Балалар • 14 Ақпан, 2024

Бала несібесін арттырған жыл

144 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Қой егіз туса, бір түп жусан артық шығады» деп бала ырыздығын ойлап, әр сәби дүниеге өз несібесімен келеді деп жақсылыққа жорыған халықпыз ғой. Кеше елдегі әр балақайдың есепшотына артық-кемі жоқ 100 доллардан қаржы түсіп, біраздан бергі күпті көңіл марқайып қалды.

Бала несібесін арттырған жыл

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Баланың табысына салық салынбайды

Енді әлгі мәтелді заман ырғағына сай бейімдесек, еш сөкет бола қоймас. Бұдан былай «бір сәби дүние есігін ашса – бір баррель мұнай артық сатылады» деп айта жүретін болдық. Қайткенмен, осы игілік мұнайдан түскен табыстан үлестіріліп жатыр ғой. Президенттің «Ұлттық қор – балаларға» жобасын 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастау туралы тапсырмасына сәйкес, енді Ұлттық қордағы инвестициялық кірістің 50 пайызы 18 жасқа дейінгі балаларға тең бөлінбек.

Шоттағы қаражат бала 18 жасқа толғаннан кейін қолжетімді болады және оны екі мақсатта – баспана алу және білім алу үшін пайдалануға мүмкін­дік беріледі. «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» (БЖЗҚ) АҚ басқарушы директоры Мұрат Шәріповтің айтуынша, кәмелетке толған қатысушы уәкілетті операторға өтініш береді. Зейнетақы қоры баланың жинағын уәкілетті операторда ашылған банктік шотқа аударады. Бұл төлемдерден жеке табыс салығы алынбайды.

Дегенмен ескеретін бірқатар талап бар. Мәселен, Қазақстан азаматтығы жоқ немесе азаматтығын тоқтатқан кезден бастап шетелге шыққан азаматтарға нысаналы талап есебі тоқтатылады. Оған белгіленген сома басқа балалар арасында бөлінеді. Уақытша шетелде тұрып, азаматтығынан айырылмаса, ақша есептеле береді. Ал қатысушы қайтыс болса, қаражаты мұрагерлеріне тиесілі болады. Баланың жинағын алушы мұрагерлер ақшаны кез келген мақсатқа пайдалануға құқылы.

 

Биыл қанша бала қаржысының игілігін көреді?

Ұлттық қордан берілетін нысаналы жинақ­тарға келесі шектеулерді қоюға тыйым салынады:

  • Банк шоттарындағы ақшаға тыйым салу немесе өндіріп алу;
  • Банк шоттарындағы ақша қа­ра­жаттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру;
  • Жинақты қатысушының келісімінсіз алып қою;
  • Жеке табыс салығын салу.

Бұдан ұғатынымыз – қатысушының қандай да бір сот немесе басқалай қарыз-берешегі үшін кім-кімнің де (ұйым, мекеме, орган деп те түсініңіз) ол қаражатты алып қоюға құқы­ғы жоқ.

«Ұлттық қор – балаларға» бағ­дарламасы – еліміздегі маңызды әлеу­меттік жобалардың бірі. Ол Ұлттық қор­дың басты парызын орын­­­дауға бағыт­талған. Қордың өсуі және ин­­вес­тициялық кіріс алу есебінен ұлғаятын өске­­лең ұрпақтың қаражаты баланың ересек өмір­ге нық қадаммен аттауына көмек болатынын ерекше атап өткен абзал», дейді Мұрат Шәріпов.

сми

Қош, алғашқы қаражат түсті, тиісін­ше кәмелетке биыл толатын бірқатар қатысушы­дан өтініштер де келіп үлгерген. Биыл 18 жасқа толатын 304 815 баланың БЖЗҚ-да ашылған нысаналы жинақтау шотында қаржы жатыр. 9 күннің ішінде БЖЗҚ-ға 100-ден астам өтініш түсіпті. Оның ішінде 54-і – білім беру ақысын төлеуге, 49-ы тұрғын үй жағдайын жақсартуға қатысты. Осы өтініштердің 63-і орындалып, 21-і қарастырылып жатыр екен. Қалған 19-ы қабылданбаған.

«Өтініштердің қабылданбау се­беп­тері – бір өтінішті қайталап беру, дерек­тер мен со­ма­ларды дұрыс көрсет­пеу. Біз­дің байқауы­мызша, кейбір азаматтар өз өті­нішінде есеп­шо­тында­ғы жинақ сомасы­нан асып түсетін соманы көрсеткен. Тексермейміз немесе байқа­май қаламыз деп ойлаған болуы мүмкін. Бірақ бұл өтініштердің барлығы қаралмай, кері қайтарылды», деп түсіндіреді БЖЗҚ басшысы.

 

Шетелде туған балаларға шот ашыла ма?

Қаржы министрлігі Бюджеттік кредиттеу, Ұлттық қор және қаржы секторы мәселелері бойынша өзара іс-қимыл департаментінің директоры Айбол Арғынғазиновтың айтуынша, Ұлттық қордың соңғы 18 жылдағы қалыптасқан орташа инвестициялық кірісінің мәні 695 519 269 долларға тең. Бұл сома 6 919 131 балаға теңдей бөлініп, әрбір баланың есепшотына 100,52 доллар мөлшеріндегі нысаналы салым түсті. 304 815 бала осы қаражатты 2024 жылы пайдалана алады.

