Мирас • 18 Ақпан, 2024

Жамбылдың жыраулық дәстүрі

155 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Ұлт руханиятының елеулі ұстындары болады. Сол ұстындардың бірі – сан ғасырлық тарихы бар қасиетті қазақ әдебиеті. Ал қазақ әдебиетінің алтын діңгектері – Абай, Жамбыл, Махамбет. Бірнеше мыңжылдықтардан тамыр тартатын ұлттық поэзиямызды, яғни түркілік поэзияны халық ауыз әдебиетін, фольклорды, ұлан-ғайыр жыраулық мұрамызды аттап өтіп әңгіме ету мүмкін емес...

Жамбылдың жыраулық дәстүрі

Мұхиттай терең халық ауыз әдебиетін, әлемдік деңгейге кетіп қалған ұшы қиыры жоқ бай фольклорымызды айтпаған­ның өзінде бес ғасырға жуық дәуірлеген жыраулық поэзиямызға ғана тоқталсақ, туған әдебиетіміздің терең тарихы көз алдымызға келеді.

Жыраулық поэзияның біздегідей кө­терілген деңгейін бірде-бір бүгінгі түркі халықтарының әдебиетінен таппайсыз. Бұл – бұлтартпас шындық. Жырау­лық поэзияның классикалық үлгісін тек қана қазақ жыраулары мен жыршылары дүниеге келтірді.

Он бесінші және жиырмасыншы ға­сыр­­лардың арасында шарықтап көтеріл­ген, қазақи дүниетаным мен қазақи поэ­тикалық көркемдік қабылдаудың ең бір ғажайып туындыларын туғызған қазақ жыраулары өткен ғасырдың ортасында өздерінің тарихи миссиясын аяқтады.

Жыраулық поэзия, әсіресе өз алды­мыз­ға бөлек мемлекет болып өркенде­ген хандық дәуірімізде айырықша жарқы­рап көрінді. Сыпыра жыраудан бастап Асан қайғы, Ақтамберді, Бұқар, кешегі Махамбет, Жам­былға дейінгі алыптарымызды санамалап шыққанның өзінде әдебиетіміздегі осынау феномендік көр­кемдік құбылыс болған поэтикалық үде­рісті ой елегінен өткізуге болады.

Біз соның бір белесіне ғана, яғни жыр алыбы Жамбылдың шығармашылы­ғы­на ғана сабақтастырып, әңгіме өрбітуді мақсат еттік. Осы орайда Жамбылдың ал­дында жыраулық өнердің баға жетпес үлкен мектебі жатқанын да ұмытпауымыз қажет. Соның бірі Жетісу ақындық мек­тебінің алтын діңгегі болған (Мұхтар Әуе­зовтің бағасы) Сүйінбай ақынның да әсер-ықпалын аттап кете алмаймыз.

Сүйінбай, әрине, қазақ әдебиетінің өлең, жыр және айтыс жанрында үлкен мек­теп қалыптастырды. Бұл мектептен тәлім, тағылым алған, үйренген, шығар­машылығына дарытқан қаншама айтулы қазақ ақындары өз туындыларында жаңа табыстарға қол жеткізді.

Сүйінбай ақын Оңтүстік, Шығыс, Орта­лық Қазақстан елін түгел аралап, күллі қазақ жұртын өз өнерімен сусындатты. Өзіне дейінгі ақындардан өз атасы Күсептің жырларын, Жанкісі жыраудың дәстүрін тереңдете меңгерді.

Аға буын ақындардан Қабан жырау (Қабылиса), Жанақ, Түбек, Шөжелермен қатар ғұмыр кешті, талай өнер сайыстарына қатысты.

Өзімен тұстас Майлықожа, Майкөт, Қаңтарбай, Тезекбай, Бақтыбай, Қата­ған сияқты өнер майталмандарымен жолығысқан, біразымен айтыс өнерінде сайысқа түскен. Осынау әдеби орта Сүйін­бай шығармашылығына, әсіресе оның жыраулық дәстүрдегі туындыларына ерекше әсер еткен. Айталық, Сүйінбай ақын халық батырларын биік көркемдік деңгейге көтеріп, олардың дара образдарын сомдап, бейнелеп, елге үлгі етіп, қаһармандық жырлар толғаған эпик ақын.

