Мәселе • 20 Ақпан, 2024

Ветеринария: Салада шешілмеген сегіз мәселе

1552 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Елімізде жұқпалы инфекциялық және инвазиялық аурулар бо­йын­ша індеттік ахуал оңалмай тұр. Жылдан-жылға жақсарудың орнына кері кетіп бара жатқандай әсер қалдырады. Осы себептен дәл қазіргі кезде ветеринария саласында қалыптасқан жағдайға айрықша тоқтала кеткенді жөн санап отырмыз.

Ветеринария: Салада шешілмеген сегіз мәселе

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Менің пайымдауымша, осындай келеңсіз мәселелерге әкелген негізгі себептер мыналар:

Біріншіден, мал дәрігерлік жұмыстарды жүргізумен тікелей шұғылданатын мамандар санының жетіспеуі, оларға төленетін жала­қының мардымсыздығы, міне­тін қызметтік көліктерінің тозуы, жанармайға және көлік саймандарына қаражаттың бө­лінбеуі және тағы да басқа ірілі-ұсақты мәселелер барынша кедергі кел­тіріп келеді. Мемлекеттің «Ди- п­лом­мен – ауылға!» жобасы анау айтқандай іске аспай отыр. Ауылға барғандар тұрғын үймен қамтамасыз етілмейді, үйлі бола қалған жағдайдың өзінде 30–40 жыл бұрын салынған ескі үйлер тиеді. Көп ауылда бала­бақша, монша, фельдшерлік пункт секілді әлеуметтік нысандар жеткіліксіз. Сондықтан ветеринария саласындағы мамандарды ауыл­дық жерлерге жұ­мысқа тарту үшін, оларға ұсынылатын жа­ла­қы кө­лемі 300 мың теңгеден кем болмауға тиіс.

Екіншіден, «Республикалық ветерина­риялық зертхана» РМК (РВЗ) штатында нақтылы зертханалық жұмыспен айналысып, облыстық филиалдардағы мамандарды үй­ретіп, әр ауруға республика бойынша мониторинг жасап отыратын: микробиолог, серолог, бактериолог, ихтиопатолог, токсиколог, миколог, вирусолог, биохимик, паразитолог мамандары жоқ. Микологиялық, токсикологиялық және паразитологиялық зерттеу­лер мүлде жүргізілмейді. Уағында пара­зитологиядан екі жылда бір рет облыстағы паразитологтерді жинап, мамандарды даярлықтан өткізіп тұрушы едік. Жолсапарға шық­қанда паразитологиядан дәрістер оқып, әртүрлі ауруларды анықтау, емдеу, алдын алу жайында тәжірибелік сабақтар өткізілетін. Тіпті паразитология­дан Мәскеу ветеринария академиясында бірнеше маманды даярлаған едік. Олардың бәрі қалды.

Ал инвазиялық аурулардан қан­шама мал қырылып жатыр. Басында Ақмола өңірлік (аумақтық) филиалын «РВЗ» РМК құрамына қосып, одан кейін Астана қалалық филиалы қылып жеке бөліп, Премьер-министрдің атына жолданған хаттан кейін ғана Астана филиалы «РВЗ» РМК Орталық филиалы атауына айналған еді. Енді, міне, басшылар ауысып, «оптимизация» жүргіземіз деген сылтаумен Орталық филиалды жауып, Ақмола облыстық филиалының қарамағына бекітіп, қалалық зертхананың деңгейіне түсіріп, осы филиалдағы паразитология бөлімінің жұмысын тоқтатып тастады. Негізгі себебі инвазиялық ауруларға мемлекеттік тапсырыс болмағандықтан, сынамалар аз келіп, зертханаға ақша аз түскені үшін. Бір жас маманды паразитолог ретінде бекіткен, бірақ ол біреуді үйретпек түгілі, зерттеу жұмыстарын өзі де білмейтін бо­лып шықты. Ал ондайларды Қазақ­стан бойынша паразитарлық аурулардың эпизоотологиялық жағдайы алаңдататын емес. Был­тырғы жылдың тамыз айынан бас­тап Ақмола өңірлік филиалына ауыстырды, аты өзгергенімен заты баяғы қалпы. Дәлелсіз осындай аяқ­асты жасалатын шешімдерге тыйы­м бола ма, әлде біз әлсіздігімізді мо­йын­дап, қарап отыруымыз керек пе? Әділ шешімі Ақмола өңір­лік (аумақтық) филиалын Рес­пуб­­ликалық ветеринариялық зерт­­хананың құрамына қосу керек. Се­бебі зерттеу жұмыстарын жүргі­зетін мамандар филиалда қызмет атқарады.

