Әдебиет • 13 Ақпан, 2024

Қос ғасыр тартысы

119 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Адамзат өркениеті ежелгі Грек-Рим мәдениетінен күш алып, орта ғасырда ілгері тұғырға қол жеткізді. Бірақ діни ахуалдар, үстем тап пен төменгі тап тартысы, Еуропадағы шіркеулер­дің қасаң түсінігі ғылым мен мәдениетті ойсыратып бақты. Іле жаңа ғасыр шуағы таралып, түрлі ойшыл ықпалымен тұңғиық түсініктердің тоңы жібі­ді, азат сана мен адамның жеке құқы­ғы алға шықты. Әдеби шы­ғар­­малар қаулап өсіп, еркін ой құсы көкті шарлады. Ендеше, «пейіш пен тозақ айтысы» дегендей, орта ғасыр мен жаңа ғасыр тартысына назар салалық.

Қос ғасыр тартысы

Жаңа ғасыр: Әрбір ескілік өзімен бірге ескілік туғызады. Және олар ақы­мақ адамша өзінің қай сатыда екенін ешқашан білмейді. Сондықтан да ол әлдеқашан қолданыстан шыққан терминдер мен жауыр болған түсінікте­рін санаға күштеп таңуға құмар. Мәсе­лен, сіз өзіңізді орта ғасырмын дейсіз, «барлық құндылықтардың бастауы менде жатыр» дегіңіз келеді. Орта ға­сыр әдебиеті адамзат үшін не жасады? Адамзатқа нені үйретті? Бәлкім, Шекс­пирді көлденең тартатын болар­сыз. Әлбетте, Шекспир рухының бір­шама кезеңді шытырман сұсымен әлди­легені рас. Бірақ оның өз торына өзі қамалып, көпсөзділікке ұрынған, түбірі суицидке бастайтын тұнжыр философиясын жаңа ғасыр қошеметпен қарсы алады деп ойлайсыз ба?

Орта ғасыр: Орта ғасыр әдебиеті дегенде жөн-жосықсыз Шекспирді суырт­пақтай жөнелгеніңізге жол болсын! Орта ғасыр бұл – Данте, бұл – Петрарка! Бұл – Дуфу мен Ли Бай, Хафиз бен Хаям! Бұл – ғылымдардың басы болған Ибн Сина, Әбу Абдолла Әл-Хорезми, Бируни! Бұл – әрқайсысының бейіті бү­гінде күмбезге айналған әулиелер мен қасиетті дәруіштер шоғыры. Парсы саздары мен Тұран әдебиетінің екпінін қай­­да қоймақсыз? Кез келген дүниенің соңы мен төмен ағысы емес, бастау бұ­ла­ғы құнды. Ал жаңа ғасырдың бас­тау бұ­лағы орта ғасыр екені талассыз ақи­­қат.

Жаңа ғасыр: Әр қоғамда, әр кеңіс­тікте жаңа бұйым келгенде оған ескі бұйым орын беріп, төрге шығарады. Мәселен, 100 вольттық жарық шам пайда болған соң, ескіше шақпақ таспен от жағып, өлімші алауына телміріп отыру ақымақтық саналар еді.

Орта ғасыр: Шамды ойлап тапқан Эдисонның не дегенін білесіз бе? Эди­сон: «Мен электр тоғын Мұхиддин ибн Арабидың «Футух атул-Мәккия» кіта­бынан таптым», деп ағынан жа­рыл­ған. Міне, ол осы сөзімен-ақ орта ғасырға бас иіп тұр. Ал даңқты Гете­нің көзіқарақты оқырман жақсы біле­тін «Шығыста жеті ғаламат ақын бар, со­лар­дың ең осалы менен мықты», деген пікірін қайда қоймақсыз? Габ­риэль Гарсиа Маркестің «Мені жазушы болуға итермелеген «Мың бір түн» еді» дейтін сөзін білесіз бе? Мәселен, Пер Беранже, Иван Крыловтар үлгі алған грек ойшылы Эзоптың тамыры көне үнділік «Кәлилә мен Димнәдан» шыққанын неге мойындағыңыз кел­мей­ді? Португалдық жазушы Жозе Сара­магоның Нобель сыйлығын алған «Соқыр­лық» атты шығармасы Түркінің «Жұм­жұма» дастанында әлдеқашан жырмен кестеленіп қойғанын білсеңіз етті. Сіздер өздеріңізге жаңа ғасыр деп ат қойып, біздегі қордаланған бай құ­нар­ды түрлі формаға салып, біршама күрде­лендіріп, тонын айналдырғаннан өңге не жаңалық алып келдіңіздер? Сондықтан да жаңағасырлық туындылардың көбі ішкілік үстіндегі достықтай құнсыз тартады. Гамлеттегі Полоний не деуші еді? «Сіз өзіңіз сөздің өңін аудара қоюға керемет машықтанып алыпсыз!»

