Өнім • 15 Ақпан, 2024

Азық-түлік қауіпсіздігінің маңызы

236 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі – ұлттық қауіпсіздіктің маңызды құрамдас бөлігі. Сондықтан бұл мәселеге басымдық беріліп отыр. Сенатта өткен «Өңір» депутаттық тобының отырысында азық-түлік қауіпсіздігін қолдаудың өзекті мәселелері талқыланды.

Азық-түлік қауіпсіздігінің маңызы

Топ төрағасы Серік Шайдаров Мемлекет басшысы Үкіметтің жақында өткен кеңей­тілген отырысында агроөнеркәсіп кешенін дамытудың маңыздылығын атап өтіп, назар аударылуға тиіс бірқатар проблемаларды қарастырғандарын жеткізді.

«Президент ауыл шаруа­шылығындағы еңбек өнімділігін арттыру, отандық тауар өндірушіні қорғау, оның ішінде экспорт пен импортты реттеу, мемлекеттік қолдаудың тиімділігін қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту және т.б. мәселелерді шешу міндетін алға қойған болатын. Осы проблемаларды шешу ішкі нарықты азық-түлікпен қанықтыру есебінен экспорттық әлеуетті арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», деді сенатор.

Депутат Ернұр Әйткенов ха­лықаралық аренадағы тұрақсыз жағдай, азық-түлік тапшылығы проблемалары экономиканың даму қарқынына және халықтың әл-ауқатына кері әсерін тигізетінін атап өтті.

«Еліміз импорт өнімге тәуелді болып отыр, бұл азық-түлік қауіпсіздігіне ғана емес, экономикалық қауіпсіздікке де нақты қауіп төндіреді. Тиімді азық-түлік қауіпсіздігінің негізгі шарты ауыл шаруашылығының тұрақты дамуын қамтамасыз ету болып табылатыны белгілі. Осы факторлардың барлығы агро­өнеркәсіп кешенін реформалауды және азық-түлікпен қамтамасыз етудің ұлттық деңгейдегі жаңа тетік­терін әзірлеуді талап етеді», деді депутат.

Депутаттар отырыс барысында сауда және интеграция, ауыл шаруашылығы, ұлттық экономика министрліктері, облыс әкімдігі өкілдерінің, сондай-ақ қоғамдық ұйымдар мен шаруа қожалықтары өкілдерінің баяндамаларын тың­дады.

Сенатор Серік Шайдаров кез­десуді қорытындылай келіп, отырыс барысында айтылған ұсыныстар зерделенетінін және сенаторлардың заң шығару қызметі барысында пайдаланылатынын атап өтті.