Сұраншы, Саурық, Сыпатай, Тотан, Ботпай, Бөлтірік, Жабай, Мүйізді Өтеген батырлар туралы жырлар шығарған. Жыраулық дәстүрдің басты белгілерінің бірі – авторлары, яғни жыраулар өз туындыларын таңды таңға ұластырып, күнді күнге жалғап, жатқа жырлайтын болған. 

Хандық дәуірде, әсіресе өнердің осы түрі елге кең жайылды. Атақты жырау­ларымыздың әйгілі эпостық жырларды, «Көрұғылы», «Алпамыс батыр», «Қобы­ланды батыр», «Ер Қосай», «Қырымның қырық батыры», тағы да басқа күллі түркі жұртына ортақ көркемдігі аса құнды айтулы эпостық туындыларды түгелдей жырлап бере алған.

Осы дәстүрді Сүйінбай заманында да әйгілі жыраулық дәстүрдің туын биік ұстаған, болашақ ұрпаққа аманат етіп табыстаған бір шоғыр ақындарымыз да осынау дәстүрімізге адал болған. Сон­дықтан да қазақ поэзиясында, жалпы қазақ әдебиетінде Сүйінбай ақын қалдырған жыраулық дәстүр оның шәкірттерінің шы­ғармашылығында да жаңаша түрленіп, жаңа поэтикалық арнада жалғасын тапты. Соның бірі – Жамбыл шығармашылығы.

Мен мақаламда ұстазым, жамбыл­тануға теңдессіз үлес қосқан, олжа сал­ған саңлақ ғалым, профессор Мырзатай Жол­дасбековтің бірауыз сөзін келтір­гім келіп тұр. Тура осыдан отыз жыл бұрын Мырзатай ағамыз Жамбыл шы­ғар­машылығынан докторлық еңбегін қор­ғады. Бішкек қаласында. Алматыдан арнайы академиктер С.Қирабаев, З.Қаб­долов, З.Ахметов, Т.Кәкішев барып сөз сөйледі, баталарын берді. Жамбыл туралы тұңғыш қорғалып жатқан докторлық жұмыс болғандықтан.

Қырғыз-қазақ ғалымдары бас қосқан сол алқалы жиында мінберге көтерілген Мырзекең өз баяндамасын былай деп қорытындылады: «Жамбыл – халық мүд­десін ғасырлар бойы армандаған қажымас қамқордың дәстүріндегі жыршы, елдің мұңын мұңдаған мүддегер, жыраулықтың көшпелі академиясы, ойшыл, данышпан ақын, туған халқының ар-намысы, үні, жүрегі және ақиқат шындығы.

Ол – эпик әрі айтыс ақыны, жауынгер жыршы, шын мағынасындағы заңғар поэзияны жасаушылардың бірегейі. Жамбылдың құдіреті оның осындай асқан шеберлігімен ғана емес, халық поэзия­сының бұтақ жайған алып бәйтерегі болуы­мен де, халық ақындарының жаңа кө­шін бастаған даралығымен де әлемді таң­ғалдырған еді.

Байтақ қазақ даласын жырға кенелт­кен, осы бір теңдесі жоқ өнерді биікке көтерген, ілгері дамытқан даңғыл жыраулардың ең соңғы үздігі – Жамбыл!», – деді.

Әрқашан шешен сөйлейтін, төгілте баяндайтын, қиыннан қиыстыра білетін Мырзекең Жамбыл феноменінің алтын өзегін дәл ұстап, дәнін аршып айтты. Сүйсінбеске амалың жоқ...

Жамбылдың жыраулық дарынын, жырау­лық поэзияға қосқан баға жетпес олжасын ақынның өнерпаздық қырының ең басты қасиеті ретінде неге айшықтап айтамыз? Оның сыры тереңде...

