Медицина • 19 Ақпан, 2024

Жедел жәрдемге қамқорлық

92 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, кез келген уақыт­та науқастарға жедел жетіп, бастапқы медициналық көмек көрсететін жедел жәрдем стансасы қызметкерлерінің еңбегі зор екені анық. Оған желтоқсан айында Шу, Қордай аудандарында, қаңтар айында Жуалы ауданы аумағында болған ат құлағы көрінбейтін боран кезінде де көз жеткіздік. Автокөлік жете алмаған мекенжайларға жаяу барған ақ халатты абзал жандардың еңбегі елеулі.

Жедел жәрдемге қамқорлық

Суретті түсірген – Ақәділ Рысмахан

Саршұнақ аязда жолда қал­ған жолаушылар мен жол апа­тынан жарақат алған азамат­тарға жедел көмек көрсеткен мейір­бикелердің еңбегі ескеру­сіз қал­ған жоқ. Өңірдегі алғаш­қы медициналық көмек ұйым­дарына 40 жедел жәрдем көлі­гінің кілті табысталды. Осылай­ша, тозығы жеткен техниканың орнын су жаңа автокөліктер алмастырды. Бұл, әрине, сала қызметкерлеріне көрсетілген зор қамқорлық екені даусыз.

Облыс әкімдігі баспасөз қыз­­меті келтірген дерекке жү­гін­сек, өңірдегі жедел жәрдем көлік­терін жаңарту жұмыстары осы жылы қарқынды жүргі­зілмек. Нәтижесінде, ескірген техниканы едәуір жаңартуға мүмкіндік ­туады. Жыл басында 40 авто­кө­­ліктің кілтін тапсырған жергі­лікті атқарушы билік 2024 жы­лы сала қыз­меткерлеріне тағы 30 бірлік қызметтік көлік табыс­тауды жоспарлап отыр. Нә­тижесінде, техниканың тозу көр­сет­кі­ші 47 пайыздан 17 пайызға дейін төмендемек. Осы­­лайша, жергілікті атқарушы билік жыл­­­дар бойы қордаланған мә­се­­лені шешуді қолға алмақ. Бұл – әрине, құптарлық қадам.

«Қай деңгейде болсын, өңір халқының денсаулығына баса назар аударуымыз керек. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев саясатының ба­сым бағыттарының бірі. Өңір тұрғындарының денсаулығын жақсарту – баршамыздың ортақ міндетіміз. Әрбір тұрғынның тілегі назардан тыс қалмауы керек деп есептеймін. Сол үшін жұдырықтай жұмылып еңбек етуіміз керек. Сондықтан да медицина саласын өркендетуге ерекше ден қойып отырмыз. Сала қызметкерлері бірінші кезекте сапаға назар аударғаны абзал. Күн-түн демей еңбек етіп жүрген жедел жәрдем қыз­ме­тінің еңбегі қай кезде де жо­ғары бағаға лайық. Мейір­бикелердің тынбай тер төгіп жүргені барша­мызға аян. Өңірде ақ халатты абзал жандардың қызметі са­палы әрі қолжетімді болуы ке­рек. Біз сол үшін де сала қыз­­мет­керлеріне қолдан келген­ше қол­дау көрсетіп жатырмыз. Қа­зіргі уақытта медицина ме­ке­мелерінің ғимараттарын жаңар­­тып, материалдық-техни­ка­­лық базасын нығайту жұмыс­тарын жалғастыруға ниеттіміз. Өйткені ұлт саулығы қай кезде де маңызы екені түсінікті», деді өңір басшысы Ербол Қара­шө­кеев жаңа автокөліктерді табыстау рәсімінде сөйлеген сөзінде.

Жамбыл жедел жәрдем стан­­сасы баспасөз қызметі кел­тір­­ген дерекке жүгінсек, облыс бо­йынша 93 жедел жәрдем бригадасы үзіліссіз жұмыс іс­тей­ді. Оның 53-і аудандарда болса, қал­ған 40 бригада об­лыс­тық дең­гейде еңбек етіп жүр. Жалпы алғанда, өңірдің ме­ди­цина саласын өркендету жұмыстары соңғы уақытта қар­қынды жүргі­зіліп жатқаны анық. Түрлі бағдар­ламалар аясында медицина нысандарын жаңартуға басымдық беріліп отыр.

2023 жылы облыс бойын­ша 3,2 млрд теңгеге 24 меди­циналық нысанға түрлі дең­гейде құрылыс жұмыстары жүргізілген. Бұл ғимараттар­дың 10-ның (1,7 млрд теңге) құ­рылысы «Ауыл­дық ден­сау­лық сақтауды жаң­ғыр­ту» Ұлттық жобасы аясында қолға алынға­нын айта кеткен ләзім. Жыл қоры­тындысына сәй­кес, жоға­ры­да айтылған 24 ны­­­сан­ның 19-ы пайдалануға бе­ріл­ген екен. Сондай-ақ 1,5 млрд тең­геге 11 нысан күрделі жөн­деу­ден өткенін айта кеткен жөн.

Өңірде қатерлі ісік дертіне шалдыққан азаматтарға қол­дан келгенше жағдай жасау мә­селесі де маңызды болып тұр. Аты жаман аурумен сырқат­танған тұрғындар енді жаңа ғимаратта ем қабылдап жатыр. Былтыр жалпы құны 14,1 млрд теңгеге салынған облыс­тық он­ко­логиялық диспансер­де нау­қас­тарға көмек көрсе­тудің бар­лық алғышарты қарасты­рылған екен.

Қалай десек те өңірдің медицина саласының жұмысын өркендетуге кейінгі уақытта қолдан келгенше қолдау көрсе­тіліп жатқаны даусыз. Облыс әкімі Е.Қарашөкеевтің тапсырмасы негізінде салаға жауапты лауазымды тұлғалар да барлық бағыттағы жұмысты жүйелеп жатыр.

«Ауылдық денсаулық сақ­тау­ды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында биыл да ауқымда істер қолға алынбақ. Дерек­ке сенсек, осы жылы 20 нысан­ның құрылысын жүргізу жос­парланған.

 

Жамбыл облысы