Дін • 15 Ақпан, 2024

Ұлық кемелдіктің көркем баяны

342 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін

Пайғамбарлар төресі Мұхам­мед (оған Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) – адамзат тарихында орасан зор ізі бар ұлық тұлға. Оның адамзат дамуындағы рөлін айтып жеткізу мүмкін емес болар. Өйткені Алланың соңғы елші­сінің орнын басқан ешкім жоқ, болмайды да. Оның ілімі өз дәуі­ріндегі әлемдік оқиғалардың даму барысына әсер етті. Тарих дөңгелегін өзгертті. Сол ілім сан ғасырлардан бері мына ғаламды жайлаған исі мұсылманның жүрегінде сақталып, өмір сүру қағидаттарын анықтап, өзінің сара жолын көрсетіп келеді.

Ұлық кемелдіктің көркем баяны

Суретті түсірген – Алмас МАНАП, «EQ»

Ұлық кемелдіктің көркем баяны

(Рашид Хайламаздың кітабына шолу)

Көк түңлігі түріліп, түн тыныштығын күзеткен жұлдыздар жұмылып,  таң шапағы көтерілерде көкжиек қара қошқыл түрге еніп, жерді қара түнек басады екен. Ешкімге және ешнәрсеге мұқтаж емес, керісінше, күллі жаратылыс Оған мұқтаж, тумаған да, туылмаған, Оған тең келер ешкім жоқ Жалғыз Жаратушы Алла соңғы пайғамбарымызды адамзатқа сүйіншілейтін VІ ғасырдың ортасында да дәл осындай қара түнек жер-дүниені басыпты.

Бұл төрткүл дүниенің тағылықтың тырнағында тұншығып жанұшырған кезі екен. Надандық, қатыгездік пен ашкөздік - ізгілік атаулының көзін тұмшалап, тирандардың табанында қалың бұқараның жаншылғаны  айтылады.

Ассирия, Финикия және Мысырлық сияқты ескі өркениеттердің азат тұрғындары рим бөрісінің азуында кетіпті. Ежелгі парсы билеушілері вавилон өркениетінің тамтұғын қалдырмайды. Парсы мен Византияның арасындағы бұғазды мекендеген арабтарға азулы көршілерінің тісі батыпты. Шыбын жанын қоярға жер таппағандар отқа, тасқа, пұтқа табыныпты. Рухани дағдарыс әлемді жайлады. Әзірет Адамнан (а.с) бастап барлық пайғамбарлардың  ортақ ғибадат орнын айналған киелі Қағба пұттардан көрінбей кетті. Жаратушыға ең жақын саналған  осынау  қасиетті мекенде  бейкүнә момынды Алладан алыстату үшін азғындықтың барлық айла-тәсілдері жасалып жатты. Ибраһим пайғамбардан (а.с) басталған қажылық ғибадатының  өңі өзгертіліп, адамдар қолдарын шапалақтап, жалаңаш күйде Қағбаны тауап ететін дәрежеге жетті. Міне, азғындықтың  шырмауына ілігіп, рухани күйзеліске белшесінен батқан осынау қоғамда  тура жолды  көрсететін пайғамбарға зәрулікті сезініпті.    

Адамзат тұғырынан құлдырап, асыл жаратылысынан ажырап, көкірек  көзі кісенделіп, жүрегін жамандық торлап, қуыс кеудесінің рухы өшкен. Адамдар әбден азғындалып, қара түнектен көзін ашар күн қалмағандай. Қараңғылық қамытына шегеленген  Иса пайғамбардың ажал құшқанынан бері алты жүз жыл өтті. Елшісін өзіне қайтарып алған Жаратушымыздан ешбір белгі болмады. Алланың өзі топырақтан жаратып, демімен үрлеп жан берген адамның тұйыққа тіреліп дағдарған шақтарында түзу жол көрсетіп, жоғын түгендейтін, өмір сүрудің асыл заңдарын есіне қайта түсіру үшін үнемі елшісін жіберуші еді. Алла Тағаламыз өзі жаратқан екі аяқты пенделерінен көңілі қалғандай бір белгісін бермеді. Ізгілік сәулесі түспеді. Үміт құсының қанаты қайырылды. Қос қолын көкке жайып көзінің жасын төккендердің жанары суалды.