Үшіншіден, келесі сұрақтың бірі инвазиялық ауруларға қатыс­ты. Дүние жүзінде адамға зиян­ды жүз жетпістен артық паразит түр­лері тіркелген. Малдың 75–80%-ы жекеменшікте екені белгілі және елдегі мал өніміне деген сұранысты осы сектор ат­қаратындығы айдан анық. Осыны біле тұра еліміздің бар­лық облысында жануарлар және балықтар арасында жыл сайын тіркеліп жатқан адамдарға жұғатын паразитарлық аурулар­дың (эхинококкоз, альвеококкоз, бовистік цистицеркоз, целлюлозды цистицеркоз, трихинеллез, токсокароз, мысықтың токсоплазмозы, фасциолез, опис­торхоз, меторхоз, анизакидоз) және тоғышар қарапайымдылар ішінен (пироплазмоз, бабезиоз, тейлериоз, нутталлиоз, анаплазмоз, трипаносомоз-киеңкі, су-ауру және басқалары) біреуіне қатыс­ты мемлекеттік тапсырыс іс-шаралары санатына енгізілмеген. Сол себепті зертханаларға инва­зия­­лық ауруларға сынамалар түс­пегендіктен, паразитолог мамандар керексіз болып қалып отыр. Адамдарды және жануарларды өте қауіпті инвазиялық ауру­лардан сақ­тау үшін кемінде 5–6 ауруды мем­лекеттік тапсырысқа қосу керек.

Төртіншіден, мемлекет қара­­жатына салын­ған біртиптік модульдік аудандық 115 екіқабат­ты зертханаларда (штаты небәрі 5 маманнан құралған) виварийлер (тәжірибелерді кішігірім жа­нуарларда өткізетін орын) жос­парланбаған. Тәжірибелі маман­дар саны жеткіліксіз. Тек қана мемлекеттік тапсырысқа жататын серологиялық зерттеулермен шектелген, ал зертхананың басқа ауруларға тексеруге мүмкіндігі бар болса да, мамандардың жоқтығына байланысты атқарылмай, барлы­ғын облыс орталығына жүктеген. Сондықтан аудандық зертханаларда бактериолог және паразитолог мамандарын қосуды талап етеміз.

Бесіншіден, бұралқы иттер мен мысық­тардың көптігі сондай, ветеринария саласын­дағы мамандарға өте қиын соғып тұр. Қорада­ғы малдарға шауып, қаншама адамдарды жарақаттап, тіпті өлтіріп тастаған кездері де болды. Ал сол иттер мен мысықтар адамдар мен жан-жануарларға өте қауіпті эхинококкоз, альвеококкоз, токсокароз, мультицептоз, токсоплазмоз, т.б. ауру түрлерін таратып жат­қанын біле бермейміз. Кез келген бұралқы итті өлтірілгеннен кейін ішін жарып, ішкі ағзаларын зерттегенде, жоғарыда көрсетілген ауру қоздырғыштарымен 80–90% залалданғаны анықталған. Біз болсақ ауру иттерді жоюдың орнына, ит қоралар салып, мемлекеттің қаржысына тамақтандырып, бор­дақылап жатырмыз. Жан-жа­нуарлардың құқығын қорғайтын түрлі қоғамдық ұйымдарға жаман көрініп қалмайық деген оймен осындай «керемет» заңды біздің депутаттар жақтаған еді. Егер адамдар және жануарлар арасында жұқпалы аурулар одан сайын өсіп кетпесін десек, жаңарған заң шығаруға тиіс. Алдын алу шараларын қолға алмасақ, эпизоото­ло­гиялық жағдайды өршітіп аламыз.

