Қоғам • 19 Ақпан, 2024

Тариф саясатының салмағы

176 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жаңа жылдың алғашқы айларының коммуналдық қызмет түбіртегі жұрт көңілін су сепкендей басты. Әлеуметтік желілерде наразылығын білдірген тұрғындар жылу, электр энергиясы, сумен жабдықтау құны бірнеше мың теңгеге өскенін жарыса жазып жатыр. Бұл ретте тарифтерді біртіндеп көтеру елдегі коммуналдық дағдарысты шешумен байланысты екені бұрыннан айтылып келеді.

Тариф саясатының салмағы

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Елорданың бірқатар тұрғынының растауынша, коммуналдық қызмет ақысы екі есе өскен. Әсіресе жылу бағасы бір ай бұрынғы шамамен 3 мың теңге­ден ақпанда бірнеше есе күрт көтерілді. Кейбір тұрғын жылу үшін жел­тоқсанда 6 мың теңге, қаңтарда 8 мың теңге төлеген. Осы кезеңде жылу мен ыстық су төлемақысы айтарлықтай өзгерген түбіртек алматылықтардың да қолына тиді. Көптеген тұтынушы үшін ақпандағы сома алдыңғыдан әлдеқайда жоғары болып шықты. «Халық бірнеше жылдан бері энергия менеджменті тұжырымдамасын қолданып келеді. Энергия үнемдейтін шамдар, инфрақызыл пештер мен жылытқыштар, қозғалыс сенсорлары, тұрмыстық энергияны үнемдейтін құрылғылар шығарылғаннан бері төлем сомасы ең төменгі мөлшерге дейін азаятын кез жетті. Бірақ тарифтер әлі де өсіп жатыр», деп қынжылады тұтынушылар.

Жылу мен электр энергиясы үшін артық төлемдердің тіркелуіне байланыс­ты түсініктеме берген Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің хабарлауынша, елордада жылумен жабдықтау қызметін көрсететін «Астанаэнергосбыт» ЖШС тарифі биылғы қаңтардан бастап еңбекақы төлеуге арналған шығыстардың көбеюі, стратегиялық тауар құнының өсуі және көрсетілетін қызметтер көлемінің ұлғаюы ескеріле отырып түзетілген.

ва

 

Тариф деңгейі жылу энергиясын өндіруге, тасымалдауға және жеткізуге қажетті шығындар деңгейіне байланысты белгіленеді. Отын бағасының көтерілуі, отынды тасымалдау жылумен жабдықтау қызметінің тарифін өзгертуге әкеп соқтырды. Сондай-ақ «Астанаэнергосбыт» ЖШС тариф құрылымында шығындардың 97%-ын жылу энергиясын өндіруге арналған шығындар («Астана-Энергия» АҚ) мен жылу энергиясын беруге арналған шығындар («Астана-Теплотранзит» АҚ) алады. Аталған факторларды ескере отырып, жылу энергиясымен жабдықтау бойынша «Астанаэнергосбыт» ЖШС-ның халық үшін тарифі 20%-ға (ҚҚС-сыз тариф Гкал үшін 2765,18 теңгеден Гкал үшін 3318,22 теңгеге дейін) өзгерді.

Әрине, бұл жерде тарифтің өсуіне ауа температурасының күрт төмендеуі де қосылатынын, соның салдарынан бағаға тұтынылған көлемнің ұлғаюы да әсер ететінін ескерген жөн. Сыртқы температура неғұрлым төмен болса, жылу энергиясын тұтыну соғұрлым көп болатыны түсінікті. Мысалы, өткен жылдың желтоқсанында Астанада орташа айлық температура -8,9 градус, ал ағымдағы жылдың қаңтарында -11,9 градус болды. Тиісінше, жылу энергия­сын тұтынушылар жыл басынан бері өзгертілген тарифті есепке ала отырып, өткен айлардағы түбіртектерде белгілі бір айырмашылықты көрді.

