Тереңсай – Әйтеке би ауданының орталығы Т.Жүргенов ауылынан 107 шақырым жерде, Ақтөбеден Қостанайға баратын тасжолдың бойында орналасқан қиырдағы ауыл. Еліміз тәуелсіздік алған жылдары туған жерінде еңбек жолын бастаған жас маман содан бері талай өмір белесінен өтсе де ауылынан ұзап кетпеді, сүйікті мамандығынан қол үзген жоқ. Он саусағынан өнер тамған шебер ұл-қыздардың көркем еңбек пәніне деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың икемділігіне қарай бойларындағы қабілеттерін аша біледі. Еңбекке баулуды бір қарағанда ұсақ-түйек болып көрінетін жұмыстардан бастайды. Қосымша сабақтарда ер балаларды шеге қағып, күрек саптау, білік темірлерді жону, тақтай сүргілеуге үйретеді. Жасыратыны жоқ, қазіргі кезде ауылда шегені түзу қаға алмайтын, күрек саптай білмейтін ақсаусақ бала көбейіп барады. Үй шаруашылығына жастайынан икемделмеген жеткіншек өскенде көп жағдайда шаруаға қырсыз болып қалады. Бала тәрбиесіндегі осы олқылықтың орнын толтыру үшін технология пәнінің мұғалімі қарапайым қағидаларға сүйенгенді жөн көреді. Сол үшін де сабақтан тыс уақытта мектепте «Қолөнер», «Шебер қолдар» үйірмелерін ұйымдастырды. Қолы бос кезде үйінде ұлттық нақыштағы дүниелер жасайды. Ағаштан түрлі бұйым жасағанды жаны сүйеді. Қолөнерге қажетті материалды ауыл арасынан іздейді, аудан орталығынан алдыртады. Шебер қажетті материалдардың тез табылмайтынына қапалы, «Қолөнерге қажетті заттар толып тұрса, уақытымыз үнемделер еді, балаларды үйрету де оңайға түсер еді», дейді ол. Ауыл мектептерін технология пәніне қажетті түрлі құралдармен, материалдармен жеткілікті түрде қамтамасыз етсе, оқушылардың кәсіптік дағдыларды меңгеру сапасы да артатыны рас.
Қолда барды ұқсатып жүрген шебердің шәкірттері шетінен өнерлі. Тереңсай ауылындағы балабақша, мәдениет үйінің кіреберістеріне оқушылардың қолдан жасаған сәндік бұйымдары қойылған. Аудандық, облыстық, республикалық шеберлік байқаулары мен көрмелерде Самат Аманғосұлының оқушылары жүлделі орындарды иеленіп жүр. Шебердің шәкірттері қолөнерді мамандыққа айналдырып, кейбірі Ақтөбе қаласында жиһаз жасайтын цехтарда еңбек етсе, енді бірі түрлі саладағы дизайнер мамандықтарын таңдады. Тереңсайдың топырағынан түлеген жастар Самат ағайынан алған тәрбие мен өнегені өмірде өз мақсаттарына пайдалана білгендеріне риза. Өйткені өнерлі жан қай кезде де қажет.
Ақтөбе облысы