Департамент басшысы шетелде өмір­ге келген балаларға Ұлттық қордан шот ашыла ма деген сауалға да жауап берді.

«Егер бала Қазақстан Республикасы­нан тыс жерде дүниеге келген болса, бірақ Қазақстан Республикасының аза­маттығын алса, оған қаражат туған кезден бастап есептеледі. Ал егер бала басқа мемлекеттің аумағында дүниеге келіп, азаматтықты келген кезде ғана алса, онда қаражат азаматтық алған кезден бастап есептеле бастайды. Бұл жерде негізгі шарт – Қазақстан Республикасының аза­мат­тығы екенін атап өткен жөн», дейді.

Статистикалық деректерге сүйенсек, нысаналы талаптарға қатысушы балалар­дың ең көп саны (922 841 бала) Түркістан облысында тіркелген. Оларға 92 763 977 доллар есептелді. Оның ішінде биыл 18 жасқа толатын 41 968 нысаналы жинақ алушының жинақтау шотына 4 218 623 доллар түскен.

Балалар саны бойынша екінші орында – Алматы қаласы. Мұндағы 666 443 балаға 66 990 850 доллар есептеліпті. 600 мың­нан астам алматылық балғынның 26 621-і биыл 18-ге толады, сәйкесінше олар­дың шотында жалпы алғанда 2 675 942 доллар бар. 

Үшінші орында – Алматы облысы. 608 711 балаға 61 187 000 доллар жіберілген. Оның ішінде биыл 18 жасқа толатын 26 802 нысаналы жинақ алушының жинақтау шотына 2 694 000 доллар есептелген.

 

Балалар табысы өсе беруге тиіс

БЖЗҚ басшысы Мұрат Шәріпов төленетін қаржы сомасының ин­вестициялық кірістің түсуіне байланысты жыл сайын артып отыратынын айтады.

«Ұлттық қордың инвестициялық табысы жыл мәнінде 1 млрд 390 мың доллар болып белгіленген. Ұлттық қордың 18 жылдағы орташа жылдық кірістілігі 2,6 пайыз доллармен болды. Осы инвестициялық кірістің 50 пайызы – 695,5 миллион доллар 2024 жылы бөлінді. «Ұлттық қор – балаларға» жобасының негізгі мақсаты – өскелең ұрпақты қолдау және оларға ұлттық жинақ есебінен тұрғын үй жағдайларын жақсарту немесе білім алуға мүмкіндік беру», дейді спикер. 

Жалпы, бағдарламаға 2006 жылдың 1 қаң­тарынан бастап 2023 жылдың 31 желтоқ­санына дейінгі аралықтағы туған балалар түгел қатысады. Келесі жылдары туған балалар да автоматты түрде бағдарламаның қатысушысы атанады. 

 

Біздің қаржы БАӘ-ден неге аз?

Айбол Арынғазинов Қазақстандағы бала­ларға берілетін қаржының неліктен Біріккен Араб Әмірліктеріндегі сомадан аз екеніне де тоқталды.

«Бұл жердегі айырмашылық мемлекет таңдаған әлеуметтік моделдің әр алуан­ды­ғында. Қазақстан өзін әлемдік қауым­дас­тық алдында әлеуметтік мемлекет ретінде көрсетті. Сәйкесінше халық барлық әлеу­меттік кепілдікпен қамтамасыз етіледі, ол үшін Ұлттық қордан республи­калық бюджетке трансферт жасалады. 70-тен аса түрлі әлеуметтік көмек түрлері бар. Ондай көп көмек басқа елдерде қарас­тырылмаған. Сон­дай-ақ қазір әлеуметтік жәрдемақылардың жеке­леген түрлері, мемлекет субсидиялайтын зейнетақының бір бөлігі Ұлттық қордан бюджетке жіберілетін трансферт есебінен жүзеге асырылып отыр. Сондықтан Ұлттық қор азаматтарымыздың игілігіне жұмыс істеп жатыр деп айта аламыз», дейді маман.

Айта кетейік, баланың бағдарламаға қаты­су дерегі және оған есептелген нысаналы талаптар туралы ақпаратты кәмелетке толма­ған баланың ата-анасы немесе басқа заңды өкілдері арнайы құрылған kids.enpf.kz сайтынан баланың ЖСН бойынша тексере алады. Бағдарлама жұмысының бірінші күні, яғни 2024 жылдың 1 ақпанында бұл бөлімге 2 миллион 700-ден астам адам кірді. ЖСН бойынша шамамен 5,5 млн сұраныс өңделген.

Әрбір балаға жасалған есептеулер туралы мәлімет egov.kz порталында орналастырылған. Нысаналы жи­нақ­тарды кәмелетке толған азамат enpf.kz сайтындағы жеке кабинетінде, БЖЗҚ ұялы қосымшасында немесе egov.kz порталында өз бетінше тексере алады.