Аймақтар • 13 Ақпан, 2024

Жүргізуші куәлігін сатқан қылмыстық топ ұсталды

248 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жамбыл облысы полиция департаментінің қызметкерлері Жамбыл, Түркістан облыстарының және Алматы мен Шымкент қалаларының тұрғындарынан тұратын қылмыстық топтың заңсыз әрекетін әшкерелеп, олардың «жұмысына» тосқауыл қойды. Қылмыстық топ көлік жүргізушісі куәлігін заңсыз саудалаған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жүргізуші куәлігін сатқан қылмыстық топ ұсталды

Сурет: облыстық полиция департементінің баспасөз қызметі

Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, қылмыстық топтың құрамында бірнеше адам болған. Қылмыстық топ мүшелері мүдделілердің оқуға тиіс сабақтарын және көлік басқару мүмкіндігін тәжірибе жүзінде тексермеген. Қаржылай сыйақы үшін жүргізуші куәлігін шүлен таратқандай заңсыз үлестірумен ұзақ уақыт бойы айналысып келген.

Дерекке сенсек, қылмыстық топтың құрамына ХҚКО қызметкерлерінен бөлек, жоғарыда айтылған өңірлерден жүргізуші куәлігін алуға ниет білдірген тұтынушыларды іздестірген арнайы «көмекшілер» бар. Ең сорақысы құжаттар Тараз қаласында орналасқан халыққа қызмет көрсету орталығында рәсімделіп, заңсыз иелерін тапқан.

ш

«Тіркелген қылмыстық іс бойынша тергеу әрекеттері жүргізіліп жатқанын айта кеткен жөн. Қазіргі уақытта жүргізуші куәлігін заңсыз берудің 35 дерегі анықталды. Қылмыстық жүйені ұйымдастырушылар мен орындаушылар уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды», дейді облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Алмаз Алматов.