Оқиға • 14 Ақпан, 2024

Аңыз Айманов

182 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

...Ол бала кезінде оңашада тасқа отырып алып ағыл-тегіл жылайды екен. Соны сыр­тынан көрген бір қария: «Тимеңдер, бұл бала Жаратқанмен тілдесіп отыр» деп­ жаны­на ешкімді жолатпай, тәңірмен тілдескен талант бойынан ерекше қа­сиет­ті байқапты. Қарттың қырағы көзі қалт жібермепті. Арада жылдар­ өт­кен­­де сол «жылауық бала» қазақ өнерінің шын мәніндегі жанартауына айналды!

Аңыз Айманов

Иә, талант та табиғатына тартып туады. Баянауылдың көркем де бай табиғатынан нәр алып өскен Шаһкерім – Шәкеннің сірә да сұлулыққа селт етпеуі, айналасына махаббатпен көз тікпеуі мүмкін еместей көрінеді. Себебі оның өмірінің өзі тұнып тұрған өнер еді. Ал Айманов бойындағы алапат актерлік дарын сол бала күнінен-ақ айқындала бастаған болатын.

Кино өнерінің корифейіне бала­нып, қазақ киносының пірі атанған Шәкен Айманов туралы сөз болса, бір­ден­ әңгіме ауаны кино тақырыбына ауыса жө­неледі. Ол заңды да. Себебі Кен­же­тай­ұлы­ның қазақтың жанына айнал­ған ше­девр шы­ңындағы ғаламат 14 филь­мі бар­да, өз қолы­мен іргетасын қалап, бүгінде Ай­ма­нов атымен аталатын «Қазақ­фильм» тұр­ған­да, әлбетте, ол қал­дыр­­ған мәңгілік мұра ға­сыр­дан-ғасырға жалғаса берері сөз­сіз. Десе де, Шәкеннің кинодан бұрын тағ­ды­рының театрмен тоғысқанын, сырлы сах­нада жүріп сан алуан кесек бейнелер ту­дыр­ғанын да келешек ұрпақ ұмытпауға тиіс.

Айманов бойындағы әртістік дарын бала кезінде байқалып, мектеп кезінде даралана түскенімен, оны қыз-қыз қайнаған нағыз өнердің ортасына алып келген – Ғабит Мүсірепов болатын. 1928 жылы Семейге келіп, Казкоммуна мектебіне түскен таланттың көзіндегі отты ұлы жазушы сондағы өнер үйірмелердің бірінде байқап қалып, оны Алматыдағы қазақ драма театрына шақырады. Міне, осы сәттен бастап Шәкеннің жұлдызды шағы басталады.

Келбеті келіскен, жанары отты жас­ты театр әлемі жатырқамады. Ал Айма­нов­­­тың өзі болса өнердегі алғашқы адым­да­рынан-ақ алысқа сілтер жарқын талантын танытты. 1934 жылы «Еңлік-Кебек» трагедиясындағы батыр Есен рөлінен басталған өнердегі өрісі Ақан сері, Қобыланды, Сатин, Петруччио, Отелло, Хлестаков бейнелерін ақындық шабытпен, аса зор актерлік машықпен зерлеген Шәкен шын мәніндегі шығар­ма­шылықтың шыңына бет алды. Атақты актер­дің іргелі ізденіске толы жиырма жылы осылайша М.Әуезов атындағы академиялық драма театры сахнасында өтті. Төл және классикалық драматургияларда, шығыс-батыс демей, кесек бейнелерді жарқыратқан адуын әртіс қабілеті көрерменін эстетикалық ләззатқа бөледі. Театр сыншысы Әшірбек Сығай­дың сөзімен сөйлетсек, ол – қазақ топы­ра­ғында романтикалық театр мектебін қа­лыптастырған актер. Ақ өлеңмен есіліп-тө­гіліп жататын эпостық, эпикалық сом дүние­­лердегі халықтық қуаты мол соқталы кейіп­­керлердің хас шебері атанды. Ол сом­да­­ған Отелло мен Петруччио – қазақ театры­ тарихында үлкен құбылысқа айнал­ған рөлдер.

Әлемдік классиканың алтын­ қоры­нан ойып орын белгілеген ағыл­шын драма­тургі У.Шекспирдің «Асауға тұсау» коме­дия­сындағы Шәкен сом­да­ған Петруччио рөлі өнер­дің үлкен жаңалығы болды. Актер бойындағы музыкалық, плас­­тикалық қасиет, интонация байлығы «Асауға тұсаудың» ажарын ашып, бәсін биік­тет­кен табысты ізденіс екені даусыз. Әсіресе Катарина рөлін ойнаған КСРО халық әртісі Хадиша Бөкеева екеуінің теңдессіз тандемі күні бүгінге дейін театр тарландары үшін тамаша тәжірибе мектебі десек, қателеспейміз. Тіпті кезінде «Асауға тұсау» комедиясы Одақ бойынша үздік деп танылып, Шекспирдің мерейтойында тамаша тандем осы спектакльмен Лондонға барып өнер көрсетіп қайтты.

Аймановтың актерлік қарымын дара­ла­ған тағы бір рөл – Ақан сері бейнесі. Ол туралы театртанушы Мирас Әбіл: «Ақан сері басындағы трагедиялық халді дұ­рыс түсініп, оны шебер ойнату үшін әртіске жалаң табиғи талант аз, ысылған шебер техника қажет. Біріншіден, өлеңмен жазылған пьеса­ мәтінін өлең екпінінің еркінде кетпей, дауыстың музыкалық ырға­ғына берілмей, өлең жолдарына қара­сөз­дік ритм беріп меңгеру үшін мүлтіксіз дик­ция, сөйлеу шеберлігі керек. Екінші, дра­ма­ның өн бойында жиі кездесетін төгіл­мелі ұзақ монологтерді қызу темпера­ментпен мүдіртпей айту кезіндегі ентікпейтін ептілік қажет. Үшіншіден, Ақан басындағы қайшы­лық­тарды, фило­софиялық ойларды дұрыс ше­шіп, жарқын жеткізу үшін биік сана иесі бо­лу ләзім. Міне, осы айтылған талаптарға сай­ ак­терлік қасиет Ш.Айманов бо­йынан та­был­­ды», деп жазады.

Иә, Шәкен Айманов шын мәніндегі өнердегі құбылыс еді. Аймановпен серіктес, жұптас болып ойнау актер біткенге арман болғанын оның замандас әріптестері күні бүгінге дейін елжіресе әңгімелеп, тағы­лымды естелік қалдырды. Соның бірі марқұм ұстазымыз Әшірбек Сығай. «Шәкен Айманов сахнаға Ақан немесе Пет­руч­чио болып шыға келгенде, дауыл тұрып өткендей сезім билеуші еді көрермендер залын. Зал мен сахна арасында көзге көрінбес нәзік те сырлы бір өзгеше байланыс белең алар еді. Қыбыр етіп қозғалуға шамаң құрып, екі көзің сахна төріне қадалғанда, бейне бір денеңнен жан кетіп қалғандай халге ұшырар едің», – деп тамсана толғаныпты естелігінде театр білгірі. Актер феномені турасында бұдан асырып айту мүмкін емес... Сол бір жолы қария қастелеспепті. Шәкен Айманов – шын мәнінде тағдырдың таңдауы түскен талант!