Жүректен мейірімі кеткен адамдар балаларын тірідей көміп, бірін-бірі құл етіп, күңнің күнін зар етіп, кең далаға бастары сыймай бірін бірі түтіп жеп сорлылықтың ұшар шыңына жеткенде Хақтан белгі келді.  Мейірімі шексіз Алла күнәһар пенделерін тастап кетпеген екен, күндердің күнінде «Сені әлемдерге рахым етіп жібердік» («Пайғамбарлар» сүресі, 107-аят). деп Елшісін жіберіп, сүйіншісімен жердің бетін сәулелендірді.  

Алладан түскен жарық нұр әлемді әп-сәтте баурап алды. Ол Шығыстан батысқа, Қытайдан Мароккоға дейін Атлант мұхитынан Тынық мұхитына дейін, жер-жаһанды жамандық атаулыдан аластап, адамзатқа ілім мен білім беріп, әділдік шамшырағын жаққан жан болды.

«Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын» Алланың Расулы Мұхаммед пайғамбарымыздың аты аталғанда: «Расында, Алла және Оның періштелері Пайғамбарға салауат айтады. Әй, иман келтіргендер! Оған Аллаһтың игілігі мен сәлемін айт және оған шынайы, құрметті сәлем бер!». (Құран, 33:56) деген бұйрық түсті. Содан бері  «Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын» сөзі («саллаллаһу аләйһи уә сәлләм») мұсылмандардың  Мұхаммед пайғамбарды еске алғанда айтатын сәлемі болды. Адамзаттың асылының Адам Атаға дейінгі насабнамасы былайша өріледі. Мұхаммед (с.ғ.с) ибн Абдуллаһ  ибн Абдулмутталиб (Шәйба)  ибн Хашим (Амр)  ибн Абду Мәнаф (әл-Мугира)  ибн Кусай ибн Килаб ибн Мүррә  ибн Кааб ибн Лүуәйи ибн Ғалиб  ибн Фихр ибн Малик ибн ан-Надр ибн Кинана  ибн Хузәйма ибн Мудрикә (Амир) ибн Ильяс ибн Мудар ибн Низар ибн Мәад ибн Аднан  ибн Адад (кейде Удад деп айталады) ибн Мукаввим ибн Нахур ибн Тайрах ибн Йаруб ибн Яшжуб ибн Набит ибн Исмаил ибн Ибрахим ибн Азар ибн Нахур ибн Саруг ибн Шалих ибн Ирфхашад ибн Сам ибн Нұх ибн Ламк ибн Матту Шалах ибн Ахнух ибн Иард ибн Махлил ибн Кайнан ибн Ианиш ибн Шит ибн Адам. Тағы да Әбул Қасым деген куна есімі бар. Оны араб дәстүрінде умм (анасы) немесе абу (әкесі) яғни тұңғыш перзенттерінің атымен қосылып айтылатын есім.

Көне дерекке ізіне сүйеніп айтқанда Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) арғы аталары Исмаил ибн Ибраһим он екі ұл перзентті болған. Исмаил жүз отыз жыл жасап Қағбаның сыртқы жалғасындай жартылай дөңгелек қабырға етіп өрілген жерде анасы Ажармен қатар жерленген. Оны Хижр Исмаил, әл-Хатим деп те атайды.

Осыған дейін де Пайғамбар әулетін зерттеп, бірнеше кітаптарымен қазақ оқырмандарының танымын кеңейткен түрік жазушысы Рашид Хайламаздың «Мұхаммед пайғамбар саллаллаһу аләйһи уә сәлләм өмір жолы» атты еңбегінің оқиғасы осы жерден, Ибраһимнің Ажар анамызды құндақтаулы ұлы Исмаил екеуін Алланың қалауымен елсіз шөлге әкеліп тастағанынан басталады. Бұл кітап - адамзаттың асыл тәжі, екі дүние сардары ғаламдардың мырзасы, Расул Алланың ғұмырбаяны. Пайғамбар дәуірінің шежіресі.  Алланың хабибінің кемел сипаты. Ұлық кемелдіктің көркем баяны.