Алтыншыдан, көптеген елді мекенде беттері ашық шұң­қырларда мал өлекселе­рінің шашылып жатқанын көресің, ол жерлерде қаңғыбас иттер, дала етқоректілері мен құзғын құстар толып жүреді де, неше түрлі инфекциялық және инвазиялық ауруларды таратады. Бруцеллез, туберкулез, т.б. жұқпалы ауруларды жоямыз дегелі қаншама жыл өтті, әртүрлі аурулардың жылдан-жылға қосылып, орасан зор шығын әкеліп жатқанын білсек қой.

Сондықтан малы бар әр ауылда жұқпалы ауруларды таратпаудың амалы – өлген жануардың өлексесін залалсыздайтын терең (Беккари шұңқырын) биотермиялық апан­дарды салу және одан әрі талап­тарға сәйкес ұстау үшін қара­жат бөлу, оның құрылысы мен сапасын үнемі тексеру Вете­ри­нариялық бақылау және қада­ғалау комитетінің құзырында болу керек. Беккари шұңқыры жануарлардың өлекселерін жоятын арнаулы құ­рылым көктемде су кірмейтіндей биік жерде болуы керек. Тереңдігі 10 метр ені 3 метр қызыл кірпіштен немесе бетоннан салынады. Темір қақпағы құлыпталған, үсті жауын-шашыннан қорғалған болады. Мал дәрігері өлексені жарып тексеру үшін, темір қаңылтырдан жасалған үстел орнатылады. Биотермиялық апанның сырты биіктігі екі метр болатын темір тормен қоршалып, есігіне құлып салынады.

Жетіншіден, орталықтандыру мақсатында облыстардағы вете­ри­нариялық зертханалардың есепшоттары жабылып, «бухгал­терия» «Республикалық вете­ринариялық зертхана» РМК-ға шоғырландырылды. Ауыл ша­руа­шылығы малдары ауырып қалса, мемлекеттік тапсырыстан басқа ауруларды анықтау мақсатында «РВЗ» РМК-ға мәлімдеме жазылып, зерттеуге қажетті заттар (ИФТ-иммунды ферменттік талдауға арналған жиынтық) кел­генше «ауру» тосып отырмайды ғой. Кей жағдайда «бұл аурулар мемлекеттік тапсырыстың тізімінде жоқ» деген сылтаумен мал иелерінің әкелген сынамалары көбінесе зерттелмей, кейін қайтарылады. Зертханада жұмыс істеп жүрген кезімде осындай келеңсіз жағдайларды жиі көруші едім. Сондықтан зертханаға жіберілген сынамалар тексеруден өткізіліп, зерттеу нәтижелері белгіленген уақытта берілуге тиіс.

Сегізіншіден, Каспийдегі ит­балықтардың (тюлень) және балықтардың адамдарға қауіп­ті анизакидозбен залалдану дең­гейінің өсуі алаңдатады. Тек­се­рілген балықтардың құрсақ қуысында, ішкі ағзаларында және бұлшық еттерінде адамдарға қа­уіпті бес гельминттің түрі табыл­ды: Anisakis, Сontraсаecum, Porrocecum, Eustrongylides және Opisthorchis. Балықтардың кей­бір түрінде инвазияның экс­тенсивтілігі 75%-ға жеткен.

Сондықтан Каспийдегі ба­лық­­­тар фаунасын сақтап қалу үшін, Халықаралық деңгейде келісімшарттар жүргізе отырып, жо­ғарыда аталған аурулардың ақтық иесі итбалықтарды дегельминтизациядан өткізуіміз керек.

Қорыта айтқанда, жоғарыда айтылған мәселе­лерге мемлекеттік деңгейде шаралар қабылдан­баса, инфекциялық-инвазиялық ауру­ларға жол ашып, қиын жағ­дай­ларға тап болатынымыз анық.

 

Сәдібек ТОҚПАН,

паразитолог, ветеринария ғылымдарының кандидаты