Қоғам • 15 Ақпан, 2024

Бабадан жеткен әдеп

202 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Халқымыздың өнегелі өмірі мен ілкімді істері, тұтастай шежіресі мен тарихи деректері ауыз әдебиеті арқылы ұрпақтан ұрпаққа жетті. Қилы замандарда тарихтың сын-қатеріне төтеп беріп, атажұртын, Ұлы даласын сақтап, кейінгі ұрпағына аманаттаған бабаларымыздың мұралары бізді рухани кемелденуге шақырады. Күнделікті тіршілікте ұстанып, қадірлеп, қастер тұтар халқымыздың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары, жоралғылары түп қалпында сақталып, өсиеттері мен ой ұшқындары жас ұрпақтың бойына рухани азық береді.

Бабадан жеткен әдеп

Президент Жарлығымен мем­ле­кеттік қызметшілердің Әдеп кодексі бекітіліп, адал ниеттілік, адал­дық, әділдік, ашықтық, сыпайы­лық, тұты­ну­шыға бағдарлану сынды мем­ле­кеттік қызметтің әдептік қағи­дат­тары ай­қын­далды.

Байыптап қарасақ, мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексі мен бабалар өсиеті арасында өзара үн­дестік көп. Ұлылар өсиеті мен әдеп нормалары – өткеннен өнеге алып, ұлағатты жолдан айнымай, өрке­ниет көшіне қадам басуға үндеп, мем­ле­кет­тік қызметшілерді әлеу­меттің әлеуетін арттыруға жұмылдырады.

Мемлекеттік қызметшілердің те­­­­мір­­қазығы саналатын Әдеп ко­дексі­нің қағидаларын халқымыздың өсие­тімен сабақтастырып көрелік. Кодексте адал ниеттілік деп қоғам игілігі үшін мемлекетке кәсіби және жауапты қызмет етуді айқындайды. Соны­мен қатар өз міндеттеріне шы­найы көз­­қараспен қарап, жеке және заң­ды тұл­ға­лардың, қоғамдық топтар мен ұйым­дардың ықпалына қа­рамастан, заңды шешім қабылдау және кез келген мән-жайлар бойынша біржақтылық пен субъективтілік се­бе­бінен адамдарды кемсітуге жол бермеу кодекстің негізгі қағидалары саналады.

Адал ниеттілік, әділдік пен адал­дық­ты тарихи тұлғаларымыздың афо­ризм­­дерімен танысқанда көптеп кез­дес­тіреміз. Атап айтсақ, Шығыс Түркі қағандығының негізін қалау­шылардың бірі Тоныкөк: «Түнде ұйықтамадым, күндіз отырмадым. Қызыл қанымды ағыздым, қара терімді төктім, Түркі халқы үшін!» десе, Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхан: «Тірі болсам, қазаққа қыз­мет қылмай қоймаймын» деп, ұлтқа адал ниетпен, адалдық әрі әділ­дікпен қызмет етуге үндеген.

Жыраулар поэзиясының өкілі Асан қайғы Сәбитұлының «Әділдіктің белгісі», Досбол бидің «Жақсы деген немене?!» толғаулары адалдық пен әділдік турасындағы көп жұмбақтың шешуін шешсе, Әбу Насыр әл-Фараби бақыттың кілтін парасаттылықтан іздейді. Абай мен Мағжан адам болуға баулыса, Әлихан мен Бауыржан отансүйгіштікке және туған жерге аянбай еңбек етуге шақырады.

Мәселен, Әлихан Бөкейхан: «Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса,  халық мақсаты орындалады» деп, аза­­маттың алдына жа­уапты міндет қойған. Ал Әбу Насыр әл-Фараби «Әре­кетіміз дұрыс болуы үшін соған баратын жолымыздың қандайлығы маңызды» деп, өсиет қалдырған.

Тұрғындардың мұң-мұқтажын тың­дай білу жұртшылықтың мемлекет­тік органға деген көзқарасын қалып­тас­тырады. Ашық­тық пен шынайылық, турашылдық пен батырлықты ту еткен Бауыржан Момышұлы: «Халықтың мұң-мұқтажына құ­лақ аспаған адам – азамат емес. Ол – ха­лықтың бірінші жауы» деп, баға­ла­ған.

Даналыққа қатысты өткен мен бүгін­нің сабақтастығын саралай келе, өзі­мізге қажетті құндылықтарды әлеу­мет­­тік желілердегі жеңіл ойынға, әзіл­ге жығып бермей, ата-бабамыз­дың өсиетін рухани жан дү­ние­міз­ді байы­туымыз, жұмсауымыз керек. Сонда ғана Абай айтқан «толық адам» болып қа­лып­тасамыз.

 

Біржан ӘШІР,

Отырар ауданы әкімі аппаратының басшысы, Әдеп жөніндегі уәкіл

 

Түркістан облысы