Жалпы мұсылман әдебиетінде Пайғамбардың ғұмырбаянын суреттейтін ерекше жанрды «сира»  деп атайды. Сира жанрындағы еңбектер Құран мен Хадистен кейінгі қасиетті кітап ретінде бағаланады. Бұл жанрдың ерекшелігі  тек қана Алланың Елшісіне арналған еңбектерді қамтиды.  Күні бүгінге дейін соңғы пайғамбардың өмір жолына қатысты әртүрі жанрдағы көркем туындылар жазылып, әлі де насихатталып сол арқылы адамзат баласы Алланың расулына деген сүйіспеншігін білдіруде. 

Мұхаммед (с.ғ.с) Пайғамбардың өмірдерегіне байланысты шоқтығы биік деректі жазбалардың бастауында VІІІ ғасырда (хижра бойынша екінші ғасырда) жазылған Ибн Хишамның еңбегі тұрғанын айту ләзім.  Бұл еңбек ең көне және барынша пайғамбарымыздың өмірі мен қызметін, оның тұсындағы тарихи оқиғаларды түгел қамтыған кітап болып есептеледі. Қолдарыңыздағы кітап та осы еңбекті бедел етіп алған. Одан бөлек, Инб Сағд «Табақат», «Ибн Кәсир «әл-Бидәя уән-Ниһәя», Халаби «Сира», Ибн Хажар «Исаба», Ибн Әсир «Үсдул-ғаба», Ибн Абдулбәрр «Истияб», Табари «Тарих» секілді классикалық еңбектермен қоса, басты-басты тәпсір кітаптары мен «Кутуб тисға» секілді хадис кітаптардың негізінде жазылғаны қолымыздағы кітаптың алтынан ардақты, күмістен салмақты, құнды жәдігерлердің ізімен жазылып, қазақшаға тәржімаланған құнды дүние екенін дәлелдейді. Жоғарыда аталған еңбектер мен есімдер әрбір арабтанушы, исламтанушы, теологқа жақсы таныс болса да қалың  бұқараға, әсіресе қазақ оқырмандарына белгілі емес. Сондықтан да бұл таңдамалы дүниелерді електен өткізіп, барынша мол мәліметті қарапайым тілмен жеткізу арқылы осы ақтаңдақтың орын толтырып,  Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) деген сүйіспеншілігімізді еселендіре бермек.

Пайғамбарлар төресі Мұхаммед оған «Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын» - адамзат тарихында орасан зор ізі бар ұлық тұлға. Оның адамзат дамуындағы рөлін айтып жеткізу мүмкін емес болар. Өйткені Алланың соңғы елшісінің орынын басқан ешкім жоқ, болмайды да. Оның ілімі өз дәуіріндегі әлемдік оқиғалардың даму барысына әсер етті. Тарих дөңгелегін өзгертті. Сол ілім  сан ғасырлардан бері мына ғаламды жайлаған иісі мұсылманның жүрегінде сақталып, өмір сүру қағидаттарын анықтап, өзінің сара жолын көрсетіп келеді.

Жәһилия заманында  қалыптасқан көпқұдайлық идеясын талқандап, ислам дінін тұғырына шығарып, соңына миллиондаған мұсылмандарды ерткен   тарихи тұлғаға айналды. Бұл кітапта да Пайғамбарымыздың дүниеге келгенінен бастап, азамат болып қалыптасып, Алладан уахи алып, пұттарға  табынған  жұртын Бір Аллаға   мойынсұндырған қайраткерлігін, ерік-жігері мен қарапайымдылығын суреттейді.

Өзіне дейін болмаған, кейінде қайталанбаған рухани мұра қалдырған ұлы тұлғаның данышпандығы әсірелеп әспеттеу арқылы емес, тіпті харизматикалық өмірбаянын баяндау арқылы да емес, шын мәніндегі шынайы болмысын көрсететін, тұсындағы тарихи оқиғалармен бірге өріліп, айналасындағы адамдардың  ортасынан  әділдік тауып,  үйлесімін тапқан бітім-болмысымен  ерекшеленеді.