Жамбылтану ғылымы – ешқашан тоқта­майтын, суалып бітпейтін, таусылмайтын тақырып. Оның мұхиттай терең түбіндегі інжу-маржанын әр ұрпақ, әрбір замана көшіне келетін келесі буын өз биігінен зерттейді, зерделейді. Өзіне керегін алады, үрім-бұта­ғына аманаттайды. ХХІ ғасыр­дың ұрпағы, біз де өз сөзімізді айтамыз, саралаймыз, жүрек көзінен өткі­земіз.

Бәрімізге белгілі, ғасырдан-ғасырға жалғасып, атадан ұрпаққа мирас болып келе жатқан қазақ сөз өнерінің айшық­ты бір саласы – телегей-теңіз жырау­лық поэзия. Сақ, ғұн дәуріндегі ар жа­ғына бармай-ақ, берідегі Түркі импе­риясы тұсындағы Йолығ-тегін, Тоны­көк, Қазақ хандығы салтанат құрған жүз жыл­дықтардағы жырауларымыз: Сы­пыра, Асан қайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Ақтан­берді, Доспамбет, Жиембет, Бұқар, Махамбет, Шөже, Майкөт, Марабай, т.б. Жыраулар көшін әрі қарай да жалғастыра беруге болады...

Қазақ жыраулары тарихты түптеп таратып айтатын шежірешілер, миллион­да­ған жыр жолдарын жадында сақ­тай алатын құдіреттер, ұлы даланың ұлы тари­хын таңнан-таңға ұрып, сөткелеп, сағаттап жырлап, тыңдарманын үйіріп, селт еткізбей уысында ұстап отыра алатын сөз сиқырының иелері. Жамбыл да әйгілі жырлар «Көрұғылы», «Манас батыр» және өзінің төл дастандары «Сұраншы батыр», «Өтеген батырды» да ұзақ-ұзақ жатқа айтатын болған.

Жыраушылардың барлығына табан астында суырып салып айта жөнелетін төкпелік, тапқырлық, көріпкелдік дана­гөйлік, яғни импровизаторлық өнер тән. Керек болса, Жамбыл әрбір даста­нын жырлағанда шабыт орайына қарай, тың­дарман ортасына байланысты дастан­дарының бірнеше нұсқасын айтатын болған.

Сондықтан да бүкіл ел жыраулардың айтқанына құлақ түріп, әрбір сөзіне тоқ­тайтын болған. Ханнан бастап қарашаға дейін. Рухани байлықтың, ақындық өнер­дің ең биік шыңы жыраулық поэзиядан көрініс тапқан.

Қазтуғанның, Ақтанбердінің, Доспам­беттің, Бұқар жыраудың, Махамбеттің толғауларында, өлең-жырларында елдік, ұлттық тақырыптан басқа тақырыптарды таппайсыз. Ұлттық сарын, ұлттық рух, ұлттық мүдде, тәуелсіздік үшін күрес – жыраулық поэзияның ең басты арқауы. 

Ал енді Жамбыл жырларын, әсіресе толғаулары мен дастандарын алсаңыз да дәл осылай. Жамбыл ақындығының ең бас­ты арнасы, алтын жүлгесі – ұлт тағдыры, ел тағдыры.

Жамбыл өз шығармашылығына елдік мүдде, ұлттық сана, ұлттық құндылықтар биігінен көз салады, толғанады, алдымен, халық тағдырын жырына арқау етеді. Ақынның суреткерлік таным көкжиегі кейде одан да биік деңгейге, жалпы адам­заттық құндылықтар деңгейіне дейін көтеріледі. Әйгілі «Ленинградтық өрен­дерім» жыр-толғауының әлем тілдеріне аударылуы соның бір ғана мысалы.

Шынайы гуманист тұлғалар – қазақ жыраулары болған. Солардың бірі, әрі бірегейі –  Жамбыл. Даналықтан тұратын, данагөй жыр­дың тұнығын ғана ағыл-тегіл төгетін таби­ғи таланттың иесі Жам­был­дың барлық жанр­дағы туындыларын алып қарасаңыз ақынның әр алуан тақы­рып­тарды толға­ғанын аңғарамыз.

