Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Белгілі тарихшы ғалым З.Қинаятұлының пайымдауынша, Жошы ұлысының мемлекет құрушы этносы – қыпшақтар. Еуропа саяхатшылары оларды «коман», «куман» (В.Рубрук, П.Карпини), орыстар «половцы» деп атады. Қыпшақ тобының бірлестігіне печенегтер, қарлұқтар, түргештер, азкішілер, иемек, қимақтар, найман, керейлерді де енгізіп атады. Тек қана қыпшақтың өзі 10 тайпадан құралып, Орта Азияны алып жатты. Сондықтан да Еуразия аймағын алып жатқан көшпелілердің мекенін «Дашты Кипчак», яғни «Қыпшақ даласы» деп атаса, елін «Дашты Кипчак мамалакаты» деп атады.
ХІ–ХІV ғасырларда Еуразия құрлығында қыпшақтар беделді қауым болғанын сол заманда мәтелге айналған құстың сүті туралы жұмбақтан-ақ түсінуге болады. «Кодекс куманикс» сөздігі де осыған куә.
Жошы-Қыпшақ мемлекетінің саяси тарихы, халқының этностық құрамы Әл-Омардың еңбегінде жазылған.
Араб түпнұсқаларында Жошы ұлысында сұлтандар мен нояндарға құрмет көрсеткенде, ең әуелі моңғол, одан соң қыпшақ, үшінші дәрежеде басқа түркілер ұлтының атауы көрсетіліп, дипломатиялық тізімге енгізілген.
1222 жылы Кубаньда аландармен моңғол қолы бетпе-бет келді. Кубаньдағы тұрғылықты қыпшақтарды аландар одақтастыққа тартып, моңғол әскерлеріне бірігіп соққы бермекші болады. Сонда Сүбедей бастаған моңғол қолбасшылары қыпшақтарға арнайы сәлем жолдап: «…Сіз бен біздер жақын туыстармыз. Аландар жатжұрттықтар. Біз сендерге жау емеспіз» деген деректі 1230–1231 жылдары Ибн әл-Асир тарихи жазбасында жазып қалдырған. Сүбедей қолбасшының осы сөзінен кейін Кубаньдағы қыпшақтар аландарды тастап кеткен. Моңғол қолы аландарды күйрете жеңіп, Сүбедей қыпшақтарға мол сый-сияпат көркеткен.
Кешікпей Кубань қыпшақтары моңғолдармен келіспей қалады да, русьқа арқа сүйеуге бет бұрады. 1223 жылы русьтар Киевте жиын өткізіп, моңғол қолымен соғысуға қыпшақтарды одақтастыққа тартады. Бұл оқиғадан хабардар болған моңғол қолбасшылары: «Біз өз қыпшақтарымыздың басын біріктіру үшін жүрміз. Русьтар, сендермен ісіміз жоқ, сендер қыпшақтармен одақтасудан бас тартыңдар» деп русьтарға арнайы елші жібереді. 1223 жылдың 31 мамырында басталып, үш күнге созылған бұл қырғын соғысқа қыпшақтардың 50 000, русьтардың 80 000 қолы моңғолдарға қарсы тұрғанымен, 25 000 ғана әскері бар моңғол жағы әскери тактикалық басымдылықпен орыс-қыпшақтың 130 000 қолын талқандап, бірнеше беделді князін қолға түсіреді.
Моңғолдар Қыпшақ даласына кірген күннен бастап қыпшақтарсыз Еуразияны ұстап тұру мүмкін еместігін жақсы түсінген. Онымен қатар қыпшақтардың арғы тегі бір әрі киіз туырлықты көшпелілер болғандықтан, салт-сана, дүниетанымы ұқсас туыстас халық. Сондай-ақ Жошы-Қыпшақ ұлысында мемлекеттік тіл қыпшақ тілі болғанын Ибн Арабшах жазбасынан нақты дерек ала аламыз. Еуропаның саудагерлері, миссионерлері, саяхатшылары бүкіл Моңғол империясы жерінде қыпшақ тілі ең басты қатынас құралы болғанын мәлімдейді. Әйгілі Плано Карпини, Г.Рубруктар Еуропадан Қытайға дейін жүрген жолында бүкіл империя қыпшақ тілінде қатынасатыны туралы дерек қалдырған. Франция миссионері Пасхалий қыпшақ тілін ұйғыр алфавитімен үйренгенін айта отырып, «ибо этот язык и письмо наиболее употребительный во всех царствах и империях татар, персов, холдеев, медов, а также Катае (Китай)» дейді. Венециялық саудагер Пеголотии «La рrасtіса della mercatura» атты жолжазбасында қытай еліне барғанда қыпшақ тілін білетін қызметші жалдап алу керектігін айтып, саудагерлерге кеңес береді.
