Жаңа Үкімет осы бағыттағы заңнамалық құқықтық мәселелерді дұрыс шешетін болса, мемлекет деңгейінде қабылданған шешімдердің іске асырылуы жеңілдейді, оң нәтиже береді деп сенемін. Сонымен қатар әлеуметтік әділдік туралы көңілге қонымды ой айтылды. Шындығында да әлеуметтік әділдік елдегі экономикалық дамуға да оң серпін беретіні сөзсіз. Білім мен біліктілікке басымдық, дұрыс баға беріліп, әлеуметтік әділдік орнаған жерде тұрақтылық болады. Қазіргі таңда біздің экономикаға қажетті дүние – инвестиция тарту болса, инвестор ретінде әр адам өз қаржысын тек тұрақтылық жайлаған елге салғанды құп көреді. Олай болса елдегі тұрақтылық іштегі өз мәселеміз ғана емес, жалпы ашық әлеммен қарым-қатынас жасаудың, біздің дамуымызға басқалардың өз қаржысын құюдың негізі болып саналады.
Бұдан бөлек, мемлекет пен жекеменшік серіктестік бағытындағы жұмысты жандандыру да маңызды. Бұл бағыттағы жұмыс әлеуметтік салада тәп-тәуір жолға қойылып келеді. Мысалы, қазір жекеменшік балабақшаларды қаржыландыру бағытында қолға алынған шаралар жемісін беріп, демографиялық өсімнің артуына септігін тигізіп отыр. Бірақ балабақша мен мектеппен қамтамасыз ету ісінде әлі де артта келе жатырмыз. Егер мемлекет пен жекеменшік серіктестіктің қарым-қатынасын заңнамалық тұрғыда нығайтып, ретке келтіретін болса, онда бүгінгі олқылықтардың орнын толтыра алар едік.
Қазір қай өңірді алсақ та, үйге кезекте тұрған адам көп. Бұл бағытты реттеу үшін де осы жекеменшік серіктестік саласын дамыту қажет.
«Біздің алдымызда тұрған негізгі міндет – адамдардың қауіпсіздігі», деді Мемлекет басшысы. Олай болса, құрылыс, мектеп пен балақша салу, оның ішіндегі қызметі болсын, бұл жерде адамның қауіпсіздігін сақтау ең қажетті нәрсе. Қоғамның сенімін арттыру үшін бұл бағыт сенімді болуы керек. Жер сілкінісі секілді табиғи апаттар барысында көкейімізде: «Салып жатқан үйлеріміз сапалы ма? Мектепке жіберген балаларымыз аман-есен үйге қайта ма? Оларға беріліп жатқан білім жеткілікті ме? Мектепке жұмысқа алынған мамандардың біліктілігі мен білімі сай ма, психологиясы баламен жұмыс істеуге лайықты ма?» деген сауалдар тұрады. Бұл да – Президенттің жаңа құрылып жатқан Үкіметтің алдына қойып отырған зор міндеттерінің бірі.
Жемқорлық бүгінде талдың өзегін кеміріп жеп жатқан құрт секілді. Онымен күрес табандылықпен жүруі керек. Тегінде қоғамның санасын өзгертпей, жемқорлықты тыя алмаймыз. Қоғамның тәртіп бұзуға қарсы иммунитеті мықты болуға тиіс. Әр адам пара бермей, пара алмай өмір сүру қағидатын қатаң сақтап, өскелең ұрпақты адалдыққа дәріптеп, асыл құндылықты бойына сіңірсек қана жетістікке жетеміз.
Президент мұны Үкіметке тапсыра отырып, жалпы қоғамға ой тастады.
Сонымен қатар экономиканы цифрландыру мәселесін де айтты. Бұл – өте дұрыс бағыт. Өйткені қаржылық қарым-қатынас тек қана цифрлық жолмен өтетін болса, жемқорлыққа балта шабуға мүмкіндік туады.
Ауыл шаруашылығы туралы да тұщымды ойлар айтылды. Су тапшылығын ретке келтірудің жолдарын қарастырудың маңыздылығына тоқталды. Біздің ел – ауыл шаруашылығынан үлкен мүмкіндігі бар мемлекет. Келер ұрпақты ойласақ, бұл бағыттағы жұмысқа бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, қоғам болып атсалысуымыз керек. Үкіметке артылған міндеттің оң нәтижесін күтіп қана қоймай, бірлесіп іске кіріскенде ғана еліміз дамудың даңғыл жолына түседі.
Нәзипа ШАНАИ,
Қазақстан халқы Ассамблеясы республикалық Аналар кеңесінің төрағасы