Фото: 7kun.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚҚС мөлшерлемесін көтеруден бас тартуды міндеттеген тапсырмасы жаңа шешімдерді, пайдаланып үлгермеген мүмкіндіктеріміздің көзін іздеуге мәжбүрлейді. Ауадан ақша жасау мүмкін емес. Ал бюджетке қаржы керек...
Салықтық әкімшілендіру және жеңілдіктерді қайта қарау жаңа түсімдерді іздеудің негізгі көзі болмақ. Бұл ретте таңдау айрығында тұрғанымызды бәріміз түсінуіміз керек. ҚҚС-ның мөлшерлемесін қайта көтеріп, бұрынғы жүйеге қайта ораламыз не болмаса түрлі преференцияларды жоя отырып, салықтық реформаның негізін қалаймыз.
Бірақ біз соңғысын таңдадық. Президент ҚҚС-ны бұрынғы қалпында қалдыру арқылы кәсіпкерлердің мүддесін қорғап шықты. Енді бұл шешім бізге қандай өзгерістер алып келетінін талқылап көрейік. Бізде ҚҚС-дағы жеңілдіктер негізінен тауарларды импорттау және өзара есепке алу кезінде қолданылады. Бұл шешім бізге үнемі табыс әкелетін жеңілдік емес, ҚҚС-ны кейінге қалдырумен ғана шектелетінін түсінуіміз керек.
Мұндай жағдайда ҚҚС-ның формасы кейін өтелетін және болашақта төлемдерді азайтатындай етіп жасалған. Бұл бір реттік әсер береді, содан кейінгі әсер несиелік ҚҚС бойынша төлемдерді азайту арқылы бейтараптандырылады.
Банк секторында, бағалы қағаздар нарығында ҚҚС бойынша жеңілдіктер бар. Тек облигацияларға ғана салық салынды, ал өзге бағыттардағы жеңілдіктердің күші жойылды. Ноталардың да саны айтарлықтай қысқарды. Мұндай жағдайда банктерден түсетін кірісті арттыру мүмкін болмай қалды. ҚҚС мөлшерлемесі төмендеген сайын банк секторының табыстылығы да төмендейді. Ағымдағы шоттар бойынша сыйақы есептелген жоқ, бұл кәсіпорындар мен тұрғындардың қосымша табысы болмайды деген сөз.
Ашық цифрлық жүйені құру үшін бізге үш-төрт жыл және IT-ға жақсы инвестиция қажет. ШОБ-тың көптеген артықшылықтарға ие және негізгі проблемасы – бөлшектену. Өткен жылға дейін тексерулерге мораторий жарияланған болатын. Мораторийдің жойылуымен олар бөлшектенумен күресуге тырысатын сияқты, бірақ бұл өте қиын. Расында, ШОБ ірі бизнеске айнала алмады. Мораторийдің жойылуы бизнестегі біраз кемшіліктің бетін ашып берді. Бірақ ол кемшіліктермен күресу оңайға соғайын деп тұрған жоқ. Орталықтан шалғай аймақтарда бизнеске қатысты мәселенің бәрін жергілікті шенеуніктер шешеді, ал бізде салық органдарының өздерін бақылауға мүмкіндік жоқ. Бізге барынша айқын, барлығына түсінікті цифрлы жүйені енгізу қиынға түсейін деп тұр. Әзірше тәуекелдерді бағалауды ғана үйрендік. Тағы да қайталап айтайық, бізге қажет жүйені құру үшін IT индустриясына қаржы керек.
Сондай-ақ бізде алып тастау өте қиын болатын көптеген басқа артықшылықтар бар. Атап айтқанда, аграрлық сектордағы, қор биржасындағы, АХҚО, хабтардағы және тағы бірқатар жеңілдіктерді айтуға болады.
Табысты көбейту қиын болғандықтан, шығындарды азайту керек. Шығындарда да осындай проблема болады. Барлық шығыстар бюджеттік үдеріс, көптеген процедуралар мен бекітулерден өтті. Бұрынғы Үкімет айтқандай, «бюджеттік өтінімдер бірнеше есе көп». Қысқа мерзімде шығындарды тиімді, жүйелі және тиімді қысқарту өте қиын. Сонымен бірге бюджет шығыстары елдің кірісі болып табылады. Бұл – фискалдық серпін. Шығындарды азайту іскерлік белсенділікке әсер етеді және ІЖӨ-ні кемітеді. Сонда біз ІЖӨ-нің 6 немесе одан да көп пайыздық өсіміне қалай қол жеткізе аламыз? Сондай-ақ валютаның құнсыздануы арқылы бюджет кірістерін номиналды түрде арттыруға болады. Бұл бағытта резервтер бар. Теңге қазір бұрынғыдан да күшті және бұл қазір ең жылдам әрі тиімді шаралардың бірі болар. Инфляцияның бірден базалық мөлшерлемеге әсер ететінін, мұндай жағдайда халықтың табысы екінші орынға жылжып кететінін ұмытпайық. Себебі еңбек өнімділігі халықтың табысын арттыруға мүмкіндік береді. Бұл бағытта бізде сапалы бағдарлама жоқтың қасы.
Бізге экономикалық саясатты түбегейлі түрде қайта құру қажет. Мұны қоғамның жон арқасын қарып кететін ауыр шешімдерсіз орындап шығу мүмкін емес. Бізге үш-төрт жылдан кейін өз жауапкершілігімізге арналған міндеттерімізді орындалмаған күйде бағдарламалар қоқысына лақтырып тастағаннан гөрі ауыр реформаларды қазірден бастап кеткен дұрысырақ. Бүгін бастамасақ, келер жылы кеш болып қалуы да әбден мүмкін.
Үкіметтің экономикалық блогі ғана емес, макроэкономистеріміз де алдымызда не күтіп тұрғанын түйсіне алатын, қауіп қай тараптан төніп тұратынын сезе алатын бағдарламашы болуы керек. Қысқамерзімді өркендеудің алдағы жылдарға әсері аз екенін Венесуэла, Аргентина, Түркия, Эквадор, Зимбабве және басқа да бірқатар елдердің жүріп өткен тарихынан білеміз.
Ғалым ХҰСАЙЫНОВ,
қаржыгер
АЛМАТЫ