Пікір • 19 Ақпан, 2024

Бақуатты мемлекет

138 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қатар-қатар бой түзеген зәулім ғимарат­тар­ды көргенде Қатар мемлекетін, сірә бір жердегі жұмақ мекен бе деп қаларыңыз анық. Расында, осы бір «жасанды жұмақта» былтырдың өзінде екі рет болған екенмін...

Бақуатты мемлекет

Бағзы тарихында Бахрейн, Португалия, Осман империясы басып алған, кейін Англия­ның қол астындағы протектарат ел болған деседі. Тек 1971 жылдың 1 қыркүйегінде Қатар тәуел­сіз мемлекет болып жарияланған. «Елу жылда ел жаңа» дегендей осы уақыт ішін­де бұл ел танымастай кейіпке енді. Мұнда бәрі адам үшін жасалған. Персия бұғазында ор­на­ласқан бұл мемлекеттің табиғаты да тамаша. Азынаған қыс атымен жоқ. Астанасы Доха қаласының дамыған архитектурасына аузыңызды ашып таңданбасқа шараңыз жоқ. Қымбат мәрмәр тастармен көмкерілген керемет сауда, демалыс орындары. Мұнда әлемнің барлық бренд дүкендері жұмыс істеп тұр. Көшелері тап-таза. Тәртіп бұзушылар жоқ, бірақ сақшылар жетерлік. Азық-түлік супермаркеттерінде құстың сүтінен басқаның бәрі бар деуге болады. Қонақүйлері де теңізге сұғына орналасқан. Жағажайларында қызмет көрсету деңгейі жоғары, өзіңді бейне-бір патшадай сезінесің. Ал сол жерде қызмет жасап жүргендер Үндістан, Пәкістан, Иран және басқа да Азия мен Африка мемлекеттерінен келген жалданушылар, бірақ бәрі ағылшынша сөйлейді. Бір таңғалғаным барлық жерде кондиционер істейді, тіпті бір ғимараттан көше кесіп басқасына бармақшы болсаң да ашық аспан астындағы тротуарлардан салқын жел соғып тұрады. Неткен жайлылық десеңші?..

Қатарға келген әр турист мұндағы екі музейге кірмей кетпейді екен. Онда елдің жүз­деген жылдық тарихы көрсетіледі, бәрінде инно­вациялық көрсетілім бар. Ал мен Астана­дағы музейге барғанда Қазақ елінің тарихы тек кеңес дәуірі мен өткен отыз жылдық уақыт сияқты болып көрінетіні бар...

Қатардың негізгі байлығы – мұнай (табиғи қоры – 778 млн тонна). Елдегі ұлттық табыстың 90%-ын мұнай өнеркәсібі береді. Мұнайдан басқа табиғи газ өндіріледі, балық ауланады. Тұр­ғындардың 35%-ы – өнеркәсіпте, 3%-ы – ауыл шаруашылығында, 60%-ы қызмет көр­сету салаларында еңбек етеді. Жерінің 1%-ы ғана ауыл шаруашылығына пайдаланылады екен. Мұнай салалары бойынша жетіспейтін жұмыс күшін сырттан әкеледі (айлықтары 5–6 мың доллар).

Менің байқағаным, бұл мемлекетте ұлттық идеологияның басымдығы. Қатарда 3,5 млн халық тұрады, оның ішінде ерлер – 2,6 млн, әйелдер – 832 мың. Білім деңгейі – 98%, қатар ұлты, яғни қатарлық арабтар саны – 250 мың адам, олар 12 пайызды құрайды, қалғандары – иммигранттар. Соған қарамастан, ұлттық идео­логиясы мығым. Қатарлықтарға басқалары сыйластықпен қарайды, өйткені билік мемлекет құраушы ұлтқа көптеген жеңілдіктер берген. Келешек ұрпақтың тәрбиесі олар үшін өте маңызды. Бір ғана мысал, сырттан келетін инвестор өндіріс немесе мекеме ашқанда мін­дет­ті түрде қатарлықты қызметке алуға тиіс.

­Қазақстан мен Қатар арасында диплома­тия­лық қатынас 1992 жылы орнады. 1998 жылы 23 мамырда екі ел басшылары бизнес өкілдерінің қатысуымен келіссөз жүргізді. Бірақ сауда-экономикалық байланыстарды ауыз толтырып айта алмайсың, ол 2018 жылы бар болғаны 429 мың долларды (экспорт – 194,9 мың, импорт – 234 мың) құрады.

Міне, осы олқылықтар соңғы жылдары екіжақты қарым-қатынастың жақсаруы аясында басқаша сипат алуда. Жақында Қазақстан Пре­зиденті Қ.Тоқаев Қатар мемлекетінде болып, құны 17,6 млрд доллар келісім­дер­ге қол қойылды. Келешекте екі ел арасын­дағы сауда-саттық жарты миллиард долларға жет­кізілмек. Ал бұл көрсеткіш 2023 жылы 9,6 мил­лион долларды құрағанын ескерсек, мұның үлкен меже екенін түсінеміз.

Осы келісімдердің ішінде менің көңілімнен шыққаны – отандық мамандардың Қатар елінде еңбек ету мүмкіндігі. Мен Дохада болғанда мейрамхана қызметінде бір өзбек жігітін көрдім, супермаркетте қырғыздың келіншегі тәп-тәуір қызметте екен, қонақүйлердің анық­тама бөлімінде орыс қыздар көп. Бәрі ағыл­шын­ша сөйлей біледі. Біздің қазақ жігіт­тері мен қыздары мұнай мен қаржы саласында баршылық. Бірақ көпшілік жерде, қызмет көрсету саласында бір қазақты көрмедім. Сонда есіме түскені, сонау жылдары білім сала­сындағы үштілділікке қарсы болып, тек қазақ тілі деп айқасқанымыз, оның алдыңғы ше­бінде кітаптары оқылмай қалады деп қорық­қан ақын-жазушыларымыз жүрді. Келе­ше­гі­міз­ді біржақты ойлаған сияқтымыз...

Жетпіс жыл интернационализм деп, кеңес адамын (советский человек) қалыптастыру сая­саты жүрді, одан кейінгі отыз жыл қазақ­стандық ұлт жасаймыз деп дүрліктік, бірақ тіліміз жыландікіндей екі айырылып, ирелең­деп қалдық. Қатардан үлгі алып, мемлекет құраушы ұлттың жағдайын жасап, қазақша сөйлеп, ағылшын тілін меңгеріп, елдің бірлігі мен экономиканың өсу жауапкершілігін қазаққа толық жүктегенде ғана көсегеміз көгереді деп ойлаймын.

 

Атамұрат Шәменов,

қоғам қайраткері