Көрнекі сурет: bnews.kz
Мәселе
Жалпы, қоғам сұранысы мен мемлекеттік тапсырыс нарық қажеттілігіне сай анықталады. Дегенмен керек кәсіпті игергендер дипломмен жұмыс істемейді. Неге? Сондай-ақ грантқа түсіп алып, 1-2-курстан кейін тегін оқудан бас тартатындар бар. Неліктен? Енді осыған тестілеуден өтіп, ұпайын жинап болғаннан соң мамандық таңдай алмай жүргендердің көптігін қосыңыз, тағы да жауабын іздеген сұрақ туады.
Құралай Нұрланқызы «Ядролық физика» мамандығында оқыған. Оқуын бітіргеннен кейін мамандығы бойынша жұмыс іздепті. Тауыпты да. Бірақ соңында сән салонынан бір-ақ шығыпты. Мұның себебін ол қажетті мамандыққа лайықты жалақы төленбейтінімен байланыстырады. Түпкі мәселені біз оның сөзінен тапқандаймыз. Өйткені ол:
– Мен мамандығыммен жұмыс істегім келіп, біраз іздендім. Жұмыс іздеп, талай мекеменің, соның ішінде белгілі орталықтың да есігін қақтым. Бәрінің ұсынғаны 70 мың теңгеден сәл жоғары жалақы болды. Бұл – әрине, 5 жыл бұрынғы жағдай. Мүмкін мұндай жалақы қарапайым қызметкерге қазіргіден құнды айлық секілді көрінетін шығар, алайда мен бұған қанағаттанбадым. Жақсы жалақы ұсынатын жұмыс орны табылғанша күнкөріс үшін бір сән салонына кіріп, тырнақ бояп азын-аулақ ақша тауып жүрдім. Кейін бір шеберден сабақ алып, өзім де шебер болып алдым. 1 айлық курспен 4 жыл бойы оқыған мамандығыма ұсынған жалақыдан 2-3 есе көп таптым. Қазір одан да көп табуға болады. Негізі осы мамандыққа грант болғаны үшін ғана түстім. Әйтпесе физика пәнін телебайланыс инженері болғым келгендіктен таңдап едім. Бірақ төрт мамандықты белгілеп, ұпайымның жеткеніне қарай «Ядролық физика» мамандығына түстім», деді ол.
Міне, ойынан өздеріңіз байқағандай, «ядролық физика» мамандығына қаламай түскен. Қаламай түссе де жұмыс істеуіне болар еді, өйткені бітіргені өте қажетті және сұраныстағы мамандық, десек те оған ынталандыратын жалақы болмаған екен. Мемлекет жыл сайын 70 мыңнан аса грант бөледі, соның ішінде ең көбі нарықта сұранысқа ие мамандықтарға тағайындалады. Оның сыртында әр өңірдің қажетті салаларына қарай бөлінетін гранттар тағы бар. Алайда жоғарыдағы кейіпкеріміздің және көп танысымыздың басында болған жағдай грантты көбейтумен нарықтағы сұранысты жаба алмайтынын көрсетіп тұр. Осы жерде бір мысал еске түседі, мұғалім мамандығы кейінгі жылдарға дейін «қалдық мамандық» саналды, кешенді жұмыстан кейін педагогикалық мамандықтарға грант саны 2-3 есе көбеймесе де осы салаға бет бұрғандар артты. Бұған «Мұғалім мәртебесі туралы» заң қабылдануы, педагогикалық мамандықтарда оқитын студенттердің стипендиясын арттыруы, мұғалімдердің жалақысын екі есе көбейтуі ықпал етті. Бұл нені білдіреді? Кенже қалып, болмаса сапасы нашарлап бара жатқан саланы кәсіби және білікті кадрлар арқылы арттыру үшін құр грантты көбейту нәтиже бермейді, кешенді жұмысты қажет етеді.
