Қоғам • 16 Ақпан, 2024

Құмар ойынға қылбұрау қажет

196 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қоғамда құмар ойынға тәуелділік дендеп барады. Өткен жылғы статистиканы бағдарласақ, елімізде 350 мыңнан аса адам жеңіл ақшаның буына арбалған. Тіпті, лудомания лаңынан республикадағы әр он жұптың жетеуі ажырасады екен. Осы дертке тұсау салу, әлеуметті қауіптен құлағдар ету мақсатында Бурабайда «Игроманка» көркем фильмі түсіріліп жатыр. Осыған орай арнайы ұйымдастырылған баспасөз турына барып, шығармашылық ұжымды әңгімеге тартқан едік.

Құмар ойынға қылбұрау қажет

Жобаны Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КеАҚ демеушілігімен «Protalent» про­дю­серлік орталығы осыдан екі жарым жыл бұрын қолға алған. Ұжым алдымен проблеманың өзектілігін айқындау үшін құмар ойынға салынған азаматтармен, сондай-ақ психолог, реабилитолог сынды мамандармен тілдесіп, жан-жақты зерттеу жүргізген. Кейін шынайы оқиғалар желісінің негізінде фильмнің сценарийі жазылыпты.

– Бүгінде букмекерлік кеңселер мен ойын автоматтарының торына түскен отан­дастарымыз тапқан-таянғанын жеңіл жолмен ақша табамын деп желге ұшы­рып жатыр. Салдарынан түтіні түзу шыққан қаншама отбасы ойрандалды. Жаңа Қазақстан қоғамына салиқалы көзқарастағы сапалы шаңырақ керек. Өйткені кез келген нәрсе отбасыдан бастау алады. Фильм сюжетінде бас­ты кейіпкер Жұлдыз құмар ойынның түбіне түсіп, диллемаға тап болады. Ойын­құмарлықтан жиналған қарызы, ұлына қамқорлық жасау бойынша жүр­гізіліп жатқан сот, одан қалды ішкі жан күйзелісі бар. Осылайша, біз көрерменге ойынқұмарлықтың қандай жағдайға душар ететінін және тәуелділіктің шырмауынан қалай шығуға болатынын көрсеткіміз келеді, – дейді «Игроманка» фильмінің режиссері Алдияр Байрақымов.

Бүгінде түсірілімнің алғашқы эпизодтары Бурабай ауданындағы Ұрымқай ауылдық округінде өтіп жатыр. Тұмса табиғатымен талайды тамсандырған өлкенің таңдалуы да бекер емес көрінеді. Бір қызығы, түсірілім алаңы толық қайта жасақталыпты. Ғимараттың іші боялып, жаңартылғаны былай тұрсын, үстел, орындығына дейін Алматыдан жеткізілген. Тіпті, нысанды қоршаған биік дуалдары да арнайы тұрғызылған.

– Сценарий бойынша бізге кеңес кезіндегі ғимарат қажет болды. Ондай ескі үлкен ғимаратты табу қиынға соқты. Тіпті, бұрынғы зәулім үйлер Алматы қаласында да аз. Сол себепті біз бастапқы қалпын сақтаған Ұрымқай ауылдық округіндегі ғимаратты таңдадық. Эскизін сызған кезде шкаф, үстел, кітап, диван сынды әрбір заттың қай жерде тұратынын, оған қандай түс таңдалатынын алдын ала ақылдастық. Бір жағынан Бурабайда кино сирек түсіріледі. Бұл жердің табиғаты өте әдемі, керемет, бірақ суық. Десек те, мұндағы қолайсыз ауа райы біздің нәтижеге жетуімізге кедергі болмайды, – дейді фильмнің қоюшы-суретшісі Нұрболат Жапақов.

Шығармашылық ұжым ақпан айының соңғы эпизодтарын Астана қаласында түсіруді жоспарлап отыр. Кейін жер аяғы кеңіген мамыр айында қайта жал­ғастырмақшы.

– Лудоманияның ілмегіне түскен адамдар бұл проблемадан аз уақытта шыға алмайды. Мамандардың сөзінше, кез келген тәуелділіктен арылу үшін кем дегенде 6 ай уақыт керек. Сондықтан біз фильм картинасында жылдың бірнеше маусымын көрсетуді мақсат тұттық. Ол үшін түсірілім тобы тыным таппай, табандылықпен жұмыс жүргізді. Біздегі азаматтар – өз ісінің шеберлері. Басым бөлігі Алматы қаласынан келді. Елордадан шақыртылғандары да бар, – дейді «Игроманка» фильмінің бас продюсері Ардақ Қасымбек.

Жоба авторлары басты кейіпкерлерді кімдер сомдайтынын әзірге құпия ұстап отыр. Десек те, түсірілім алаңынан Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының танымал актері Жәнібек Мұсаевты кездестіріп, фильм негізге алған проблема төңірегінде пікірін сұрап көрдік.

