Осы жылы еліміздің көптеген өңірінде қар қалың жауғаны белгілі. Әрине, қандай да бір апаттың беті аулақ болсын дейміз. Әйткенмен, сақтанғанның сан соғып қалмайтыны да ақиқат. Қаһарлы қыстың қос бүйірден қысқаны ескерілген болуы керек, төтенше жағдайлар қызметіне жауапты мамандар су тасқыны орын алған жағдайда қандай қадамдарға бару керектігіне айтарлықтай бас ауыртыпты. Оған біз кезекті оқу-жаттығу жиынында да көз жеткіздік.
Байзақ ауданында өткен іс-шара барысында салаға жауапты мамандар авариялық-құтқару қызметіне тиесілі құралдардың әлеуетімен таныстырып, қауіп төнген жағдайда жергілікті тұрғындарды эвакуациялау, төрт түлік малды қауіпсіз жерге жеткізу жұмыстарын пысықтады. Облыс әкімінің қадағалауымен өткен оқу-жаттығу жиыны кезінде азаматтық қорғау қызметінің төтенше жағдайға дайындық деңгейі зерделенді. Мамандардың жедел әрекеттеріне зер салсақ, олар кез келген жағдайға дайын екенін байқайсың.
Оқу-жаттығу жиыны арнайы түзілген сценарий бойынша жүргізілді. Қайбір жылы Талас өзені арнасынан тасып, маңайдағы тұрғын үйлерді су басу қаупі төнген болатын. Тұрғындардың «табиғат тосын мінез таныта ма?» деп әбіржігенін де көрген едік. Құтқарушылар сол оқиғаны қаперде ұстады ма, кім білсін? Әйтеуір оқиға өрбитін нысан ретінде бастауын Қырғыз елінен алатын Талас өзенін таңдапты. Мұнда жоспарға сәйкес, су тасқыны қауіпі төнген аумақтағы балық аулауға келген азаматтарды құтқару жұмыстары жүргізіледі. Жедел құтқару жасағының қызметкерлері қызметтік иттің қатысуымен тұрғындарды тауып, оларды арнай ТРЭКОЛ техникасымен эвакуациялайды.
Сценарийге сәйкес құтқару жұмысына қатысушылар су жайылған аумақты тазартуға жедел кіріседі. Олардың өз жұмысын жанкештілікпен атқарып жатқанына қарап, мұның жай ғана оқу-жаттығу екенін естен шығарып аласың. Тез қимылдау арқылы жауаптылар өздеріне тиесілі жұмысты ойдағыдай орындайды. Электр желілері мен газ шаруашылығына жауапты мамандар да жүктелген міндеттерін талапқа сай атқарады. Жалпы алғанда, Байзақтағы оқу-жаттығу жиынына 101 адам, 25 бірлік техника жұмылдырылғанын айта кеткен жөн. Оқу-жаттығу жиынына қатысушылардың шалт қимылына қарап-ақ олардың кез келген жағдайға дайын екенін аңғару қиын емес.
Сондай-ақ оқу-жаттығу жиыны Күйік асуында да ұйымдастырылды. Күйікте қыс мезгілінде түрлі оқиғалар болып жатады. Содан да болса керек, ұйымдастырушылар Күйік асуында да шеберліктерін бір пысықтап алуды жөн көрген секілді. Мұнда мамандар қар құрсауында қалған азаматтарды құтқару бойынша дайындық жұмысын пысықтады. Іс-шара барысында өңір басшысы Е.Қарашөкеев облыстық және аудандық азаматтық қорғау қызметтерінің дайындығын зерделеп, материалдық-техникалық базаның әлеуетімен танысты.
«Төтенше жағдайларға жауапты мамандардың жұмысы ауыр екені анық. Кісі баласы қай жерде қандай оқиға болатынын тап басып айта алмайды. Қоршаған орта мен адамдарға қауіп төнген кезде мамандардың көмегіне жүгінеміз. Тұрғындарға түрлі деңгейде қауіп төнуі мүмкін. Ондай жағдайда мамандардың біліктілігі мен дайындығы, батылдығы, білімі сынға түседі. Олар қай кезде де тас түйін дайын болуы керек.
Біз салаға жауапты азаматтардың еңбегін бағалаймыз. Маман ретінде олар қай кезде де аянып қалмайтыны белгілі. Қандай қиын жағдай болса да, тығырықтан жол табатын, төнген қауіпке тойтарыс беретін мамандардың біліктілігін арттыру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуге тиіс. Бұл – қоғам қауіпсіздігінің кепілі», дейді өңір басшысы Ербол Қарашөкеев.
Аудандарда өткен оқу-жаттығу жиыны барысында төтенше жағдайға жауапты мамандар кез келген жағдайға сақадай сай екені байқалды. Жұмысқа деген жауапкершіліктің жүгін сезінетін азаматтардың шеберлігі көз сүйсінтті.
Жамбыл облысы