Грант иеленуші қайта ҰБТ тапсырғысы келеді
Қазіргі жас буын өзінің қателескенін, өзіне ұнамайтын мамандықты грант үшін ғана таңдаудың дұрыс емесін ертерек түсінетін сияқты. Оған заман талаптарының өзгеруі ғана емес, грант иеленушінің оқуды бітірген соң, мамандықпен жұмыс істемеген жағдайда мемлекетке тегін оқуының ақшасын қайтаруға міндеттелгені де әсер ететіні анық. Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығы директоры Руслан Емелбаевпен мәселеге қатысты әңгімелесуге барғанымызда бізге өзінің телефонындағы талапкерлерден келетін толассыз хаттарды көрсетті. Хаттардың басым бөлігінде мазмұн: «Мен 1-курста, «пәлен» мамандықта, грантта оқимын. Бірақ мен мамандығымды ауыстырғым келеді. Қайтадан ҰБТ тапсыруға бола ма? Қазіргі мамандығым ұнамайды», деген сарында. Грантта оқып жүрген студенттер гранттан бас тартса, қанша жыл тегін оқыды, сонша жыл мемлекеттен бір студенттің оқуына бөлінген қаражатты қайтаруға тиіс. Сол себептен де болар, қаламайтын мамандықта оқып жүргендер гранттан 1-курстың алғашқы семестрінен-ақ бас тартады екен.
– Шынын айту керек, студенттердің грантта оқып жүріп тегін оқудан бас тартуы – өте өзекті мәселе. 13-20 шілде аралығында болатын құжат қабылдау комиссиясы жұмысын бастағанда өзіңіз көрсеңіз де болады, ата-аналар балаларымен бірге мамандық таңдап тұрады. Бұл – құжат қабылдау комиссиясы, шешім қабылдайтын комиссия емес қой. Шешім дегеніңіз мұғалімдермен, баланың өзімен, ата-ана бәрі бірлесіп, түрлі аналитикалық деректерге сүйеніп, құжат қабылдайтын жерге дейін шығарылуға тиіс. Кәсіби бағдарлау елімізде енді-енді дамып келе жатыр ғой, бұл мәселе біздің құзырымызға кірмесе де, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарымен ел аралап шыққанда оқушыларға мамандық гранттан да маңызды екенін түсіндіруге тырысамыз. Кездесулерде көбінің сұрағы грантқа қатысты болып келеді. Тағы бір қызығы, соңғы сыныптың оқушылары алдымен таңдаулы пәнін белгілеп қояды, бірақ қай мамандыққа баратынын құжат тапсыруға барғанда таңдайды. Біздегі мәселе де осында, олар әуелі ҰБТ-ға қатысып, ұпай жинап алады да, кейін сол жинағанына қарай мамандық таңдап отырады. Ал негізінде керісінше болуы керек. Мамандық таңдап барып, сол мамандығына қарай ұпай жинауға тиіс. Дәл осыған толыққанды мәлімет беретін ақпарат сайтымызда ілулі тұр, түлектермен кездесуде соны қарап, толық танысып, өзі ұнататын мамандығына түсу үшін қанша ұпай жинау керегін, таңдап тұрған мамандығын қандай университеттерде оқытатынын білуге шақырамыз, – деді Р.Емелбаев.
Орталық директорының сөзінен соң testcenter.kz сайтын «парақтадық». Онда «ЖОО-ға түсушілерге» деген арнайы айдар бар, соның ішінде бірнеше бөлім жинақталыпты. «Білім беру гранттарының тізімі» атты бөлімде бакалавриат бойынша мамандықтар мен мамандықтарға тағайындалған мемлекеттік тапсырыстар тізімі тізбектелген. «Білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысуға арналған минималды ҰБТ балы» атты бөлімінде қай университетке қандай ұпаймен түсуге болатынын біле аласыз. Мысалы, «Шет тілі мұғалімі» мамандығына түсушілерге қойылатын шекті ұпай талабы әр университетте әртүрлі. Айталық, кейбір өңірлік университеттерге аталған мамандыққа түсудің шекті ұпайы 35 болса, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті 80 ұпайдан, ал кәсіби аудармашылар мен шет тілі мамандарын даярлайтын Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті 100 ұпайдан жоғары жинағандарды ғана қабылдайтыны көрсетілген. Енді қараңыз, жоғарыда мәселенің бірі ретінде талапкерлердің әуелі бейінді пәнді, содан кейін барып мамандықты таңдайтыны айтылды ғой. Шынтуайтында, ізденген адамға дұрыс жолмен жүріп, алдымен мамандықты, соған түсу үшін қандай пәнді таңдау керегін тайға таңба басқандай көрсетіп қойған. Мұны орталықтың «ЖОО-ға түсушілерге» деген айдарындағы «Бейінді пәндер комбинациясының білім беру бағдарламалары тобымен сәйкестігі» дейтін бөлімнен біле аласыз. Айтпақшы, колледж бітірушілерге де жоғары оқу орнына қандай мамандық бойынша оқуын жалғастыруға болатынын осы айдардағы төртінші бөлімнен табуға болады. Онда, мәселен, колледжде «Мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиешісі» мамандығын алып шыққандардың «Филология», «Мәдениеттану», «Психология», «Журналистика және репортер ісі» сынды 12 түрлі мамандыққа түсе алатынын көрсетіпті.