Адамзаттың асылының 63 жылдық ғұмырындағы әрбір жылдардың әрбір оқиғаның  қалай болып қалай қойғанын, жанында жүрген сахабалардың қайраткерлігі мен тарыдай шашырап жатқан тайпаларды біріктіріп іргелі  мемлекетке айналдырған тұлғалық бітімін танып, не үшін үлгі етеміз дегендерге айтар асыл мұрасы бар.

Мұхаммед (с.ғ.с.) өмірі – Алланы тануға апаратын қасиетті жолдың бағдары, сол жолда шөліркегеннің шөлін қандыратын киелі бұлақ. Ол қасиетті Құран Кәрімді түсінудің қасиетті кілті. Адамның өміріне мән беретін алтын арқау, кемелдіктің үлгісі. Әрбір адамның жүрегіндегі жасыл бағы, нағыз бақыттың сыры.

Әлемнің соңғы Елшісінің жер бетінде атқарар міндетін дүние есігін ашқаннан сезінеміз, ержеткен шағынан бастап оның сөз саптауында, іс-әрекеттерінде, әділ шешіміммен айшықталады. Оның адамгершілігі мен биік парасатты бүтін болмысының бейнесі кіршіксіз. Адамзаттың асыл тәжінің пайғамбарлығының мәнін шынайы түсінген адам ғана Ислам дінін жете біліп, терең түсінуге, жүрегіндегі иманын бекітіп, жан тыныштықтығы мен кемелдігін пайымдауға жол ашады. Алладан басқаға ешкімге, ешнәрсеге  мұқтаждығы жоғын сезініп, пенделіктен арылып жан дүниесінің толық бостандығын сезінеді.

Осы кітапты оқи отырып, бірнеше сәтіне оқырмандардың назарын аударғым келеді. Пайғамбарлық түскенге дейін еліне елеулі болған Мұхаммед атына Әмин, яғни адал, сенімді деген аты оның бір қырын ашып тұр. Қандай жайт туындаса да халқы Әминнің айтқанына құлақ түреді. Мұндай бір оқиға әзірет Мұхаммед (с.ғ.с.) отыз бес жасында орын алған екен. Аталмыш кітапта баян етілгендей бұл кездері Меккедегі ең өзекті мәселе қирай бастаған Қағбаны жөндеу болатын. Ибраһим пайғамбардың заманынан бері  талай ғасырлардың  куәсі болған  қасиетті ғимаратқа шынымен адам қолының қамқорлығы керек еді. Әрі қарай, Ибн Сағд Табақаттың 1\145 риуаятымен жеткен деректе «Қағбаның қабырғасын бұзғанмен Ибрахим  салған  іргетасына тимей, құрылысты оның үстінен салмақ болады.  Қағба қабырғасы  белуарға дейін көтерілген кезде  тағы да тартыс туады.  Қасиетті саналатын «Хажарул-Әсуәд» деген қартасты  өз орына қою кезінде тайпалар  өзара таласып, бір мәмлеге келе алмайды. Осы кезде Құрайыштың ақсақалы Әбу Үмәйя көпшілік алдына шығып, дауласқандарға Қағбаның мына есігінен бірінші кірген адам төреші болсын дейді. Демдерін  ішіне тартып, есіктен кірер кісіні күтеді. Құрайыштықтар тым-тырыс есікке сарыла қарап тұрғанда, әзірет Мұхаммед кіріп келеді.  Оны көрген халық Әминнің айтқанын тыңдаймыз дейді, қандай үкім айтса көнеміз дейді. Пайғамбарымыз мән-жайды  естіген соң, алдымен үлкен  мата әкелуді бұйырады. Оны жерге төсеп қара тасты өз қолымен көтеріп ортасына қойып әр тайпадан бір-бір адамнан шығып,  мына матаны айналдыра ұстап, асты көтерсін дейді.  Әр тайпаның игі жақсылары  жұмыла көтеріп, қасиетті тасты өз орнына апарады. Тасты бел деңгейіне жеткен кезде, Мұхаммед – Әмин тасты алып,  орнына қойды».

