Денсаулық • 18 Ақпан, 2024

Дәрігерлік антына адал жан

192 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Басың ауырып, балтырың сыздаса, ем-дом іздеп баратының кім? Жаның шырқырап, кеудең қысып, ұйқың қашып, ақылың адасқанда аласұрып тағы да іздейтінің кім еді? Әрине, дәрігер. Дәрігерліктің бастауы – тамырыңды ұстайтын, жүрек қағысыңды бірінші болып тыңдайтын терапевт.

Дәрігерлік антына адал жан

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Ендеше, әңгіме кеудесіне дәрігерлік орнап, саусақтарына мың-сан шипа қон­ған, сырқаттанып келген әрбір жанның жүзіне шуақ сыйлағанда, «Баянды бақы­тым басымда тұр!» деп жарыла қуанатын, айналасына шапағат шашудан шаршамайтын шырайлы бір жан туралы болады. Ол – астаналық дәрумен егуші Мая Молдахан.

 Кейіпкеріміздің әкесі Молдахан Тұр­ғын­байұлының ата-бабасы түп-тұқиян­нан бері бөрілі байрақ тігілген осынау Баян-Өлгейде табан аудармай тіршілік кешіп келген. Тоқпағы көп болған 90-жыл­дары қазақтың тәуелсіздік туы тік көтерілген шақта түрлі жағдаймен көрші елдер қармап қалған Алаштың байыр­ғы мекенін әлі күнге кең жайлап отырған киіз туырлықтың саналы ұл-қыз­дарының кейбірі анталаған арман­ның асау арғымағын атажұртқа бұрды. Ол кезде Мая қыз – Ұланбатыр Ме­дицина университетінің 1-курс білім­гері. Келер жылы өзі құралпы көп жақ­сымен көкжиегі менмұндалап, күн дидар­лы көк туы желбіреген қазақтың кіндік жеріне жөнелді де кетті. Онда да ел етегінде қалып қоймай, Арқаның төрі – Астанаға келген.

Жылы құшағын ашқан атажұртта 6 жылда дәрігерліктің барлық оқуын адақ­тап, 6 баланы қатарынан кем қылмаймын деп күнді күнге, таңды таңға ұрып жүріп денсаулығынан айырылған, аурушаң анасын аялап, емдеп, қайыра аяққа тұр­ғы­зары анық. Тек сабырмен Алланың мейіріміне бөленіп, панасында тұра тұрса болғаны.

Адамның айтқанының бәрі орын­дал­ған ба? Кейде тағдырдың жазуы мен өмірдің шын өрнегі мүлде бөлек болуы бек ықтимал. Арадан жыл өтер-өтпесте бақытының берік бай­лауы – балаларының асқар тау­дан биік әкесі, мәңгілік махаббаттың бас иесін жо­лық­тыр­ды. Жастықтың лапыл­даған жалыны қандай да кедергі мен күдік-күмәнді өртеп, күлін көкке ұшыр­май ма? Көзің мен көңіліңе ғашық жар­дың тұлғасы ғана көрініп, құлағыңа соның ғана жүрек қағысы естілмей ме? Сонымен Берімбай баласы Аманболмен бір жастыққа бас қойып, жұмақтан кел­ген­дей жұпарға қалың оранып, жаңа өмір­ге қадам басты.

Тұрмыста жүріп, оқуды тең ұстау да жеңіл бола қойған жоқ. Ері жер-анадан ризық айыруға агроном мамандығы бо­йынша тәлім алса, Мая адам бойындағы сырқаттың сырын іздеп, тапқанының себеп-салдарын зерттеумен әлек. Оқуы аяқталар тұста сағынышы мен аңсарын алқалаған, қызының тілеуін тілеп, жолына қарап жүрген аяулы анасынан бір жапырақ хат келді. «Ботам, дәрігерлікті оқып емдеймін, аяққа тұрғызамын деген уәдең қайда? Астанада қалмағың анық па?», деп жазылған. Сағынышқа толы жүрегі тарс жарылды. Жолға қамданды. «Астанада қалайық» деумен еміренген жары бұл жолы жанына шын жалау болды. Жолын байламады. Мұндағы шаруа­сын реттеп, араға 3-4 ай салып өзі де оралды. Өйткені қазақ пен моңғолдың тең жазушысы атанған әкесі Берімбай Ысқақұлы мен мұқым әулеті әлі Баян-Өлгейде еді.

Ақмола елорда болып, Алматыдан Астанаға тартылған ұлы көш басталған шақта науқас анасының шақыртуымен бабалары құт мекен еткен Баян-Өлгей жеріне терапевт Мая солай қайта барды. Тұрмыстағы қыз болса да дімкәс ана­сын қолына алды. Бұл – аға-жеңгенің кем­шілігі, жамандығы емес. Жалпы, медици­на дәрігері сырқат әбден мең­де­ген ана ден­саулығын өзі қалпына кел­тір­гісі келді.

Дүниеден ерте көшкен әке аманатын орындауды мақсат етті. Ол кезде Мая 5 жаста, әке мойнында отырып мейлінше еркелейтін. Сауда мекемесінде экономист-бухгалтер болғандықтан ба, үстелі қағазға толып жататын әкесі балажан еді. Боталарын өбектеп, жақсы азамат, мықты маман болу керек екенін еркелете жүріп, құлағына құятын.

Ауырып тұрса да айналып-толғануын толастатпайтын аяулы анасын 5 жыл емдеді. Өңірде сырқатқа шалдыққан қаншама адамның денсаулығын түзеп, қалыпты өмірге қайта әкелді. Шипасын алып, шын риза болған жұрттың алғысы мен батасына көміліп, жан асылы анасын күтіп бақты. Тағдырдың жазуына, Хақ Тағаланың бұйрығына дауа да, шара да жоқ. Өмірден ерте кеткен әкесі мен әпкетайының артынан анасы да бақиға озып жүре берді. Үш аға мен бір іні арасында бір тал қыз көздің жасын көлдетті.

Дәрігерлік өмірдің 25-жылын жалғас­тыр­ған Маяның тұңғышы – қыз. Қытай мен ағылшын тілдерінің маманы. Әрине, олардың алдында тұрған ана тілі мен орыс тілі тағы бар. Кәсіпкер күйеуімен бірге 3 жиен­ді тәрбиелеп, өсіріп жатыр. Әлі де көбейе берсек деген ниет, тілектері түзу. Тұңғыштың соңынан ерген інісі мен сің­лісі де ержетіп, бойжетіп қалған.

Жоғары оқуды Астанада тәмамдап, еңбек жолы – нағыз дәрігерлікті моңғол елінде бастаған кейіпкеріміз жаңа мыңжылдықтың үшінші жылы білім алып, азамат болып қалыптасқан қаласына қайта оралды. «Дәстүрлі медицина орталығына» қызметке тұрды. Арада «Темір жол» ауруханасы емханасында еңбек етіп, 2020 жылы қа­зіргі қалалық №14 емханаға алмас­ты. Бүкіл саналы өмірінде адам емдеп келе жатқан кейіпкер ел-жұрттың ты­ныштығын, отбасының амандығын, қолынан ем-дом алған жандардың қа­тарға қайта қосылғанын баянды бақы­ты санайды.