Пікір • 14 Ақпан, 2024

Білімнің кілті – тәрбие

304 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ұлы ойшыл, ғұлама әл-Фараби бабамыз «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы деген» екен. Осыған қарағанда, білімнің өзегі – тәрбие екені анық. Яғни күллі адам баласына ортақ жақсы қасиет­тер­ді жас буынның толық бойына сіңірмей тұрып, берген білім қураған ағаш сияқты ешқашан жеміс бермейді.

Қазіргі таңда әрбір ата-ана дүниеге ұрпақ әкелгеннен кейін тәлімді тәрбие беруді мақсат етеді. Қолынан келгенше баласын байсалдылыққа үйретіп, табандылыққа баулып, жақсы нәрселердің бәрін бойына сіңіре берсе екен дейді. Ұлын намысына, қызын ұятына балап, өскен сайын үмітін ақтар ұрпақ көргісі келеді.

Бұрынғы бабаларымыз «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» деп тегін өсиет айтпаған. Сондай-ақ «білімдінің алды – жарық, білімсіздің алды – көншарық» дегені де бар. Абай атамыз өзінің 25-қарасөзінде: «Балаң бала болсын десең – оқыт, мал аяма! Әйтпесе, бір ит қазақ болып қалған соң, саған рахат көрсете ме, өзі рахат көре ме, я жұртқа рахат көрсете ме?» деуінде үлкен пәлсапалық ұғым жатыр. Расында ілім үйреніп, жақсы мен жаманды ажырата білмеген баланың ата-анасына, әулетіне, қоғамға зияннан басқа келтірер пайдасы жоқ.

Жоғарыда Абай атамыз айтып өткен ұрпақ тәрбиелеу формуласы жеке адамға ғана емес, тұтастай мемлекетке, бүтіндей қоғамға арналып отыр. Дін, өнер, мәдениет секілді қоғамның руханияты оның жүрегі іспетті десек, рационалды ғылым-білім оның ақылы, ал кәсіпкерлік пен спорт «қайраты» болмақ. Қоғам өзінің «жүрегіне», «ақылы» мен «қайратына» теңдей көңіл бөлуге тиіс. Бұлардың біреуі ақсаған мемлекеттің, қандай да бір қоғамның «толық есті» кемел де, келісті ел болатындығын айту қиын.

Сондай-ақ балаларымыз жан-жақты жетілуі үшін «ақыл, қайрат, жүрегіне» мән беруіміз қажет. Сапалы білім алу үшін жақсы мектепте, қажет болса, қосымша сабақ алуына жағдай жасай алсақ «ақылын» жетілдірген боламыз. Ал баланың икемі бар спорт түріне шынықтыру арқылы «қайратын» шыңдаймыз һәм ұстамды болып өсуіне ықпал еткен боламыз. Ал рухани тәрбие беріп, музыкалық қабілеттерін жетілдіру арқылы «жүрегін» дамытқан боламыз. Сонда балаларымыз жан-жақты жетіліп, Абай айтқан «ақыл, қайрат, жүрегін» бірге ұстаған елден ерек толық адам болып өседі.

Ұрпақ тәрбиесіне қатысты зерттеулер жасап, тәжірибелік істермен шұғылданған отандық және шетелдік ұстаз-психологтердің айтуына қарағанда, тәрбие берудің негізгі мәйегі – мейірім мен сүйіспеншілікте екені айтылады. Әсіресе, балалар үшін мейірім мен сүйіспеншіліктің орны зор. Махаббатқа бала әрқашан шөліркеп тұрады. Жас бала тек сүйіспеншілікпен өсіп, жетіледі. Бала кімнен мейірім көрсе, сол адамды жақсы көреді. Әрдайым соны іздеп тұрады. Оны ренжітпей, мейірім мен сүйіспеншіліктен ажырап қалмау үшін оның айтқандарын мүлтіксіз орындауға тырысады. Бала өзі жақсы көрген кісіге еліктегіш келеді. Ендеше, сүйіспеншілік – бала тәрбиесіндегі негізгі қағида. Яғни қателік өткізген баланы жазалаудан бұрын мейірімге толы насихаттың әсері мол екенін ескергеніміз жөн. Себебі бала көбіне жасаған қателігінің парқын білмейді. Мұндай жағдайда оларға ұрсып, зекудің пайдасынан зияны басым.

Келесі кезектегі тағы бір маңызды дүние – ата-ана баланы не болса содан тыйып, іс-әрекетін шектей беруі. Баланың қате қылығын тыйған кезде, орнына басқа бір дұрыс бағыт көрсету керек. Олай болмағанда, бала баяғы істеген қателіктеріне қайта оралады немесе қырсық мінезге бейімделеді. Мысалы, бала ыдыс-аяқпен ойнағысы келді делік, дереу оны қолынан жұлып алғаннан гөрі «ойнасаң, мә, мынамен ойна» деп оған сынбайтын зат беру керек. Үйдің қабырғаларын сызып ойнаған баланың қолына дереу дәптер яки қағаз ұстатып: «мынаны сыз», «жүгірсең, мұнда емес, ана жерде жүгір», «көрсең, бұл фильмді емес, ана фильмді көр» деген секілді балама ұсын­ған жөн.

Кей ата-ана баласының өтірік сөйлейтінін айтып шағымданып жатады. Ешбір сөзіне сене алмайтын жағдайға жеткенін де жасырмайды. Бұл жерде ата-ананың да салғырттығы мен кемшілігі де бар болар. Себебі дана Абай өзінің 10-қарасөзінде былай дейді: «Әуелі өз күнәңді өзің көтергеніңмен тұрмай, балаңның күнәсіне тағы да ортақ боласың. Әуелі балаңды өзің алдайсың: «Әне, оны берем, міне, мұны берем» деп. Басында балаңды алдағаныңа бір мәз боласың. Соңыра балаң алдамшы болса, кімнен көресің?» дейді. Бұдан байқағанымыздай баламызды өтірік айтуға, жалған сөйлеуге өзіміз үйретеді екенбіз. Ендеше, балаға айтар сөзіміздің де ойланып барып шыққаны абзал. Сөзімізді түйіндеп айтар болсақ, тәрбиелі бала – отбасының бақыты, білімді бала – әулеттің шырағы екенін есте ұстайық.