Қоғам • 13 Ақпан, 2024

Бір жыл бұрын ұсталған браконьерлер сотталды

178 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысында бір жыл бұрын ұсталған браконьерлер тобы сотталды, деп жазады Egemen.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Бір жыл бұрын ұсталған браконьерлер сотталды

Фото: polisia.kz

Бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері аса ірі көлемде жасалған заңсыз аң аулау фактілерін ашқаны туралы хабарланған еді.

2023 жылдың басында облыстық Полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қызметкерлерінің назарына Сібір еліктерін өнеркәсіптік ауқымда браконьерлік жолмен атып алумен айналысатын адамдар тобы түсті.

Ақпан айының соңында ВАЗ-2115 автокөлігімен жүрген Петропавл қаласының үш тұрғыны ұсталды. Тексеріс барысында көліктен тіркелмеген тегіс ұңғылы екі мылтық пен Сібір елігінің төрт өлексесі табылды. Одан әрі жедел-іздестіру іс-шаралары барысында саяжай учаскелерінің бірінде қойма мен мүшелеу цехы анықталды. Сол жерден еліктің тағы 2 өлексесі, 40 тері, 12 бас пен 119 тұяқ табылды.

Кейін қылмыстық топқа тағы бір азаматтың қатысы бары анықталды. Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы ұсталған адамдар браконьерлік қызметпен байланысты заңсыз бизнес құрғанын мәлімдеді. Олар ұйымдасқан қылмыстық топты құрып, көшбасшы, мерген, қасапшы жүргізуші болып өзара бөліп алған әрекеттерін іске асырған.

«Ұйымдасқан қылмыстық топ қатысушылары браконьерлік кәсіпті жүзеге асыру үшін тіркелмеген қару, оқ-дәрі, гильзалар мен бытыралар сатып алған. Ал жабайы жануарлардың етін таныстарына өткізіп отырған. Сарапшылардың қорытындысына сәйкес, мемлекетке 68 миллион теңгеден астам шығын келтірілді. Аталған фактілер Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 262-бабы мен 337-бабы бойынша сотқа жіберілді», делінген ақпаратта.

Бұрын да сотты болған қылмыстық топтың басшысы 11 жылға бас бостандығынан айырылса, сыбайластары 8 жылға сотталды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.