«Дипломды анама беремін»
Иә, бақсақ, баланың тағдырын түбегейлі өзгертуге, болашақта гранттан бас тартпауына, таңдауына өкінбеуіне септесетін қаншама құнды ақпарат тұр. Бірақ оның бәрін бала, перзентінің келешегіне алаңдаған ата-ана қарап, іздеп, танысып, оқи ма? Ата-аналарды анау маусым айында болатын бітірушілер кеші көбірек уайымдататын секілді. Бұлай деуімізге жақында оқып қалған бір чаттағы хат себеп болып отыр, бір кісі: «Журналистер арасында асаба болып жүргендер көп қой. Араларыңызда жастардың тілін түсінетін, түлектердің 17 маусымдағы бітіруші кешіне күшті жүргізуші іздеп жатырмыз», деп байланыс нөмірін қалдырыпты. Мұндай мәселенің барын ата-ана Толқын Сұлтан да жоққа шығармайды.
– Балам биыл мектеп бітіреді. Жақында өткен ата-аналар жиналысында балардың көбі әлі де мамандық таңдамағанын, тек қана өзіне бейінді пәнді белгілеп алғанын байқадым. Арасында тіпті «Грантқа түссем болды» дегендер де бар. Олардың ата-анасына да, солай айтып отырған баласына да қандай университетке, қандай мамандыққа түскені бәрібір болып тұр. Алдына нақты мақсат қойып отырған оқушылар да болды, бірақ олар саусақпен санарлық. Негізі баланың болашақ мамандығын таңдауда мақсатты, нақты қадамға баруы мектепке де байланысты. Мысалы, тұңғышым экономиканы сенімді түрде таңдап, соған 10-сыныптан бастап дайындалып, халықаралық сертификат алып, ағылшын бөліміне оқуға түсті. Енді Италияның бірнеше қаласын қарастырып, магистратураға грантқа түсуге ниеттеніп отыр. Өйткені тұңғышым дарынды балаларға арналған мектепте оқыды, ал екінші балам соңғы сыныптарда енді қалыптасып жатқан жаңа мектепке ауысып, мұғалімдерін жөнді танып та үлгермеді. Екіншіден, баланың болашаққа дұрыс немесе бұрыс қадам жасауы ата-ананың ықпалынан да болып жатады. Тұңғышымның құрбысы да биыл университетті бітіреді екен. Бірақ ол қалаған мамандығына түспеген, ата-анасының таңдаған мамандығын бітіргелі жатыр. Сол қыз менің қызыма: «Дипломды алған соң, мамама апарып беремін, өзім оқуға қайтадан түсемін. Бұл мамандықты баласы грантқа түсе алмай қалған деген атты арқалағысы келмеген ата-анам үшін ғана оқыдым», депті. Осыны естігенде қатты ойланып қалдым, – деді ата-ана Т.Сұлтан.
Т.Сұлтанның айтуынша, ата-аналарға ҰБТ, болашақ мамандығы емес, мейрамхана, Бурабайға жіберу, машина мініп сауық құру көбірек маңызды. Балалар оны қалап тұрған да жоқ. Одан балаларын әрі-бері сүйреп, басын қатырып, бос уақытын қалдырмай, жоғары оқу орнына түсу осы екен деп, түрлі репетитор, тестілеуге дайындайтын қосымша оқу орталықтарына беріп әлек. Сондай сыныптастары керісінше небәрі 23-25 ұпай жинап жатыр екен. Кейде мұндай әрекет те балаға, өз бетінше ойын жинақтап дайындалуына кедергі келтіреді. Сол себепті мұғалім де, ата-ана да емтиханға дайындалуда, болашақ мамандығын таңдауда, оқуға түсуде ең алдымен, балаға ыңғайлы болуына ақпараттық, психологиялық жағынан толыққанды жағдай жасауы қажет.