Өсиет, тағылым тақырыбын былай қой­ғанда, бір ғана – ерлік, батырлық, халық­тық тақырыпты көтеретін Жамбылдың қос дастаны: «Сұраншы батыр» мен «Өтеген батыр» эпостық жырлары жыраулық поэ­зияның ең үздік үлгілері.

Автор эпостық таным биігінен ой тол­ғап, өз туындыларында халық тағдырын тарихи ретроспектива аясында суреттейді. Тарих көші мен ұлтының жүріп өткен жолын бас кейіпкерінің тағдыр жолымен тұтастыра, тоғыстыра бейнелегенде бір халықтың тарихи тағдыры көз алдымыздан өтеді.

Метафоралық теңеулер арқылы қазақ даласындағы барлық тарихи жерлер мен тарихи оқиғаларды қамтып, айшықтап жеткізетін дастан жолдарын тебіренбей қабылдау мүмкін емес...

«Өтеген батыр» жырын Жамбыл:

Қырғауыл ұшып, қаз қонған,

Аққу келіп, жаз болған,

Алтайға қара маралды!

Балығы таудай тулаған,

Бақасы қойдай шулаған,

Шортаны шоршып ойнаған,

Алтын қаймақ Аралды.

Қазақ бұрын құл болған,

Күн көруге мұң болған.

Күнді көрдік, ел болдық,

Асу бермес, өр болдық.

Осы бақ қонған таңымда,

Саған да ортақ, маған да!»,

деген жыр жолдарымен аяқтайды.

Осыдан кейін Жамбылдың жырау­лық поэтикалық дәстүрді жалғастырушы тұл­ғасы, жаңаша, жаңғырта, түрлендіре тереңдеткен, өркендеткен ақындық қасие­тін де еріксіз мойындайсыз.

Сыпыра жырау, Қазтуған, Ақтан­берді, Доспамбет, Бұқар, Махамбет жырау­лар­дың қолтаңбасы Жамбыл жырларында қайта тіріледі, қайта көктейді, жаңа заман, жиырмасыншы ғасыр көгінен қайта үн қатқандай көрінеді. Сондықтан да Жамбылдың жыраулық поэзиясын ХХ ғасырдың бірінші жартысында барлық қырымен жарқырай көрін­ген, күллі адамзаттың өркениет биігіне көтерілген, көркемдік, әдеби құбылыс, немесе тұтас ғасырдың феномені десек артық айтпаймыз. Осы пікірімізді фольклорист, академик Сейіт Қасқабасов та шегелей түседі. Өзінің «ХХ ғасырдың ұлы жырауы» атты Жамбылдың күллі поэзиясын талдайтын, саралайтын көлемді мақаласында: «Жүз жыл өмірінің сексен бесін өлеңмен өткізген Жәкең екі ғасырдың куәсі ғана болған жоқ. Оның жүз жылғы өмірі, шындап келгенде, екі ғасырға тең еді. Өйткені Жамбыл тарихта сирек кездесетін, мүлде қарама-қарсы екі заманды көрді.

Ол Қазақ хандығының жойылға­нын, елінің отарлыққа түскенін, қазақ даласына Ресейдің әкімшіл-отаршыл басқару жүйесін орнатқанын, сонымен қатар көрші жатқан Қоқан хандығы жаса­ған жаугершілігін көрді.

Қызыл империяның шовинистік қаты­гез саясаты мен Алаш арыстарының көпе-көрнеу, жазықсыз атылғанын көрді. 20-30 жылдары 3 миллион қазақтың қолдан жасалған аштықтан қырылғанына куә болды.

Сол себепті Жамбылдың «Кең жат­қан байтақ-ұлан шежіресін, тарихтың домбырасын қолына алған» деп айтуы тегін емес. Осы көргені мен білгенінің бәрін Жәкең өз поэзиясына арқау еткен, оны бірде жырау болып, бірде жыршы ретінде, бірде ақын болып жырлаған, тол­ғаған, суреттеген», дейді. Ғұлама ғалым­ның осы тереңнен қамтып, дәл тауып айтқан ауқымды сөзі Жамбыл феномені­не берілген әділ баға.

 

Қансейіт ӘБДЕЗҰЛЫ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы