Спорт • 16 Ақпан, 2024

Әбибадан басқасы әлсіз

588 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ақпан айының басында «Egemen Qazaqstan» газетінде «Үздіктер ұзап кетті» деген тақырыппен мақала жарық көрді. Онда біз жуырда жаңартылған ерлердің әлемдік рейтингі туралы кеңінен баяндай келе, Қазақстанның татами шеберлерінің қазіргі қарқынына көңіл толмайтынын ашық айтқан едік. Ал бүгінгі әңгімеміз – әйелдер дзюдосы жөнінде.

Әбибадан басқасы әлсіз

Қазіргі кезде Қазақстанның бұрымдылары арасында табысты өнер көрсетіп жүрген 26 жастағы Әбиба Әбужақынова ғана екені баршаға мәлім. Өзбекстанда дү­ниеге келген қазақ қызы осыдан бірер жыл бұрын тарихи отанына қоныс аударды. Алма­тыдағы республикалық спорт колледжінде білімін жетілдіріп, шеберлігін шыңдады. Талай тұлпардың томағасын сыпырған қара­ шаңырақта білікті балуан, танымал бапкер Нұрбол Сүлей­меновтің қол астында жат­тықты. Аса жеңіл салмақта бақ сынаған Әбиба бірер жыл атақты дзюдошы Отгонцэцэг Галбадрахтың көлеңкесінде жүрді. Моңғолиялық легионер үлкен спорттан қол үзгеннен кейін Әбужақынова 48 кг салмақ дә­режесінің тізгінін қолына мық­тап ұстады.

Бүгінгі таңда Әбибаның бағын­дырған белесі зор. 2021 және 2022 жылдары ол Азия біріншілігінде күміс медальді иеленсе, алдыңғы жылы Ташкентте өткен әлем чемпионатында қола медальді олжалады. Бұған қоса Grand Slam мен Gran Prix турнирлерінде жеңіс тұғырына көтерілді. Былтыр Азиа­дада күміс алса, биыл Пор­ту­галиядағы дүбірлі додада отан­дық дзюдошылар арасынан жалғыз өзі жеңіс тұғырына көтерілді. Қазіргі кезде Қазақстан құрама командасы мүшелері арасында IJF рейтингінде ең жақсы көрсеткіш Әбиба Әбужақыноваға тиесілі. Ол 7-орынды иеленіп тұр.

апр

Кәмила Берліқаштың да аяқ­алысы жаман емес. Аса ауыр салмақта айқасатын 24 жастағы балуан кейінгі екі-үш жылда бір­қатар аса ірі халықаралық турнирде жүлдегерлер қатарынан көрінді. Кейбір бәсекелерде жеңіс тұғырына сынық сүйем қалғанда сүрінді. Осылайша, қажетті ұпай­ларын қоржынға салған Кә­мила бүгінде +78 кг салмақта 15-орында тұр. Дәл осы тұғырдан тө­мен­­демесе, Берліқаштың Олим­пиа­даға баратыны анық.

Өкінішке қарай, өзге балуанда­рымыздың жағдайы мәз емес. IJF рейтингіндегі олар мынадай орындарға табан тіреді: Ғалия Тын­баева (60 кг) – 28-орын, Аруна Жанкелдина (78 кг) мен Ес­мигүл Куюлова (63 кг) – 38-орын, Ақерке Рамазанов (+78 кг) – 39-орын, Назгүл Маратова (+78 кг) – 44-орын және Севара Нышанбаева (57 кг) – 53-орын. Иә, дәл осындай өгізаяң жүріспен жоғарыда есімдері аталған спортшылардың Олимпия ойындарына жолдама алуы екіталай.

IJF рейтингінде Франция өзгелерден көш ілгері. Қазіргі кез­де олардың 12 спортшысы ТОП-10-дыққа еніп отыр. Екінші орында – Жапония. Күншығыс елінің 8 қызы – үздіктер тізімінде. Әрине, оған еш таңдануға болмайды. Өйткені дәл осы мемлекеттің өкілдері Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарында олжаға молынан кенеліп жүр. 2021 жылы Токиодағы додада Күншығыс елінің қыздары 4 алтын, 1 күміс және 1 қола медальді олжаласа, 2023 жылы Дохадағы әлем чемпионатында дәл сондай нәтиже көрсетті. Қарт құрлықтың өкілдері төртжылдықтың басты додасын 1 алтын, 3 күміс және 1 қоламен қорытындыласа, Қатардың астанасында дәл сол көрсеткішті айна-қатесіз қайталады.

Үздік үштікті Израиль түйін­деп тұр. Жоғарыдағы рейтингте олардың 5 бұрымдысы бар. Төртінші сатыға 4 дзюдошысына сенім артқан Германия жайғасты. Сондай-ақ Италия, Косово, Пор­тугалия, Канада, Бразилия, Қы­тайдың – 3, Испания, Ұлы­бри­тания, Мажарстан, Оңтүстік Корея, Аустралия, Нидерланд, Хор­ватияның – 2, Сербия, Қа­зақстан, Моңғолия, Өзбекстан, Грузия, Польша, Грекия, Аустрия және Түркияның 1 балуаны үздік ондықтың қатарында.

Көшбасшыларға келер болсақ, Канаданың екі бұрымдысы алдына жан салар емес. Олар – Кристия Дегуччи (57 кг) мен Катрин Бошмен-Пинар (63 кг). Жапонияда туып-өсіп, кейіннен Үйеңкі жапырақтар еліне қоныс аударған 28 жастағы Дегуччи – әлемнің екі және Панамерика чемпионатының үш дүркін чемпионы. Монреальда дүниеге келген 29 жастағы Бошмен-Пинар – Олимпия ойындарының қола, әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Аса жеңіл салмақта 22 жастағы Италияның аруы Ассунта Скутто ешкімге жеткізбей келеді. Әбиба Әбужақынованың басты қарсыластарының бірі дүние­жүзілік додада екі рет үшінші орынды иеленді. Шағын ғана Косово елінен шыққан 28 жас­тағы Дистрия Красничи 52 кг салмақта дара тұр. Ол – Токио Олимпиадасының жеңімпазы, әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері, Еуропа чемпионы және құрлықтық жарыста төрт мәрте жеңіс тұғырына көтерілді.

Нидерландтық Санне Ван Дейк 70 кг салмақ дәрежесінің тізгінін қолында берік ұстап тұр. 28 жастағы Қызғалдақтар елінің өкілі Олимпия ойындарында бір мәрте, әлемдік додада төрт рет қола медальді мойнында жарқыратты. Еуропа бірін­шілігінде бес рет (2 алтын, 2 күміс, 1 қола) олжа салып, Еуропа ойындарының финалында күресті. 78 кг салмақта Ин­бар Ланир ағарып алда келеді. 23 жастағы Израиль дзюдошысы Токиодағы ойындардың ко­мандалық са­йы­сында үшінші орын алса, былтырғы әлем чемпио­натында бас жүлдені олжалады. Аса ауыр салмақта франциялық Романа Дикконың дәуірі жүріп тұр. 24 жастағы қара нәсілді балуан Токионың жекелеген сайысында қола алса, командалық бәсекеде алтыннан алқа тақты. Әлем чем­пионатының ақтық сынында екі мәрте айқасып, бір алтын мен күмісті қоржынына салды. Төрт бірдей құрлық біріншілігінде қар­сылас шыдатқан жоқ.