Жаңа ғасыр: Дүниеде қанша адам бар болса, олардың ішкі сезінуі де бір-біріне ұқсамақ емес. Сіз орта ғасыр­да дидак­тикамен ағаштың сыртқы қабы­ғын жырласаңыз, жаңа ғасыр оның ішкі қабаттарын, түбірін, көзге көрінбес сырларын сезіне біледі. Оны сіздерше құрғақ сөзбен емес, символистік, сюр­реа­листік образдармен өрнектеді. Екін­шіден, «адамның адамшылығы істі баст­ағандығынан білінеді» дейді. Ал әде­биетте тұлғаның шын тұлғасы өзі­нің шығармашылық жолын, миссиясын қалай аяқтай алғанымен білінеді. Егер тұлға таудың шыңына жетсе, оған көп септігін тигізген тау ортасындағы сатылы тастар емес, ең бірінші өзі! Ол өзін әлгі тастарға қарыздар сезініп, тө­менге именшектей берсе, шыңға еш­қа­шан жете алмас еді. Жә, орта ғасыр түбіріміз делік, бірақ ол өзінің қар­тайып, әлдеқашан әлжуазданғанын мо­йын­даса керек-ті. Сіздер католиктік шіркеудің ой-танымынан аса алмаған қайта құруға дейінгі Еуропа әдебиеті­нің, оның еңбек өлеңдері мен әдет-ғұрып­­қа негізделген діни гимндерін, Тәурат па­ра­фразалары тұнған клерикалық әде­бие­тін қалайша ақтап алмақсыздар? Және феодалдық қатынастардың пайда болуынан, өркендеген феодализмнің сарқыншақтарынан құралған прозаларын алға тартқыңыз келеді. Құр көкі­рек кере бергенше, өздеріңізді ұйық­тан алып шыққан ежелгі Грек-Рим өр­кениеті мен ертерек ояна білген Фран­цуз ағартушылығына салауат айтқандарыңыз жөн болар.

Орта ғасыр: Егер бүкіл адамзат ба­ласын жаңа штат бойынша қайта құру жайлы сөз болса, алдымен сізден бастар едім! Жаңа ғасыр Петрарканың демінен, Франсуа Вийон мен Данте, Мильтон, Хафиз, Румидің шылауынан биікке қол соза алған жоқ. Керісінше, әлі күнге солардың әсерінен шыға алмай келеді. «Дүниеде жаңадан пайда болған ештеңе жоқ». Бәрі ескі. Сондықтан оны алғаш құрғандар мәңгілік ұлы болып қала береді.

Жаңа ғасыр: Сірә, сізбен сөз жарыс­тырудың керегі шамалы секілді, бірақ бі­ліп қойыңыз: жаратылыс есіктері адам шашынан он есе, тіпті жүз есе көп. Қо­ғам олардың жартысын да ашып­ біт­кен жоқ. Сондықтан ғылым, өнер, мә­­дениет кеңістігі жыл сайын жа­­ңара бермек. Тіпті сағат сайын әр­бір зат өз­­геше атау алып, табиғат тұтас­­тығы да өз­геше түрге енбек. Еркін­дік­­тің өзі азап­қа айналған қоғам мен үстем­дік жүр­гізгенді құдіретті санайтын то­бырлық комплекстің де жойылатын мез­гілі келеді. Адамзат баласының жеті қат жер астына дейін сіңген көз жасы раушан кейпінде қайта өнетін дәуір алыс емес. Тұла бойына көнбістік пен құмырсқа мінез дарыған кейбір иілгіш ағаштар оталар, орнына күнсүйгіш бұта­лар бүр жарар. Оһ, сонда жайдың оғы жазықсызға емес, жауызға түсер. Ұрпақтың сана диірмені тек жаңаша, тек жаңаша айналар!

Орта ғасыр: Әр адамның өмірбая­ны болатыны секілді әр халықтың, әр әде­биеттің өз өмірбаяны болады десек, бір ха­лық­тың санасы екінші сатыға кө­терілу үшін, кемінде, үш ұрпақ алмасуы қажет. Тіпті мұның өзі күмән туғызады.

Жаңа ғасыр: Ол сол дәуірдің, ха­лық­тың тегіне, мыңжылдық кодына бай­ланысты болса керек.

Орта ғасыр: Мүмкін.

Жаңа ғасыр: Біз, жаңа ғасыр, өзі­мізге дейінгі қалыптасқан қасаң түсі­ніктерді бұзушы ұрпақпыз. Жаны азап­талған Фауст: «Апыр-ай, ғылым – шек­сіз, өмір – шекті, биіктен бір мұ­нара көрінсе етті!» деуші еді. Алыс жаға­лаудан маягі жалт-жұлт еткен бір мұ­нара көремін. Ол – жаңа сөз, жаңа ой, жаңа ұғым мұнарасы.