған кеніміз бар. Аз­ған­тай ғана халықпыз. Біз неге бұдан жақ­сырақ, тіпті кей­бір араб ел­де­ріндей өмір сүр­мейміз деу­шілер бар. Қате емес.

Жылдам дамып, байыған елдерде, ең бірінші, сол елдер­дің халқы өз өмірін керекті заң­дар­мен қамтып, заңға бағынып өмір сүруге қол жеткізген. Екін­­­шіден, елдің геосаяси мүм­­кін­дігін ескеріп, тиімді ба­ғыт­та ұс­тайтын, басқа елдермен бай­­ланысты елдің, ха­лық­тың жағ­дайын жақсарту үшін ғана пайда­ланатын басшылары бол­ған. Үшіншіден, өскелең ұр­пақ­ты жан-жақты білім алып (тілдер оқып, озық ғылымға қызы­ғушылық жасап), өз елі­нің нағыз патриоты етіп қалып­тастыруға үлкен көңіл бөлінген. Өткенге сын көзбен қарау­мен қатар, егемендіктің ең қиын ке­зең­дерінен өтіп келе жатқаны­мыз­ды да түсінсек екен. Бізде қазір жоғарыдағы үш бағытқа мүмкіндік бар ма? Бар. Қалғаны өз қолымызда. Бірінші бағыт бар­лық мәселені қамтиды. Екін­ші бағыт бо­йынша әлемдік дәре­жедегі тәжірибелі саясаткер, елге жаңа бағыт беріп отыр­ған басшымыз бар. Үшінші ба­ғыт – біздің болашағымыз.

Аз-кем жетістігімізге мақта­на бермей, межеміз бен тал­ға­мы­мыз­ды үнемі жоға­ры­рақ ұстауға талпынуы­мыз қажет. Тілімізбен қатар дінімізді де сыйлай, қас­тер­лей білуіміз керек. Бірақ жат ағымдарға бой ұрып, қыздары­мыз­дың қара жамылып, бет бүркеп, жалпы жастарымыздың білім алудан гөрі көбірек теріс қылықтарға әуес болуы көңіл қынжылтады. 

Жұма күндері өрімдей жас­­тар­дың мешіттің маңына сый­май жүргенін көргенде бұлар­дың жұмысы, сабағы қайда екен деп ойлайсың. Тіпті олардың ішінде мектеп оқушылары да жүр. Дінге құр­мет­пен қарай­мын. Мұсыл­манша жо­ға­ры білім алып, мешіт ұстап, қуғын көрген молданың немере­сімін. 80-жылдарда араб елдерінің бірінде біраз жыл қызмет істеп, аздап тіл де үй­рендім. Ол елдің халқының бәрі негізінен біре­гей түрде киінеді. Ал ке­лін­шектеріміз хал­қымызда еш­қашан бол­­ма­ған, көзге жат ондаған түрлі, бет жауып, бас орап, малынған, түсі де, түрі де үйлеспей тұрған киімдер киюді жиілетіп барады. Осыларды көргенде «Атың шықпаса, жер өрте» деген ма­қал ойға орала береді. Жас­тарымызды дүмше діншіл­дік­тен, діни радикализмнен тек жан-жақты білім сақтап қала алады деп санаймын.

Тіл жойылса, ұлт жойылады. Ұлты жоқ мемлекетте тамыры бар тарихта болмайды. Қай мем­лекеттің де негізгі халқы, мемлекеттік тілі болады. Көп ұлт тұратын мемлекеттерде ол ұлттардың тіліне, мәдениетіне қолдау көрсетілмесе әлсірейді. Алдымен аты-жөндері, онан кейін тілі мен мәдениеті, діні, соңында ұлт та тек атын сақтап, ақыр аяғында жойылады. Біз өз дініміз бен тілімізді ғана емес, басқа отандастарымызға барлық жағдай жасап отырған елміз.