Осы бір оқиғадан ислам тарихын білгісі келгендер бірнеше ғибрат,  Алланың хикметін түсінеді. Яғни, психологиялық шыншылдығымен, табиғилығымен, ғылыми көзқарасымен және жан-жақты талдауымен ерекшеленеді. Адамзаттың ақырғы елшісінің өміріндегі елеулі оқиғаларды баяндап қана қоймай, оның ұлы тұлға ретінде танылуының, қалыптасуының рухани  сипатын айшықтап, жүрекке жеткізеді. Алланың Расулының басынан кешкен оқиғаларды еңбек тарихи деректерді жеткізіп  қана қоймай, қағазға түскенді түйіп алар ойын, хикметін де тәпсірлеп жазады. Мұның өзі оқырманға жол сілтеп,  оқиға барысын пайымдауына оған терең бойлауына  әсер етеді.

Бұл еңбекті жинақтаған Рашид Хайламаз сауапты істі сәтті аяқтап, он сегіз мың ғаламның сардарының жер бетіндегі ғұмырын жәй әңгімелеп қана  қоймай, хронологиялық тәртіппен жылдан-жылға, оқиғадан-оқиғаға тартып, таныс та бейтаныс замандастарының тұлғасын ашып, тұтас бір әлемді суреттейді. Оқырман бір тылсым арқылы сол оқиғалардың ортасында жүргендей сезінеді. Пайғамбарымызға оның дүние есігін ашқан сәттен бастап баурап алып, сүйіспеншілігіміз оянады. Сәбидің ата-анасы ерте дүниеден көшіп әулетінің үлкендерінің қолына тәрбиеленеді. Біздер де солармен бірге жүрегімізбен егіле отырып, асыл дана болып өсіп келе жатқан сәбиге тілекші болып, бірге қуанамыз.

Ал еңбектің басқа да басылымдардан артықшылығын осы еңбекті әзірлегендер де айтып өткен. Оны былай түсіндіреді. «Бүгінгі күні біз Ислам тарихындағы түрлі жорықтар мен соғыстардан гөрі, Алла елшісінің қарапайым адам ретінде  қоғамдағы міндетін түсіндіретін еңбектерге көбірек зәруміз. Қолдарыңыздағы кітап осындай биік мақсатқа қызмет етпек.  Сондықтан  оқырманымыз осы  еңбек арқылы  тек қана дін жолындағы жорықтармен емес, қай кездегі мұсылман қоғамы үшін де маңызды, жүрегі сүйспеншіілк пен махаббатқа толы кәміл адаммен, қай қырынан алсаңыз да тәлімінде мін жоқ ерекше тәлімгермен таныспақ» дейді. Бұған біз де қосыламыз. Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) шарапатты бейнесі оқырмандарында баурап, жүрек көздерін ашып, ізгілікке жақындатата түседі.

Кітапты әзірлеушілердің  атап өткеніндей, көптеген ізденістердің арқасында кәусар иесінің ғұмырбаянының осыған дейін қалтарыста қалған тұстарына мән берілгенін былайша қаперге салады. «Ислам тарихындағы ең бір елеулі өзгерістердің басы Бәдір туралы айтқанда, Пайғамбарымыздың Мәдинадан шығып, қайта оралғанына дейін он күн кеткенін ескерту керек. Бәдір шайқасы осы он күндегі бес-алты сағаттық уақытты ғана алған. Көбіне қалған тоғыз жарым күн Пайғамбарымыздың сахабаларымен  бірге жүріп,  олармен қандай қарым-қатынаста болғаны ескерілмей қалып кетіп жатады. Осы жағы өте маңызды. Сондықтан да қалған тоғыз жарым күндік уақыттың қалай өткенін зерттеп, ондағы біз үшін аса маңызды тұстарды оқырманға жеткізу – кітаптың елеулі ерекшеліктерінің бірі деуге болады» дейді.

Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) кітапта суреттелген әрбір оқиғасы оқырманының да зердесін ашып, ілімін арттыра түседі. Құранның әрбір аятын қандай жағдайда қайда түскенін біліп, иманы бекиді. Кітапта келтірілген Құтбаға да ден қойып, тебіренеміз.

