Технология • 19 Ақпан, 2024

Дәрі таситын дрон

175 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алыс ауылдардағы, қаладағы мұқтаждарға, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарға дәрі-дәрмекті енді дрон тасымақ. Оның ерекшелігі жедел жеткізетінінде болып тұр. Мұндай жағдайға ғылымның жаңалығы, отандық ғалымдарымыздың жетістігі жеткізбек.

Дәрі таситын дрон

Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлт­тық зерттеу университетінің зерттеушілері мүмкіндігі шектеулі жандарға дәрі-дәрмекті жылдам жеткізу үшін гексакоптер жасап шығарды. Аз қабатты үйлер мен алыс ауылдарға дәрі-дәрмек жеткізуге арналған ұшқыш­сыз ұшатын аппарат аталған уни­вер­ситеттің «Электротехника, тел­ком­муникациялар және ғарыштық технологиялар» кафедрасында құрастырылды.

Жоба жетекшісі, аталған жо­ғары оқу орнының қауымдасқан про­фессоры Абдумежит Дараев­тың айтуынша, магистранттар мен студенттер тобы қажет жағдай­да дәрігерлердің жылдам көмек көрсетуіне септесетін, қолайсыз ауа райында да жол талғамай, жедел медициналық көмек көрсете алатын құрылғы жасауды өздеріне мақсат етіп қойған.

– Біз шалғай, қатынауға қиын соғатын жерлерге дәрі-дәрмекті жеткізетін ұшқышсыз ұшу аппа­раттарын жасауға қажетті грант ұтып алдық. Осы жобаны іске асыруға университетімізде оқи­­тын бакалавриаттар мен магис­трант­тар атсалысып жатыр. Бұл ғылыми жұмыспен жарты жылдай жұмыс істеп келеміз. Қазіргі уақытта ұшақсыз ұшу аппараты қолданысқа дайын десе болады. Құрылғыны университет аумағында сынақтан өткізіп те үлгердік. Нәтижесінде, екі патент алдық. Енді бір айдан соң түрлі алаңдарда сынап көрмекпіз. Біз­­дің біліміміз еліміздің дамуына жа­ра­са дейміз. Сондықтан алдағы уақыт­та аппаратты күнделікті өмір­де қолдануға енгізуге еңбектеніп жа­тырмыз, – дейді ғылыми жоба жетекшісі А.Дараев.

Ал жоба зерттеушілерінің сө­зіне қарағанда, құрылғыны дәрі-дәр­мек тасуға қолдану жет­кізу уақы­тын қысқартады, бұл өз ке­зе­­гінде ел азаматтарының ың­­ғай­­лы өмір сүруіне, сол арқы­лы өмір сапасын жақсартуға жәр­дем­деседі. Әлемде мұндай ап­па­рат­тарды мұқтаж жандарға меди­­ци­на­лық көмек көрсетуде ке­ңінен қол­данады. Дәрі-дәрмекті жет­кізу үшін ұшқышсыз ұшу аппа­рат­тарын пайдалану жеткізу уақы­тын қысқартып қана қоймай, қо­сымша жеткізуші адамның қыз­метіне және көлікке шығын шы­ғармауға мүмкіндік береді. Ұш­қышсыз ұшу аппараттарының маневрлік және дәл ұшу қабілеті өте жоғары, сондықтан мұндай құрылғылар дәрі-дәрмекті ең қиын жерлерге де жеткізе алады. Тек дәрі-дәрмек жеткізу қауіпсіздігін қам­тамасыз ету үшін құрылғының жүк көтергіш қабілеті де шектеулі бо­латынын естен шығармаған абзал.