Қазір көп жастарымыз үш, одан да көп тілді меңгерген. Ана тіліміз – мемлекеттік тілді өз дәрежесінде білмеген жас­тар­ға ата-аналары, айналасы көмек­­тес­се, шет тілін игерген адам ортадағы тілді меңгеруі қиын емес.

Бір кезде Ресейдің бір бөлек адам­дары француз тілінде сөй­ле­­генді мақтан тұтқан. Қазір бізде де орыс тілінде сөйле­ген­ді дәреже көретіндер бар. Орыс тілін Қазақстан халқы тү­гелге жуық біледі, ол да бір бай­лығымыз. Бірақ алдымен өзіңді, ұлтыңды, тіліңді сыйлай білуіміз керек. Қазақ қазақпен өз тілінде сөйлесе білетін уақыт болды.

Білімпаз, еңбекқор, отан­сүй­гіш, ұлтжанды жастар­дың тәр­биелеп өсуі ел болашағы үшін аса маңызды. Жастардың осы қасиеттері болуы үшін әлем­тордан алғандарымен қа­тар ғы­лыми, әдеби, тарихи, мәдени салалардағы кітаптарды да пайдалану керек екенін түсінулері керек. Жан-жақты дамыған адам ғана өзіне де, ортаға да, отанға да көбірек, нәтижелі, пайдалы қызмет ете алады.

Бір қуантарлығы – бүгінгі жастар білімге құштар, ерекше белсенді. Көбі жаңа заман талаптарына сай ой түюде, «Үкі­мет маған не береді?» деп қол қусырып отырған жоқ. Өске­лең ұрпағымыз жеке кәсіп­кер­лікке бейім, жаңа технологиялар мен техниканы жедел меңгереді. Мамандық таңдауда да үлкен бетбұрыс бар: жастар заманауи сұранысқа ие, бола­шағы зор мамандықтарға бет бұрып жатыр.

Шынын айту керек, Прези­дент жариялаған Жаңа Қазақ­стан идеясы жастарымызға қо­­ғам өмірінің бар саласында соны, бұрын-соңды болмаған мүм­­кіндіктер ашып отыр. Ен­дігі мақсат – соның бәрін ұтым­ды да тиімді пайдаланып, Жаңа Қазақстанның іргетасы болуға тиіс жаңа қоғамдық сана қалып­тас­тыру. «Біздің тарих – бұл да бір қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа бірақ тағы» деп Қадыр Мырза Әлі ақын айтқандай, жа­зыл­маған, жазылғаны оқыл­ма­ған, бұрмаланған, тіпті құр­­дымға кетіп бара жатқан тари­хы­­мыздың терең екенін, та­ри­хи ақиқатты өскелең ұрпақ біл­уі керек.

Жастарымыз әлем әдебие­ті­­нің озық үлгілерімен сусындаумен бірге өзіміздің әде­бие­тімізді оқып өссе өзіне, өмір­ге керек руха­ни байлыққа қолы жетер еді. Бұл жерде қалам­герлеріміздің айлар, тіпті жылдар да отырып жазған ең­бек­терін кейде шығаруға көмек іздеп, қысы­лып қалып жүргендері де ойла­нарлық жағдай. Мұндай қиын­дық­тар мәдениет саласында да әлі аз емес. Шешімдері – уақыт ен­шісінде.

Аты бар да, заты жоқ болған Ғы­лым академиясының қай­та­дан өз орнына келуі көңіл қуан­тады. Қазақтың біртуар аза­маты Қаныш Имантайұлы құр­ған ғылымның қара шаңыра­ғынан халықтың күтері көп.

Халқымызда «Біреу келіп, біреудің қазанына ас салмайды» деген мағыналы сөз бар. Әр адам, әсіресе өскелең ұрпақ өз бақытын алдымен өзі іздеуге тиіс. Өз елімізде, өз жерімізде өмір сүріп жатқан мүмкіндігі мол халықпыз.

 

Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ,

Мәжіліс депутаты, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің төрағасы