Өз кезегінде Ұлттық экономика ми­нистр­лігі жарық пен жылусыз қалу қаупі инфрақұрылымның қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін тарифтерді көтеруді қоса алғанда, төтенше шаралар қабылдауға мәжбүр етіп отырғанын мәлімдеді. Өткен ғасырдың ортасынан бастап пайдаланылып келе жатқан инфрақұрылымдық нысандарды ұстау ауқымды инвестицияларды қажет етеді. Екібастұз, Риддер және басқа қалалардың мысалы қыста коммуналдық қызметтің әрең тыныстайтынын көрсетті. ТКШ саласында жалақысы жылдар бойы өспеген білікті мамандардың кетуі де байқалады. Осы проблемалардың аясында биыл және келесі жылы республикамызда коммуналдық қызметтердің барлық түріне тарифтер өсімі жалғасады. Бұл ретте Үкімет халық үшін тарифтердің 10-30%-ға өсуі қалыпты екенін, онсыз ТКШ инфрақұрылымын тиімді ұстау мүмкін еместігін, «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын енгізе отырып, пайда біреудің қалтасына емес, өндірістерді нақты жаңғыртуға жұмсалатынына сенімді болатынын жан-жақты түсіндірген-ді. Жаңа саясат тариф белгілеудің бүкіл үдерісінің ашықтығы, есептілігі және жариялылығы қағидаттарына негізделмек. Осылайша, Үкімет 2029 жылға дейін 62 мың шақырым инженерлік желіні жаңартуға шамамен 3 трлн теңге тартуға ниетті. Былтыр инвестициялардың болжамды көлемі 250 млрд теңгені құрауға тиіс болған. Сөйтіп, инженерлік желілердің тозуын 2029 жылға қарай 20%-ға төмендету көзделген.

Осы орайда айта кетерлігі, көп жылдар бойы тұтынушылар коммуналдық кәсіпорындарды жаңғырту мен жөндеу жұмыстары үшін жоғары тарифтер төлеген ұқсас жағдай елімізде бұған дейін де болды. Осы уақыт ішінде ТКШ саласына тұтынушылардан 1 трлн теңгеден аса қаражат тартылып, тарифтер құны екі есе өсті, ал өндіруші қуаттардың тозуы сол деңгейде, өзгеріссіз қалды. Өкінішке қарай, сыбайлас жемқорлық шырмауына шалынған бұл бастама жос­парлы үдеден шыға алмады. Ал әрбір отбасының жүктемесі рұқсат етілген шектен асып кетті. Қазіргі кезде де ескір­ген желілерді жөндеу өте баяу жүріп жатқанын ескерсек, «тарифтің өзгеруі мен тұтынушылар есебінен инвестиция көлемінің ұлғаюы апаттардың азаюына және инфрақұрылымның жақсаруына әкелетініне шынайы кепілдік бар ма?» деген сауал туындайды.

Бұл ретте Үкімет тұтынушылардың есебінен проблемаларды шешуді тоқ­татуы, басқа тетіктерді ойластырып, тарифтік емес реттеу мүмкін­дік­­терін талдауы керектігіне депутаттар да назар аударған еді. Ал сарапшылар коммуналдық инфрақұрылым қара­жат­тың жоқтығынан емес, оларды тиімді таратуға қабілетсіздік пен құлық­сыз­дық салдарынан тұралайтынын айтады. Экономикалық тұрғыдан ал­ған­да, тарифтерді көтеру энергетика секторының тұрақты дамуын, қыз­меттерді үздіксіз жеткізуді қам­та­ма­сыз ету үшін қажетті қадам болуы мүм­кін. Бірақ оның халыққа қосымша қар­жы­лық ауыртпалықтар әкел­мейтініне және әлеуметтік теңсіз­діктерді тудыр­май­­тынына көз жеткізу маңызды. Та­риф­терді көтеру туралы шешім қа­был­­дауда ашықтық пен қоғам­дық диа­логті сақтау энергетикалық сектор­ды дамыту стратегиясын әзір­леу ке­зінде тұрғындар мүддесі мен ұсы­ныс­­тарын ескеруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ азаматтарға тарифтердің кө­те­рілуінің әсерін жеңілдетудің бір жолы – халықтың аз қамтылған топтары үшін баламалы қолдау және өтемақы бағ­дарламаларын әзірлеу. Сайып келгенде, елдегі энергетикалық қауіпсіздік пен әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі одан арғы қадамдардың сәттілігі биліктің жауапты тәсіліне және әртүрлі тараптың мүдделерін үйлестіру қабілетіне байланысты болып тұр.