Пікір • 14 Ақпан, 2024

Әлеуметтік әділдік – басты бағдар

90 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы қоғам үшін қажетті бірнеше бағытқа тоқталды. Соның ең маңыздысы – бұған дейін баяу қимылдаған бюрократиялық машинаның қарқынын арттыру міндеті.

Әлеуметтік әділдік – басты бағдар

Жаңа Үкімет осы бағыттағы заң­намалық құқықтық мәселелерді дұрыс шешетін болса, мемлекет дең­гейінде қабылданған шешімдердің іске асырылуы жеңілдейді, оң нәтиже береді деп сенемін. Сонымен қатар әлеуметтік әділдік туралы көңілге қонымды ой айтылды. Шындығында да әлеуметтік әділдік елдегі экономикалық дамуға да оң серпін беретіні сөзсіз. Білім мен біліктілікке басымдық, дұрыс баға беріліп, әлеуметтік әділдік орнаған жерде тұрақтылық болады. Қазіргі таңда біздің экономикаға қажетті дүние – инвестиция тарту болса, инвестор ретінде әр адам өз қаржысын тек тұрақтылық жайлаған елге салғанды құп көреді. Олай болса елдегі тұрақтылық іштегі өз мәселеміз ғана емес, жалпы ашық әлеммен қарым-қатынас жасаудың, біздің дамуымызға басқалардың өз қаржысын құюдың негізі болып саналады.

Бұдан бөлек, мемлекет пен жеке­меншік серіктестік бағытындағы жұ­мысты жандандыру да маңызды. Бұл бағыт­тағы жұмыс әлеуметтік салада тәп-тәуір жолға қойылып келеді. Мысалы, қазір жекеменшік бала­бақшаларды қар­жыландыру бағытында қолға алынған шаралар жемісін беріп, демографиялық өсімнің артуына септігін тигізіп отыр. Бірақ балабақша мен мектеппен қамтамасыз ету ісінде әлі де артта келе жатырмыз. Егер мемлекет пен жекеменшік серіктестіктің қарым-қатынасын заңнамалық тұрғыда ны­ғайтып, ретке келтіретін болса, онда бү­гінгі олқылықтардың орнын толтыра алар едік.

Қазір қай өңірді алсақ та, үйге кезекте тұрған адам көп. Бұл бағытты реттеу үшін де осы жекеменшік серіктестік саласын дамыту қажет.

 «Біздің алдымызда тұрған негізгі міндет – адамдардың қауіпсіздігі», деді Мемлекет басшысы. Олай болса, құрылыс, мектеп пен балақша салу, оның ішіндегі қызметі болсын, бұл жерде адамның қауіпсіздігін сақтау ең қажетті нәрсе. Қоғамның сенімін арттыру үшін бұл бағыт сенімді болуы керек. Жер сілкінісі секілді табиғи апаттар барысында көкейімізде: «Салып жатқан үйлеріміз сапалы ма? Мектепке жіберген балаларымыз аман-есен үйге қайта ма? Оларға беріліп жатқан білім жеткілікті ме? Мектепке жұмысқа алын­ған мамандардың біліктілігі мен білі­мі сай ма, психологиясы баламен жұмыс істеуге лайықты ма?» деген сауалдар тұрады. Бұл да – Президенттің жаңа құрылып жатқан Үкіметтің алдына қойып отырған зор міндеттерінің бірі.

Жемқорлық бүгінде талдың өзегін кеміріп жеп жатқан құрт секілді. Онымен күрес табандылықпен жүруі керек. Тегінде қоғамның санасын өзгертпей, жемқорлықты тыя алмаймыз. Қоғамның тәртіп бұзуға  қарсы им­мунитеті мықты болуға тиіс. Әр адам пара бермей, пара алмай өмір сүру қағидатын қатаң сақтап, өскелең ұр­пақты адалдыққа дәріптеп, асыл құн­дылықты бойына сіңірсек қана жетістікке жетеміз.

Президент мұны Үкіметке тапсыра отырып, жалпы қоғамға ой тастады.

Сонымен қатар экономиканы цифр­ландыру мәселесін де айтты. Бұл – өте дұрыс бағыт. Өйткені қаржылық қарым-қатынас тек қана цифрлық жолмен өтетін болса, жемқорлыққа балта шабуға мүмкіндік туады.

Ауыл шаруашылығы туралы да тұщымды ойлар айтылды. Су тапшы­лығын рет­ке келтірудің жолдарын қарастырудың маңыздылығына тоқ­талды. Біздің ел – ауыл шаруашылығынан үлкен мүмкіндігі бар мемлекет. Келер ұрпақты ойласақ, бұл бағыттағы жұмысқа бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, қоғам болып атсалысуымыз керек. Үкіметке артылған міндеттің оң нәти­жесін күтіп қана қоймай, бірлесіп іске кіріскенде ғана еліміз дамудың даңғыл жолына түседі.

 

Нәзипа ШАНАИ,

Қазақстан халқы Ассамблеясы республикалық Аналар кеңесінің төрағасы