Мәдина қаласындағы Құба мешітіндегі «Алғашқы құтбасы», одан кейінгі жорықтардағы ұрыс басталмас бұрын Алла Тағалаға мадақ айтудан бастаған қысқа Құтбасы әуезді лепестейін жүрегімізде жатталады. «Еш күмәндарың болмасын, Алла Тағаланың бұйырғанын бұйырып, тыйғанына тыямын... Құранда айтылған әмірлер мен тыйымдарды, аяттарда баяндалған жаттарды және сендерді қалай азаптан құтқарып, аяулы, ардақты еткенін ойлаңдар. Оның кітабын мықтап ұстаныңдар. Сонда Раббыларың сендерге разы болады. раббыларыңның әмірін аяқасты етпеңдер, сонда уәде етілген нығметі мен кешіріміне ие боласыңдар. Алланың уәдесі – хақ, сөзі – рас, жазасы – ауыр. Мен енді өзімді де, сендерді де еш қалғып мүлгімейтін, бар нәрсе биігінде болған Аллаға табыстадым. Сүйенгеніміз бір Алла, тек Одан ғана медет сұраймыз және тек Оған ғана тәуекел етеміз. Оның құзырына қайта ораламыз. Алла бізге және исі мұсылманға  мейірімін төксін!- дейді. Бұл Аллаға пендесін жақындатқан алтын баспалдақтары емес пе?! Бүкіл пайғамбарлар имамы, жетекшісі, басшысының аузынан шыққан  асыл сөзі осы емес пе?!

Соңғы кездері жаһандану жағдайында мұсылмандық теологиялық әдебиеттер мен уағыз-насихаттық мәтіндерде болсын, жалпы әлемдік кеңістікте пайғамбарымыздың өткен заманда аз айтылған планетарлық миссиясына ерекше мән берілуде. Бұл жөнінде қазіргі заманғы мұсылманшылық жолын зерттеушілердің бірі А.Б.Филлипс былай деп жазады: «Исламның негізгі мақсаты мен мәні бүкіл адамзаттың игілігі болғандықтан Мұхаммед пайғамбар барлық адамдарға жіберілген әмбебап пайғамбар болды. Алла Тағала Құранда анық сөздер арқылы Қаншама рет «Сені барлық адамдарға елші әрі ескертуші етіп жібердік, бірақ адамдардың көбі білмейді» (34:27) «Айт: «Ей, адамдар! Мен барлығыңа Алланың елшісімін» (7:158).

Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) тұлғасының тарихи құбылысы мынадай үштағанда айшықталды. Оның бірі – қарапайым адам болып жаратылып, топырақты өлім бұйырған пенде ретінде.  (Мұхаммед с.ғ.с.) «Шынында сен де өлесің. Олар да өледі». Құран, 39:30.

Екіншісі Алланың Расулы – Елші әрі соңғы пайғамбар ретінде («пайғамбарлар мөрі» «Алланың Елшісі және пайғамбарлардың соңы» (Құран, 33:40) ұлықталады. Бұл дегеніміз Жаратушы Хақ Тағаланың алғашқы пайғамбары Адам Ата болса, (р.а) соңғы пайғамбары – Мұхаммед (с.ғ.с.)  «Хатамул-Әнбийә», яғни «Пайғамбарлар мөрі» деген мағына береді.

Мұхаммедтің осы және басқа да функционалдық ерекшеліктері Құранның көптеген аяттарында мәңгілік ақиқат ретінде көрсетілген. Бір жағынан алып қарасаңыз Алланың құдіреті шексіз. Адам баласының қамшының сабындай қысқа өмірінде қаншама іс тындырды. Америкалық ғалым М.Харт өзінің «Тарихтағы ең ықпалды жүз тұлға» атты кітабында социологиялық зерттеулері нәтижесінде Мұхаммедтің танымалдылық рейтингінде бірінші орында тұрғанын атап өтеді. Осы зерттеуге сүйене отырып, әйгілі американдық неофит, психология ғылымының докторы Роберт Фрейджер осы зерттеуге сілтеме жасай отырып, былай деп жазады: «Мұхаммед пайғамбарды Батыс тарихшыларының жетекшілерінің бірегейі бүкіл адамзат тарихындағы ең ықпалды адамдар тізімінде бірінші орынға қою үшін таңдады. Ол әлемдік ұлы діндердің бірінің негізін салушы ғана емес, тарихта діни және әлеуметтік-саяси тұрғыдан да ең үлкен табысқа қол жеткізген жалғыз тұлға болды. Мұхаммед философ, шешен, уағызшы, заң шығарушы, жауынгер, қолбасшы және саясаткер болған. Ол – әлемдегі барлық мұсылмандар үлгі алуы тиіс нағыз тұлға».

