Тарих • 19 Ақпан, 2024

Ақын Нұрсұлтан мен жазушы Мұхаметжан

220 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

90 жылдық тарихы бар Қарасай аудандық газетінде осы мерзімде жүздеген адам жұмыс істеп, уақыт талабына сай оқырман қауымды аумақтың бүкіл тыныс-тіршілігінен хабардар етті, жақсы істерді жалпақ жұртқа жариялап отырды. Жаңалықтың жаршысы, кемшіліктің бетін ашушы болды. Бірқатар тілші кейіннен қаламы жүйрік журналист, атақты ақын-жазушы атан­ды. Кезінде редакцияны Үсенбай Тастанбеков, Шекербек Сады­қанұлы, Өтесін Құбиев сияқты білікті редакторлар басқарды.

Ақын Нұрсұлтан мен жазушы Мұхаметжан

Алғашқы кездері тек орысша (кейін­нен аралас, яғни қазақ, орыс тілінде, әлі күнге дейін солай) шыққан газеттің аты да бірнеше рет өзгертілген.Мәселен,ол өткен ғасырдың алпысыншы жылдары «Коммунизм үшін» (орысшасы «За коммунизм») деген атпен жарық көріп тұрған. Ал қазіргі атауы «NAQTY» (Нақ­ты). Бас редакторы – мұндай лауа­зымға ие санаулы қазақ қызының бі­рі, Ақпарат саласының үздігі, аудан­дық мәслихаттың депутаты Атлана Жанат­қызы Исаева. Біздің де біраз жыл «Заман жар­шы­сы» аталған тұста бұл басылымда тер төккеніміз бар.

Сонымен, алпысыншы жылдары дедік қой, сондағы редакторы қасиетті Қа­ра­сай жерінің бел баласы, белгілі жур­налист-жазушы, Ұлы Отан соғысы­ның ардагері, ауданның абыз ақсақа­лы атанып, жүз жасаған марқұм Үсенбай Тастанбеков болатын. Ол кісі талай талантты жан-жағы­на жинаған жан еді. Бұған бір мы­сал ретінде осы жерге Шым­кент жақтан Алматыға қарай кел­ген әйгілі фотосуретші Сай­лау Пер­небаевты да жас шағын­да жұ­мысқа ал­ғашқы алға­нын айт­қанымыз жөн. Бұл сөзі­мізге Үсенбай атамыздың Еңбек­шіқазақ аудандық газетіне жетекшілік еткенде тұма жырдың тұнығы, ұлы ақын Тұманбай Молдағалиевтың тұңғыш өлеңін жариялағанын қоссақ ше!

1961 жылы 10 мамырда Қаскелең қаласында түсірілген мына суретте «Коммунизм үшін» газетінде қызмет істейтін жігіттер бейнеленген – Хасан Қазмұханов (солдан оңға қарай), Нұрсұлтан Әлімқұлов, Нұрсұлтан Жүнісбаев, Григорий Муллин және Мұхаметжан Етекбаев.

Осылардың ішінен Нұрсұлтан Әлімқұлов (ән өлеңінің классигі атан­ған ақын, «Қайықта», «Әлі есімде», «Мойын­құмда», «Алты­ным», «Алатау», «Таң самалы» тә­різді көптеген тамаша әннің сөзін жазған) пен Мұха­мет­жан Етекбаев (қазақ бала­лар әдебиетінің көрнекті өкілі, туындылары орыс, неміс, украин тілінде жарық көрген, Жамбыл­дың әдеби-мемориалдық музейін көп жыл басқарған) қара үзіп шы­ғып, шығармалары мен есімдері бүкіл қазаққа танылды ғой!

Сөз соңында ескертеріміз, бұл сурет марқұм М.Етекбаевтың жеке мұра­ғатынан алынды.

 

Берікбай ҚАДЫҚОВ,

журналист

 

Алматы облысы,

Қарасай ауданы