– Алғаш студент кезімде ойнап көрдім. Ауылдан қалаға енді барған кезім еді. Ол кезде ойын автоматтары әр көшенің бұрышында тұратын. Оқитын ғимараттың жанында сондай біреуі болды. Қатарластарымыз үзілістің арасында да баратын. Досымның ұтқан сәтін көрдім де, қызығып кеттім. «Алтын көрсе періште жолдан таяды» деген, ұтамын деген мотивпен бастадым. Бірақ сол күні «ұтылған ақшамды ертесіне шығарып аламын» деген ой құмар ойынның жетегіне итермеледі. Кейін бір күндік тиын-тебен емес, толық айлығымды салып жіберіп, ұтылып қалдым. Қарызға белшемнен баттым. Маған «Қайдасың?» деп хабарласқанда, ойын автоматында отырсам да, «жұмыстамын» деп өтірік айтушы едім. Бұл дерттің ең жаманы – адамды қу, өтірікшіге айналдырады. Бұдан мен жақын маңайдағы ойын автоматтарын жаппай алып тастағанда бір-ақ құтылдым. Ерік-жігерімді сынға қойып, ол жолға екінші рет аяқ баспадым. Бұл дерттің қоғамда белең алғаны соншалық, тіпті дос, таныс, туысқандар арасында лудоманияның құрығына іліккендер жиі кездеседі. Оларға қанша айтсам да, ұқпайды, түсінгісі келмейді. Лудомания – адам талғамайтын, таңдамайтын эпи­демия. Былай қарасаң, абыройлы, елдің қамын ойлап жүрген азаматтар да құмар ойынға салынған. Ай са­йын келіп тұратын табысы болған соң, олардікі білінбейді. Ал табысы жоқтар, құрдымға кетіп, өз-өздеріне қол жұмсап, кейбіреулері ажырасып, көздері жәудіреп қаншама бала жетім қалып жатыр. Сол себепті «Игроманка» фильмінің сюжетін естігенде, бірден келістім. Тым болмаса, кино арқылы адамдарға көмектесе алсам деген ниет болды, – дейді актер.

Әлеуметтік драмада Жанна рөлінде ойнайтын актриса Алтынай Нөгербек «адал еңбек етіп, бейнеттің берекесіне бөленудің орнына ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүріп қалта қампайтқысы келетіндердің артуы отбасындағы тәрбие мен ұялы телефонға байланған тірлікте» деген ойын ортаға салды.

– Қазір бір-бірімізді тыңдаудан, шүйіркелесіп, сырласып әңгіме айтудан қалып барамыз. Бүгінде телефон, интернет біраз дүниенің орнын алмастырды. Қым-қуыт тірлікке байланғанымыз тағы бар. Қаржылай қиындық жағадан алғанда да еріксіз осындай құмар ойынға салынып жатады. Жұмысы бар болса да, «Алтын шыққан жерді белден қаз» дегендей, кішкене ұтыс болып қалса, ары қарай да ұта беремін деген қиялға еріп кете береді. Лудоманияның себебін іздеп, қаза берсе тереңдей түседі. Сондықтан бір бағытта ғана жұмыс жүргізбей, бұл індеттің алдын алудың баламалы жолдарын тауып, жан-жақты күресті күшейту қажет, – дейді Алтынай Нөгербек.

Лудомания тәннің емес, адам жаны­ның ауруы іспетті. АҚШ-тың құмар ойындар мәселесі жөніндегі Ұлттық қауым­дастығы жүргізген зерттеуге сүйен­сек, әлемдегі әрбір орташа дең­гейде өмір сүретін адамның қылмысқа бару ықтималдығы – 6 пайыз болса, ішімдікке салынып кетуі мүмкін деген болжамның деңгейі – 34, есірткіге тәуелді болуы мүмкін ықтималдығы – 32, құмар ойындарға байланып қалу ықтималдығы 48 пайыз деп көрсетілген. Қазақстандағы халықтың тұрмыстық әл-ауқатының мәз емес екенін аңғарсақ, проб­лема күрделі деген сөз. Кей деректерде еліміздегі әрбір бесінші жасы құмар ойын ойнайды деген ақпарат та бар. Былтыр Мемлекет басшысы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында: «Кейінгі жылдары елімізде құмар ойынға тәуелділік белең алып барады. Кейбір отбасылар үшін бұл үлкен қасіретке айналды» деген еді. Сондай-ақ Президент осы жаман әдетке, әсіресе, жастар әуес екеніне назар аударып, мемлекеттік орган­дарға азаматтардың жекелеген санаттары үшін құмар ойындарға қатысты шектеулерді күшейтуді жүктеген-ді.

Мәжілісте де құмар ойын мәселесі мен оған қатысты жарнаманы заң тұрғысында қадағалау тақырыптары бірнеше рет көтерілді. Өйткені еліміздегі әрбір бесін­ші суицид құмар ойынның кесірінен болатын көрінеді.

«Бұл індет барлығына әсер етті. Менің де, сіздің де айналаңызда, отбасыңызда бір лудоман бар. Ондай танысы жоқ адам жоқ шығар. Неге? Себебі біз оларға еркіндік беріп қойғанбыз, шектеу жоқ. Егер де сіз менің субъективті пікірімді білгіңіз келсе, онда менің айтарым – тыйым салу», деді Мәжіліс депутаты Руслан Берденов. Жуырда депутат Елнұр Бейсенбаев та Мәжіліс отырысында лудомания туралы заң жобасы әлі Үкіметте екенін жеткізді. «Мәжіліс заң жобасын қорытынды жасауға ұсынған. Біз заң негізінде жұмыс істегенін қалаймыз. Бірақ Үкіметтің осы заң жобасын ұстап отырғанына 1,5 жыл болды», деді ол.

Айта кетейік, фильм көрерменге келер жылы жол тартады. Алайда продю­­сер­лік орталық оған дейін туындыны түрлі халықаралық деңгейдегі кино фес­тивальдерге ұсынуды жоспарлап отыр.