Аймақтар • 14 Ақпан, 2024

Қарғын су қаупі

163 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қыстың соңғы айы Шығыстағы жұртты әбден әбігерге салды. Марқакөл өңіріне жарты метр қар жауса, Үлкен Нарын мен Зайсан аудандарында қарғын су қауіп төндірді. Күре жолдарға көшкін түсіп, көлік қозғалыстарына шектеу қойылды. Артынша аяз көтерілді.

Қарғын су қаупі

Зайсан ауданында ауа тем­пературасының күрт жылынып, түнде жауын-шашынның тү­суінен таулы жерлерде қар ери бастаған. Еріген қар суы сай-саланы қуалай ағып, аудан орта­лығындағы қос көшемен гүр етіп өткен. Үйді-үйлерге су кірме­генімен, жергілікті билік дереу техникаларды жұмылдырып, тосқауыл қоя қойған. Тілсіз жауға сенім жоқ. Әр сала техникаларын шығарып, өздері білек сыбана алдын алу жұмыстарына кіріскен. Жергілікті атқарушы орган, төтенше жағдайлар қыз­меткерлері, полицейлер, шекара­шылар бір кісідей аз уақыт ішін­де техникалардың көмегімен тасқынға тосқын қойды.

– Еріген қар суы ауыл көше­лерін аралай ағып жатқанымен, тұрғын үйлерге қауіп төнген жоқ. Жағдай тұрақталды. Жұмыс­тар тікелей бақылауымда, – деді Зай­сан ауданының әкімі Аэлита Ахметсәлімқызы.

Дәл сол секілді Үлкен Нарын ауданы, Жұл­дыз ауылына да еріген қар суы тұрғын үйлерге қауіп төндірген. Анықталғандай, Амангелді көшесіндегі бір тұрғын үйдің аула­сында су жиналған. Жедел қимылдаған мамандар мотопомпа көмегімен көлкіген суды сорып, қауіпті сейілтті. Есеп-қисаптарына қарасақ, 40 текше метр су сорылып, су басады-ау деген тұстарға 30 тонна көлемінде қиыршық тас төгілді. Сонымен қатар Көкбастау ауылындағы Абай көшесіндегі үш аулаға қарғын су жайылған. Абырой болғанда, суды ауыл басынан бұрып, далаға қарай бағыттаған.

Үйді-үйлерге бүгін қауіп төніп тұрма­ғанымен, көктем қалай боларын кім білсін?! Дөп басып, болжап отырған мамандар да жоқтың қасы. Сондықтан, қашан болмасын сақадай-сай отыруға тиіс. Мұндай жағдайда тұрғындар да жауапкершілік танытқандары жөн. Әлбетте, арнайы мамандар қауіптің алдын алу қамын жасайды.

Оның үстіне, күн жылып, жаңбыр себеле­гендіктен, күре жолдарға көшкін түсіп, авто­көліктердің қозғалуына шектеу­лер қойылып жатыр. Облыс ор­талығынан Катонқарағай, Самар, Қалбатау, Шемонаиха ба­ғыт­тарына жолдар жиі жабы­лып, жолаушыларға ескерту хабарламалары түсіп отыр. Ка­тон­қарағай ауда­нында ауыл ара­сын­дағы жолдарға да көшкін түсіп, жолаушыларға тұсау бол­ған. Өткен аптада Сөгір – Бар­лық арасындағы жол жабылып қалса, күні кеше Өскемен – Ра­хман қайнары тас жолының 437 шақырымын көшкін қар басып қалған. Айта кету керек, дайын тұрған техникалар жа­былған жолдарды дереу қардан аршуға кіріскен. Әсіресе тауды бөктерлей жатқан жол­дарға көктем шығып, күн жыли көшкін жиі түседі. Демек жүргізушілер де жауапкершілікті сезініп, шектеулерге бағынғандары абзал.

 

Шығыс Қазақстан облысы