1224 жылы Бату хан заманынан бастап Жошы ұлысының Хорезм, Үргеніш, Сығанақ, Отырар, Сарай, Ианги (Тараз), Ясы (Түркістан), Сайрам, Сауран, Жент, Гүлстан қалаларында алтын, күміс, жез ақша шығарып, сауда қатынасы мен алым-салықтың айналымына енгізген. Жошы ұлысының жекелеген қалалар мен аймақтарының айналымға енгізген теңгелерінің сыртында, жекелеген хандардың атымен ақша құйып айналымға шығарған. Онда: Бату, Берке, Кебек, Тоқтай, Өзбек, Жәнібек, Бердібек, Наурызбай, Қызыр, Қайырболат (Мір-Болат), Сұлтан Мухамед, Махмуд Яалавачтың ұлы Хорезм әмірі Масуда, Тоқтамыш, Шәдібек хандардың атымен 1420 жылға дейін күміс, жез ақшаларды жасап, бүкіл ұлыс территориясында еркін айналымға енгізіліп тұрған.
Жошы мемлекеті өз ішінен екі үлкен хандыққа бөлінген. Жошының үлкен ұлы Орда Еженнің иелігін «Көк Орда» деп, Батудың иелігін «Ақ Орда» деп атап, батыс қыпшақтардың үлесіне берген. Бату хан дәстүр бойынша елін үштік жүйемен басқарған. Араб түпнұсқаларында Батудың иелігін Қыпшақ хандығы деп атаған. Хандықтың орталығы Еділ дариясының бойындағы Сарай қаласы, оң қанаты Қырым, бұны Дешті-Қыпшақ немесе Қыпшақ даласы деп атаған. Парсы тарихшысы Хамдаллах Казвинидің (1281–1349) дерегінше, Еділ, Дон бойы бұрын Хазар даласы деп аталған болса, ХІV ғасырдың басынан Қыпшақ даласы атанған. Бату хан иелігінің шығыс шекарасы Шағатай хандығымен шектескен. Жошы-Қыпшақ мемлекеті елін әскери-әкімшілік 10 аймаққа бөліп басқарғаны туралы Египеттегі Мәмлүк мемлекетінің ең соңғы энциклопедиясын жасаған ғалым Абул-Аббас Ахмед Шихабад дин әл-Мисри әл-Калкашанди жазып қалдырған.
І. Хорезм аймағы. Қият, Үргеніш, Кіші Үргеніш (Хиуа), Замахшар, Хазарасп, Дарған, Фараб (Отырар), Мыңқышлақ. Солтүстік шекарасы Ақтау, шығыс солтүстігі Қаратаумен шектелген. Негізгі халқы – түркілер.
ІІ. Дешті-Қыпшақ. Бұл аймақтың жер көлемі Хорезм аймағының территориясының 1/3-іне тең. Негізгі халқы – қыпшақтар. Хан ордасы Сарай қаласында орналасқан. Мұнда Атамалик Жувейнидің хабарлауынша, қыпшақ, моңғол, русь, алан, черкес, грек, бұлғар өмір сүріп, Мысыр, Иран, Сирия, Римнің саудагерлері мен саяхатшылары қаптаған қала болған.
ІІІ. Хазар. Мұнда Дағыстан жеріндегі хазарлардың ежелгі астанасы Баланжар болған дегеннен басқа мәлімет жоқ. Негізгі халқы – қыпшақтар.
ІV. Қырым. Бұл аймаққа Қырым, Солхат (байырғы Қырым), Судақ, Қафа (Феодосия), Үкек қалаларымен қатар Азаулы бойының батыс жағының біраз жері қамтылған. Негізгі халқы – қыпшақтар, аздаған орыстар. Жошы-Қыпшақ мемлекетінің сыртқы қатынас, сауда-саттықтың күре жолы болғандықтан, хан ордасын жағалайтын аристократтар, қыпшақтар және әртүрлі ұлттың өкілдері осында өмір сүрген.
V. Азаулы аймағы. Жер көлемі Қырым аймағының жер көлемінің 1/4-іне тең. Бұл аймақтың қарамағында Азаулы, Керчь қалалары болған.
VІ. Черкес аймағы. Жер көлемі Дешті-Қыпшақ пен Азаулы аймағының территориясын қосқанмен тең. Халқы – қыпшақтар.
VІІ. Бұлғар аймағы. Жер көлемі Дешті-Қыпшақ пен Қырым аймағының территориясын қосқанмен тең. Хан Ордасы бұл қаланы Ақча-Керман (бүгінгі Днестровскийдегі Белгород қаласы). Екінші үлкен қаласы Сары Керман, Қырым түбегінің батыс оңтүстігіндегі ежелгі гректердің қала-ұлыс жұртына орналасқан.
VІІІ. Улак немесе Валакия. Румынияның Волахин княздігі. 1324 жылдары тәуелсіз өмір сүрген.
ІХ. Ас немесе Алан аймағы. Қырым түбегіндегі Жошының батыс Ордасының қарашалары (крепостной) көптеп орналасқан. Негізгі халқы парсы тілді, христиан дінді. Олардың басшысы түмен нояндарының дәрежесінде хан аталады. Олар – бүгінгі осетиндердің бабалары. Узбек хан билігі аяқталғанға дейін аландар тау шатқалдарында шеткері өмір сүрген.
Х. Орос аймағы. Жошы-Қыпшақ ұлысының мұсылман аймақтарының батыс, батыс солтүстік жағына орналасқан. Бұл аймақтың шекарасы батыста франклер немесе Батыс Еуропамен, шығысы Бұлғар аймағымен, шығыс солтүстігі Холман жерімен шектеседі. Орыстілді, христиан дінді.