Пайғамбарымыз артына мұрагерін қалдырған жоқ. Ен байлықты иеленіп, күмбезді сарайлар, зәулім кесенелер, адам астамшылығын білдіретін биік ғимараттар тұрғызған жоқ. Бірақ біздерге барша адамзат баласына баға жетпес үш құндылықты мұра етті. Артында миллиардтаған үмбетін қалдырды, Алладан түскен уахиды жамағатына табыс етті, және Алланың Елшісі, араб түбегіндегі тайпалардың басын құрап мемлекетке айналдырған тұлға ретінде мәңгі өлмес естелік-ескерткішін қалдырды. Бұл үшеуі де ортақ тарихтың  үш діңгегіндей мәңгі өшпес, әр адамның  ғұмырын сәулелендіріп, ізденіс пен ізгілікке бастайтын мәңгілік құндылықтар. Ғасырлар бойы мұсылмандық дәстүрмен тәрбиеленген адамзаттың, оның ішінде мұсылман әлемі халықтарының тарихи жадында Мұхаммед пен Ислам ерекше орын алады. Адамзаттың асылы дүниеден өтерінде, «Сендерге аманат қалдырып барамын. Содан айырылмасаңдар, еш уақытта адаспайсыңдар. Ол аманат – Алланың кітабы Құран. Сөзімді мұқият тыңдаңдар және ұғыңдар. Мұсылман – мұсылманның бауыры, бүкіл мұсылман бір-біріне бауыр. Дін бауырластарыңның құқына қиянат ету – харам» деп мұсылманды мұсылманға табыстады.

Ғасырлар өтті, дүние төңкеріліп, замана ауысты. Бірақ, басқа діндермен салыстырғанда айбыны бөлек, әлемдік дінге айналған Ислам діні күні бүгінге дейін мұсылмандардың санасында маздап жанған шамшырақтай әрқайсының өмір салтында көрініс беріп, әлемдік саясат пен халықаралық қатынастарда өз орнын сақтап келеді.

«Естеріңде болсын, пайғамбарлар үмметінің көптігімен мақтанады. Мені ұятқа қалдырып жүрмеңдер! Мен сіздерді Кәусар бұлағының басында күтемін» деген аманаты әрқайсымыздың жадымызда жаңғырады. «Пайғамбарлармен, шейіттермен, сыддықтармен және нығметіңе бөленген  ізгі жандармен бірге мені де кешіріп, рахымыңа бөлегейсің! Мені де ұлы достығыңа қабыл ете көр!» деген Расулдың соңғы сөздерімен кітаптың хикметін түйіндеп нүктесі қойылады. Айналасында көз жасымен бетін жуған жақын-жуығының «Елшілік міндетіңді кәміл атқардың, бәрімізге өсиет айтып, үгіт-насихат жүргіздің деп куә боламыз», – деген сөзіне қосылып оқырмандары да бірге егіледі.

«Менен басқа бүкіл пайғамбарлар, сөзсіз қабыл алынатын дұғаларын осы дүниеде-ақ жасаған. Ал мен болсам дұғамды Раббымның жанында қиямет күніне сақтадым. (Осы дұғамен сол күні шапағат етемін)» деген Екі дүниенің сардарының бұл лепесі әр мұсылманға дем беріп, ізіне ергендерге екі дүниеде де қамқор болатынына, жанында жүретініне сендіреді, иманын бекітеді. Қатарын көбейтеді.

 

Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ,

әдебиет сыншысы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты