Мирас • 19 Ақпан, 2024

Жылқыдан неге жырақтап барамыз?

988 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Бәлкім, біз қателесіп те отырған шығармыз. Мұны оқып бастаған адам «пәлі, жылқы мінбей не көрініпті, біздің елде мұндайлар баршылық» деп қарсы уәж айтуы бек мүмкін ғой. Оған қарсы жауап та айтпаймыз. Бірақ кешегі мен бүгінгіні салыстырып көрдік.
Ат үстінде өмір сүрген ата-баба салты белгілі. Оны қозғамаймыз. Әрі кетсек 20-30 жыл төңірегіндегі уақытты қаузап көрсек. Бір буын алмасар мұндай кезеңді ширек ғасыр деуші еді. Сол ширек ғасырда атқа мінген ағалар азайып, бала біткен оны сирек көретін жағдайға жетті.

Жылқыдан неге жырақтап барамыз?

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

 Малды мәшинемен бағу

Мақала осы жайлы болатын. Атқа міну дәстүрінен алшақ кеткен біздің халықтың бұған сылтауы не? Жылқы жоқ емес қой. Саралап көрелік.

Атакәсіптен ажырамаған бұ­рын­ғылардың ізін қуған қа­зір­гі буын, шүкір, мал басын кө­бей­­туге құштар. Бірақ кейбір оқы­ғандардың пікірінше, қазіргі қазақтың мал бағудан қыры кеткен. Мал бақпақ түгілі атқа отыратын қазақты да сирек көресіз. Осылай дейді. Кей-кей жерін м­ойын­дағанмен, төрт түлікті кө­бейтіп, ата дәстүрден қол үз­беуге тырысып баққандар бар.

Бір көрген жайт бар. Осыдан көп жыл бұрын ауылдағы қазақтың үйінде бір-бір жылқы тұратын. Байлауда тұрған мұны мініс ат дейтінбіз. Осымен сыртта жайылатын малын қарайтын. Түгелдейтін, қажетін ауылға айдап әкеліп, со­йысқа жарататын.

Қазір мүлде басқа. Атқа мініп, мал қайыру тұрмақ, қой кезектің өзін көлікпен бағатындар бар. Жылқыны қарауға да машина не мотоцикл жақсы болып тұр. Жеңілі осы дейді малшы қауымның өзі де. Айылын тартып, атқа мінгеннен, әп-сәтте «желдіртіп» өте шығар техниканы тәуір көреді ғой. Бұл да дұрыс шығар.

Атқа мінудің пайдасын бұрын­ғылар әбден білген бе?! Қарлы бо­ранда адасып, ат үстінде қал­ған адамның тоңбау сыры жайлы оқығаным бар. Өйткені жыл­қының қалыпты температурасы адамның дене қызуынан бір жарым градусқа жоғары болатынға ұқсайды. Иә, жылқының сыртқы температурасы адамның суыққа ұрынбауына кепіл.

Ал енді терлегендегі исі мен ертоқымының өзінде улы жылан мен жәндіктің жоламайтынын көзіқарақты оқырман білер. Одан бөлек, жылқы сүтінде ағзаға керек дәрумендер көп. Әрі олар өте күшті болып келеді. Өкпе ауруын жазатын қымыздың асқазан-ішек жолдары, бауыр мен өт қызметіне пайдасы орасан. Тері аурулары мен жүйке жүйесін тыныштандыратын қасиеті бар. Ол жайлы келесі тақырыпқа үңіліп көріңіз.

 

Жылқы мінгенге ауру жоламайды

Ветеринария ғылымдарының кандидаты, Қазақ ғылыми зерттеу ветеринария институтының аға ғылыми қызметкері Дәулет Ибра­гимовпен пікірлескенімде мынадай дерек айтқан.

– Қайбір жылы пандемия бас­талып ауру қозып, барлығы саумал іздеп кетті. Дәрі ретінде іздеді мұны. Кез келген адам ауырғанда иммунитет қоры түгесіледі. Негізі бұл саумал дегеніміз бірден ауру­мен күреспейді. Тек біздің им­мундық қорымызды көбейтеді. Дұ­рыс түсіндірдім бе, егер сіз ауыр­­ған жағдайда саумал не қымыз ішкен кезде сіздегі жетіспейтін дәруменді толықтырады. Сол кезде сіздің ағзаңыз еш дәрі-дәрмектің көмегінсіз, ұдайы аурумен өзі күресе береді. Жылқы сүтінің бо­йын­да 28 түрлі дәрумен бар екен. Саумал мен қымыздың, шұбат, жалпы, ағарғанның құдіреттілігі осында, – деп ақтарылды ғылым кандидаты.

Осы Дәулет аға қаланың қақ ортасында бие ұстап, саумал мен қымызды қатар ішіп отырған қазақ. Әңгіме әрі қарай жалғасқан. Жылқы жайын бір адамдай білетін кейіпкеріміз «әр қазақ атқа мініп жүрсе» деп те армандайды.

– Үйдегі биелерден бөлек, сыртта бәйге аттарым да бар. Сенсең, бәйге кезінде соған отырғызатын бала таппаймыз. Атқа отырып дағдыланбаған. Бала­ны не деп кінәлаймыз, үлкен­деріміздің өзі атқа отырудан қалған. Темір көлік көбейгелі жылқы жануары шеттеп қала берді ғой. Жоқ емес, біздің облыста да оны көбейтіп отырған жігіттер жетерлік. Бірақ мініске пайдаланбаймыз. Ұдайы далада. Бірен-саран көкпар мен бәйгені әуес қылғандар болмаса, мал шаруашылығымен айна­лысатынның біразы малын машина не мотоциклмен қарайды. Солай. Көлікпен түгелдеп, сай мен жыраның арасын сүзіп жүргені. Заманға бейімделу шығар, бірақ атқа отырған әр қазақта рух пайда болады. Екіншіден, ат үстінде барлық дене мүшең қозғалып, қан айналымы жақсарады. Ден­сау­лыққа пайдасын мінгенде бай­қайсың, – дейді ол.

Ғалымның айтуынша, атқа міну – кәдімгі массаж. Қан айналымы жақсарып, жүрек ауруларына жол бермейді. Тұз жи­нал­майды, өйткені ат үстінде адам түрлі тербелісте, барлық буын қозғалыста болары анық. Ғылымда жылқымен емдейтін тәсіл бар. Иппотерапия деп аталады. Жұлынға зақым келіп, бас­тан жарақат алғандар, мінез-құлық өзгеріске ұшырағандарға керек ем-дом. Дұрысы, жүйке ауруларын қалыпқа келтіруде жылқының жөні бөлек. Әсіресе туабітті тірек қозғалысы қиындық тудырған кішкентайларды ат үстінде емдеу жақсы нәтиже беріп жүргенге ұқсайды. Бабалардың ат үстінде шымыр болатынын ежелден болжап кеткенін осыдан-ақ біле беріңіз.

– Простатит, геморрой сияқты аурумен бұрынғылар ауырды ма? Жоқ. Өйткені ат үстінде желіс не шабыс тақымға ұдайы мас­саж жасайды. Меніңше, балаларды виртуалды әлемнен, мына ұялы телефондағы ойындардан алшақтатуды өзіміз бас­тау керекпіз. Атқа мініп, үлгі көрсетсек, балаң да соның айналасында болары анық. Жер-жерде атқа мінгізетін орындар, шағын ипподромдар болса ғой. Өзі қазақ болса, ол адам атқа қызықпай тұрмас. Онсыз да түрлі ойын-сауық орталықтарына баласын сүй­реп жүргендер көп қой. Атқа мінуге неге апармасқа? – дейді Д.Ибрагимов.       

 

Жеу үшін ғана...

Осы тақырыппен кей-кейде ел­дегі ағайынмен пікірлесіп қа­ла­мыз. Бәрі де «атқа мінудің» артықшылығын жыр етеді.

– Бұл жөнінде менің ауылға өкпем бар, – дейді Жантөре Әбдірейімов. – Сен айтқандай жылқысы барлар қазір атқа мін­бейді. Сиыры бар сиыр сау­майды. Мысалы, ауылдағы таны­сымның алты бұзауы енесін еміп жүр. Бірақ дүкеннің «Мое» сүтін ішеді. Бардың қадірін білмейміз. Бір жағынан, бұл ауылға жеткен интернеттің, асфальттің, бір-бір жеңіл көліктің нәтижесі. Өрістегі малды қарау керек болса, жыл­қыдан бұрын зуылдап тұр­ған машина бар. Расы сол, жылқыны жеу үшін ұстайды. Оның тақымға сіңетін ащы терінің қасиетін, әсіресе белсіздікке ем екенін біл­мейді. Жылқының исі тыныс жолдарына шипа боларын, асау­ды бас білдіру балаға өжеттік, қайсарлық өз күшіне сенім артатынын түсінбейді. Ат арқасында жел бар екенін, оған мінген адам аруақтанып отыратынын, шап­қанда пырылдаған танауынан шыққан дыбыс шабыт беретінін ұмыттық. Ал саумалын, қымызын айтпай-ақ қояйын. Айта берсе көп. Жылқы қадірін білетін ауыл азаматтары азайып барады, – деп күрсінді әңгімелесуші ағамыз.

Бұл пікірде ащы шындық жатыр. Дұрыс. Барлық жағынан да, өзімізге байланысты. Сондай-ақ екінші ойлайтын жағы да бар. Ол – тұрмыстық кедергі. Бұрынғы қазақы жылқы мінгендердің ішінде жағдайы бар жігіттер шетелден асыл тұқымды аттың түрін әкеліп жүр. Жергілікті жылқы мініске жарағанмен бәйгеге шаппай тұр. Делебе қоздырар тұлпарлар тым сирек болғаннан да шығар, атқа құмартып тұрғандар аз.

Ал өзіміздікін тек сойысқа қана ұстайды. Тағы бір айта кете­тін нәрсе, қолға ат ұстап, мін­гісі кел­генмен оның жағдайын жа­саудың өзі қиындау. Үш жыл­қыны қорада ұстап көріңіз. Жем­шөптің бағасы аспандап тұр. Қып-қызыл пұл.

Қорыта айтқанда, құла қасқа мен күрең төбел болсын, теңбіл көк пен шұбар ат болсын, қай жыл­қының да пайдасы зорын тәп­тіштеп жатырмыз-ау. Бірақ айтуы­н айтқанмен іске асыру да бір ерлік. Жылқы жайын ұққандар жалына жармасуды да азайтпаса екен. Қуанарлығы, Қазақстанда кейінгі жылдары ат спорты жанданып келеді. Жер-жерде бәйге, көкпар. Жүлдесі де қомақты. Тіпті кейінгі жылдары бірнеше мың ша­қырымға ат айдап жүрміз. Мұн­дайда анық «бәрекелді» дейсіз. Расымен, атқа міну де, мінгізу де бізге ғана жарасады емес пе?

 

Босбелбеу қайдан шығады?

Мақаланы қорыта отырып, мына бір жайт еске түскені. Жо­ғарыда айтқандай, ауылдағы ұлдың атқа мінбек түгілі, айналып жүруге қорқады. Оған себеп те жоқ емес. Әуелден өзіміз жылқыны жүгендеуге құмартпаған соң бала шіркінге не деп кінә артарсың? Бұл да соған ұқсас оқиға еді...

Бар даудың басы былай бас­талған. Ауылда едім. Туыс әрі ең жақын ағамен әңгімелесіп отырмыз.

‒ Қанша?

‒ Былтыр үш мың еді, биыл бес мың бермесең бақпайды.

‒ Сонда әр айда бір келетін қой кезекке ақша беріп баққызасыңдар ма?

‒ Енді қайтпекпіз? Мен сыртта жұмыста, жеңшең де мектепте.

‒ Анау соқталдай екеуі ше? ‒ де­дім арасы бір-екі жас қос ұлын көз­бен көрсетіп.

‒ Ойбай, ен далада бірдеңеге ұшы­рап қалар. Жеңгең де уайымшыл. Ит-құс әурелеп…

Шырт еттім сөзіне. Бірі жеті, бірі бесіншіні бітірген екі баласын сонша өбектегені қай сасқаны мұның?

‒ Ей, екеуің кел бері, ‒ дедім. Шыны керек, ызам келген. Ағам үндемейді. Үлкен ұл ыржыңдай келіп, қасыма сылқ етіп отыра кет­ті. Кішісі қаймыға қарайды. Жа­қындамай жүр айналшықтап.

‒ Неге айына бір келетін қой кезекті өздерің бақпайсыңдар? – дедім даусымды жұмсартып.

‒ Бағар едік, аға! Бірақ… Кө­зінің астымен әкесіне қарады.

‒ Иә, неге?

‒ Мамам баққызбайды.

Күліп жібердім. Бар бәле жең­гемде екен. Шешесі баланы жау алатындай қапылтса, нәті жуас ағам одан қалай ассын? Қой кезек­тің қызығын бүгін көрмеген екі туыс ініме не дерімді білмей отырып қалдым. Бұл кезде әкесі орнынан тұрып, қалта телефонын іздей бастаған.

‒ Қой, мен әлгінде айтқан ауылдағы екі-үш жігіт бар еді. Со­ларға хабарласайын. Ақшасына кім бақпайды? Ағам осылай дей берген. Үлкен ұл сөйледі.

‒ Папа, өзіміз-ақ бағамыз. Мына тұрған Шал көпір пен «Қара арыққа» жаяды екен. Сыныптағы ұлдар да қой бағып жүр ғой.

‒ Қойдан айырылып қалмайсың ба? Әкесінің сенімсіз сөзіне ұлы да қарсы жауабы дайын екен.

‒ Жоға. Қойды қалай баға­тынын достарымнан сұрап алған­мын. Қызық деп айтты. Қармақ ала барсаң, тіпті…

Ұлдың сөзіне ағам да риза болып қалды.

‒ Ойбай-ау, бұларды мен әлі бала көріп жүрсем…

Сол күні кеше екі ұл бар ынтасымен қой кезекке дайындалды. Ішер суын құйып, жұмыртқа мен картошканы қазанға қайната астырып алды. Оны да қой кезекке шығып үлгерген қатарластарынан естіген. Күнқағар кепкісін, жеңі ұзын көйлегін де кию керек еке­нін бір-біріне ескертті. Аяғына был­тырғы спорттық аяқкиімін де ұмытпады.

Айтпақшы, жеңгем біраз тула­ған. Құдай біледі, мені іш­тей сыбап үлгерген шығар. Бірақ алға­нынан қайтпайтын қайны­сының мінезінен жас күнінен ха­бардар, ештеңе айтпайды. Есесіне түн баласы ағамның миын жегені анық.

Таңертең қос ұл үш жүзге жетпес ұсақ жандықты айдап бара жат­ты. Жып-жылы көрініс еді. Ал кешке ше?

Бүкіл қой-ешкіні түп-түгел алдына салған қос ініме қой күтіп алушылар алғыс жаудырыпты. Бұлар да өздерін үлкен кісіше сезін­гені көрініп тұр. Кіші ұл, тіпті бар шаруаны өзі бітіргендей әке-ше­шесіне мақтанышын төкті-ау. Тек ағамның маған айтпай, жеңгейдің тапсырмасымен екеуін сыртынан шолып қайтқаны болмаса, бәрі дұрыс еді.

‒ Бәрекелді! – дедім екеуінің арқасын қағып. – Сендер азамат болды дегенді қарасаңшы. Айтпақшы, туыстардың үйінде бо­латын тойда қолға су құйып жүр­сіңдер ме?

‒ Әлдеқашан ғой, аға, үйрен­геніміз. Кіші ұл тағы мақтанышпен жауап берді.

‒ Жарайсың. Ендігі келгенде қой союды үйретемін.

Біздің бір уақ әңгімемізге әке-шешесі риза кейіппен қарайды. Әсіресе жеңгемде кешегі қарқын жоқ. Мәз-мейрам.

‒ Қайным, тағы бір шай дайындап жіберейінші.

‒ Мейлі, бірақ сендерден өтініш, баланы бұлай үйде ұста­май-ақ қойсаңдаршы. Бос, қолы­нан дым келмес болады ғой.

Екеуі де үндемеді. Екеуінің де ке­ліскені көздерінен көрінген.

Иә, кейінгі жылдары жиі бай­қаймын. Ауыл арасында да бір-біріне қолғабыс беру, бала жұмсау азайған. Есесіне тым еркелету көп. Сенсеңіз, ауылға мектепке барар кіш­кентай ұл мен қыз қалтасына екі жүз теңге салмасаң, асаудай ту­лайды. Сондағысы – асханадан тәтті-мәтті алу.

Ағайын арасына сіңдіріп, ше­жіре мен тарих ұғындырып, ба­лаға ауылындағы жер-су атын жасынан жаттатса деген тілек қой біздікі.

Айтпақшы, Қазақстандағы шұрқыраған қылқұйрық санын нақты көрсете кетуді жөн көрдік. Қараңыз. Ауыл шаруашылығы министр­лігінің мәліметінше, был­тырғы есеп бойынша 4 млн басқа жуық жылқы тіркелген. Бұл 2022 жылға қарағанда 8,3 пайызға артық. Сол уақытта елде 3,8 млн бас­­тан аса жылқы болған. Бір жақ­сысы, Қамбар ата түлігінің жыл­ма-жыл өсу қарқыны қуантып тұр.